Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаевтың Ұлытау облысының тұрғындарымен және бизнес өкілдерімен кездесуі
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев, сондай-ақ Сауда Комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков халықпен, бизнес өкілдерімен кездесу үшін Ұлытау облысына келіп, бірқатар сауда нысандарын аралады.
Ұлытау облысы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2022 жылы құрылған. Облыс экономикасын негізгі үлесі түсті және сирек жер металдар өндіруге бағытталған өнеркәсіп айқындайды, бұл да оның әлеуметтік-экономикалық жай-күйі мен дамуының басты индикаторы болып табылады.
Министрлік өкілдері «Ұлы дала» көтерме-тарату орталығына барды. Нысан үш терминалдан тұрады: 11 вагонға дейін бакалея өнімдерін сақтауға арналған жарма, ұн, сондай-ақ шұжық өнімдері, ет пен балықты сақтауға арналған тоңазытқыш камералары бар екі терминал. Кәсіпкер жақын арада ет жартылай фабрикаттарын шығаратын цех ашып, есептік қуаты 10 мың тоннаға дейін өнім шығаратын көкөніс қоймасын іске қосуды жоспарлап отыр.
Бұдан әрі келесі баратын орын Жезқазған қаласындағы өндірістік қуаттылығы тәулігіне 20 тонна болатын «Ұлытау Нан» нан зауыты және «Samadi mart» гипермаркеті болды, онда тауарлардың кең ассортименті (азық-түлік өнімдерінің 50 000-нан астам позициясы) ұсынылған.
Халықпен кездесуде Қайрат Балықбаев Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын жүзеге асыру аясында Сауда және интеграция министрлігі жүргізіп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. ОА, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және ЕО елдерімен тауар айналымын ұлғайту, шикізаттық емес экспорт көлемін 46,5 млрд. долларға дейін жеткізу, 5 шекара маңы хабын құру және басқа да шаралар негізгі бағыттар болып табылады.
Кәсіпкер вице-министрге өңірде аккредиттелген азық-түлік зертханасын ашуды сұрады.
Қайрат Балықбаев 2018 жылға дейін Жезқазғанда «ҰлтССО» АҚ филиалы жұмыс істегенімен, кадрлардың жетіспеушілігінен жабылғанын хабарлады.
«Сонымен қатар, органдар мен зертханалар жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылады. Оларды құру үшін бизнес экономикалық тиімділікке және салынған қаражатты қайтаруға қарайды. Импорттық құрал-жабдықтарды, жалақы, коммуналдық қызметтерге шығындары және т.б. бойынша үлкен инвестициялар салу қажеттілігі бар. Бұл ретте, «ҰлтССО» АҚ ҚФ ақпараты бойынша кадрлық әлеуеті болған жағдайда АЖО мен зертханалар құру мүмкіндігін қарастырады. Бұл тек азық-түлік өнімдеріне ғана қатысты емес», — деді Қайрат Балықбаев.
«2022 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тобының бағасын ұстап тұру және оларды тұрақтандыру мақсатында Қарағанды облысы жанындағы тұрақтандыру қорынан ұн бөлінді. Алайда, ағымдағы жылы мұндай ұн облыстың тұрақтандыру қорынан маған бөлінбейді. Қайрат Такирұлы, мәселені шешуге көмек көрсете аласыз ба?» — деді вице-министрге шағын наубайхананың иесі Әсет Шәйкімбаев.
Қайрат Балықбаев Ұлытау облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес әлеуметтік ұн бар екенін атап өтті. Кәсіпкерлік субъектісі қалалық әкімдікке өтінім беруі қажет, ол өз кезегінде облыс әкімдігіне жолдайды.
«Қорытындысы бойынша әкімдік пен бизнес субъектісі арасында белгіленген төмен бағамен ішкі нарыққа әлеуметтік нан көлемін қамтамасыз ету бойынша меморандум жасалады», — деп жауап берді Сауда және интеграция вице-министрі.
Кездесу соңында Қайрат Балықбаев БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз