Сен болмасаң Теміртауда төр жетім

2002 жыл. Ақпан айы. Ұлы көшке жүк артып, табанымыз тұғырлы мекен Теміртауға тиген жыл. Келе сала 1-наурыздан бастап осында ашылғанына жыл тола қоймаған «Теміртау» атты қазақ газетіне қызметке қабылдандым. Редакция қаланың шығыс бөлігіндегі «Магнитка» жекеменшік тіс емханасының бір бөлмесіне орналасқан. Емхананың иесі «ҚР құрметті стоматологы», қаланың бас ақыны Қасым Ботанов екен. Қасым ағамен таныстығым осылай басталған. Арада оншақты күн өтер өтпестен Теміртау Мәдениет сарайында ақынның 60 жылдық мерейтойына арналған жыр кеші өтті. Теміртаудағы мен қатысқалы отырған алғашқы мәдени іс-шара, көңілім алып-ұшып, ерекше сезіммен келсем, үлкен залдың іші көрерменге лық толы, тіпті орын тимей түрегеп тұрғандар қаншама?! Сахна шымылдығы сырғып ашылып, шығармашылық кеш тасталып кетті. Көреременнің ақынға, оның өлеңдеріне, жалпы өнерге деген ыстық ықыласын сөзбен айтып жеткізу қиын, оның үстіне жатжұрттан Атажұртты аңсап кеткен мен үшін мынадай ортаға топ ете қалудың береген әсерін айтсаңызшы!


Қасым аға желпініп өлеңдерін оқыды да, «Жақында ғана біздің қаламызға Өзбекстаннан көшіп келген бір ақын келіншек бар, (атымды ұмытып қалды ғой деймін) мүмкін осы залда отырған да болар, сахна төріне шақырамын» демесі бар ма?! Сценарийда жоқ болсам да, ақын ағамның қалауымен мен де өлең оқып, ақжарма тілегімді жеткіздім…
Күндер зулап өтіп жатты. Қасым аға күн сайын редакцияның есігін ашып, «Қалайсыңдар, қазақтар, барсыңдар ма?» дейді. «Бармыз!» дейміз. «Бәрекелді, бар болыңдар, нар болыңдар!» деп хал-жағдайымызды біледі. Кейде жұмыстан қолымыз қалт ете қалғанда өзінің кабинетіне бас сұғамыз, ондайда «Төрлетіңдер» дейді. Кабинетінің төрінде домбырасы ілулі тұрады, жанында қабырғаға сүйеулі гитарасы бар, ал есік жақтағы оң қапталда пианино. Музыкалық аспаптардың бәрінде ойнайды, өлең оқып, ән де салады. «Теміртау» газетінің сүйінші данасы Қасым ағаның «Сүйінші» деген мына өлеңімен шыққан-ды.

Тебреніп Теміртаудың шартарабы,
Сүйінші! Сүйінші деп жар салады.
Ұсынды жамиғатқа үнқағазын,
Құрыштың құт мекені Арқадағы.

Елімнің тілін, ділін, ой толғамын,
Дәстүрін, дінін, салтын айтар бәрін.
Жаршының келуімен құттықтаймыз,
Қабыл ал жақсыменен жайсаңдарым.
Үні бұл қуғындалған ана тілдің,
Күйдірген саясатқа қанатын мың.
«Тілге кісен салуға болмайтұғын»,
Ақиқаттың заманы жаңа туды.

Қанша жыл бөгде тілді тасаладық,
Шөлдедік ана тілге, қаталадық.
«Парызың, сөйле кәне деп тұрғанда,
Үндемеу – қылмыс» деген аталарым.

Қару қып шешендердің мерген сөзін,
Айтпақпыз бұқараның тер мен шерін.
«Теміртау» — жаңа шыққан үнқағазы,
Күтеді сізден қолдау, елден сенім.

«Елім» деп атой салып аласұрған,
Арыстар бармысыңдыр Алашымда.
Отырмыз ұран тастап, үн қосыңдар,
Зәруміз жылы сөзге, жанашырға.

Жамиғат сіздерге айтар назымыз бар,
Тіл бар да рухани азығың бар.
Тілі бір, тілегі бір Отандастар,
«Теміртау» газетіне жазылыңдар!

Ара-тұра газет редакциясына қаланың байырғы тұрғыны, өнердің, тілдің жанашыры Смағұлдың Тілеубердісі келе қалады. Қасым аға екеуінің әңгімесінен бастапқыда қайсысы шыны, қайсысы әзілі екенін айыра алмаушы едім, бір-біріне деген азаматтық қарым-қатынастары, достық сыйластықтары мен үшін үлкен тәрбие мектебі болды.
-Айтайын дегенім, бағана, бұл біздің Қасым нағыз тісқаққан,-дейді Тілеукен аға қарқ-қарқ күліп.
-Қай тұрғыдан?-деймін мен де отқа май құйып.
— Оның айтары бар ма, бағана, тісіміз ауырып келе қалсақ, тісті бір қағады, онысымен тұрмай қалтамызды тағы қағады. Негізінде, тіс дәрігері дегенді қазақ тісқаққан демеуші ме еді?-деп сұрағыма сұрақпен жауап қайтарады.
-Әй, бөспе, сен бөсе берме,-деп әңгімеге араласады Қасым аға.
Қасым ағамның жанында жүрген сол кездер жан-дүниеме рухани азық болды, мен ақынның бойынан бірнеше адамгершілік қасиеттердің жиынтығын көрдім. Кейін, қадірмен ағаның 70 жылдық мерейтойын ұйымдастырып, өткіздім. Сосын Қарағандыдағы Гоголь атындағы кітапханаға барып, оқырмандармен кездесу кешін жүргіздім, сол кешке Серік Ақсұңқар, Қойлыбай Асанов, Серік Сағынтай сынды бірқатар ақындар бастаған жастар да қатысып, Қасым ағаның шығармашылығымен кеңірек танысты. Сонда мен халқымыздың «Сегіз қырлы, бір сырлы» дегеніне орай Қасым Ботановтың қырларына тоқталдым.
Бірінші қыры. Әрине, ол азаматтық, адамгершілік қыры, қазақ газетін қанатының астына алып, тіс емханасынан кең де жарық бір бөлмені ақысыз-пұлсыз беруінің өзі азаматтық емес пе?
Екінші қыры. Білікті маман, білімді дәрігер. Қазан мемлекеттік медицина институтының түлегі, жоғарғы оқу орынын 1966 жылы (мен туған жылы) тәмамдап, 1978 жылға дейін Татарстанда қызмет еткен. 1978 жылдың соңында Теміртауға көшіп келген, 1980-1982 жылдары Қарағанды медицина институтында хирургиялық стоматология кафедрасының ассисенті болды.
Өмір керек өндірлі елге, жерге,
Төзім керек сырқатқа емделерде.
Сенім керек шынайы махаббатқа,
Сезім керек сұлуға кем дегенде!-депті «Дәрігерлік кеңесінде».
Үшінші қыры. Жомарттығы, үнемі қаламызда өткен мәдени іс-шараларға демеушілік жасағаны деймін. Біз талай рет қала кітапханаларында мектеп оқушылары арасында түрлі мүшәйралар ұйымдастырып, әдеби кештер өткіздік. Сонда демеуші болып, балаларды сыйлықсыз қалдырмайтын.
Төртінші қыры. Алланың берген сыйы – ақындығы. Әкесі Ертай ат баптап, құс ұстаған, ауылдағы той-думанның бел ортасында жүрген сері кісі болған екен. Қасым ағаның әр жылдары жарық көрген «Нұр жаусын», «Жанама жалған», «Аяулы менің аңызым», «Жиһангер жұлдыз», «Құс жолы» деген жыр жинақтары бар.
Айтпақшы, бұған қоса айтыскерлігі өз алдына бір төбе, аймақта айтыс өнерін қайта жандандырған сонау сексенінші жылдардың соңына қарай «Қыз бен жігіт» айтысының көшін бастаған да осы Қасым Ботанов. Қарағандының ару ақыны Айгүл Түспбековамен айтысын теміртаулықтар әлі күнге дейін жыр ғып айтады.
Бесінші қыры. Аудармашылық қыры, Қасым аға өлеңдерді қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударады. Мысалы, А.Пушкиннің, С.Есенниннің, Е.Евтушенконың, А.Вознесенскийдің өлеңдерін қазақшаға аударған. Сонымен қатар теміртаулық Ю.Показанов, В.Зиманов, Т.Ромашихина, Т.Дубовская сынды орыс ақындарын да қазақша сөйлетті. Теміртаулық демекші, менің және Таңсәуле Әгенқызының бірнеше өлеңдерін орыс тілді оқырманға жеткізді. Осы ретте Серік Ақсұңқарұлының «Қасқырдың монологын» оқып көріңіздерші.
Монолог волка

Я ненавижу собачьи повадки!
Эй лизоблюды!
Пощады не жди.
Судьбы вершает лишь в яростной схватке,
Свободное племя дикой степи.

Ты силе и воле перчить не смей,
Неистово плещет пламя в крови.
Оружие мести — кинжал у людей.
Оружие чести — волчьи клыки.

От предков великих доносится зов,
Невольникам чести не снится покой!
Я чувствую запах охотничьих псов,
Пропитанной степью, вечной враждой.

Мне же —
заложнику времени бренной,
Обидные сплетни доносит молва.
Будто родня мы на уровне генном,
Мне сердце пронзают такие слова.

Сражаться за падаль меня не моли.
Коли унижусь, будь проклятым я!
Наследники мы благородной крови,
Шакалам и псам отнюдь не родня!

Рожденный в неволе из бешенной матки,
Не брат мне по крови,
а кровный враг.
Эпоха волков неужто в закате
Чтож Вы молчите, матерый вожак?

Чтож Вы молчите?
Преступною ночью
Я окружен, под прицелом клыков.
И небеса разрывается в клочья,
От лая и визга охотничьих псов.

Алтыншы қыры. Композиторлық қыры да бар, өзінің бірнеше өлеңдеріне ән жазған, оны өзі орындайды да. Атап айтар болсам, «Анашым», «Періште қыз», «Романс», «Ұландар» секілді басқа да әндері бар.
Жетінші қыры. Кез-келген музыкалық аспапта ойнайтын қыры. Нотаны біледі, домбыра, баян, гитара, пионина, мондолина дейсіз бе, қолына алса болды, бәріне тіл бітіреді.
Сегізінші қыры. Спортшы, иә қағыс естімедіңіздер, Қасым Ботанов классикалық күрестен Татарстанның чемпионы! Шахматты шебер ойнайды, сонымен қатар кезінде, ұмытпасам, сонау 1985 жылдары Қарағандыдан Алматыға жаяу барған желаяқ, ал Алматыдан Алатау арқылы, таудан-тауға өрмелеп Қырғызстанға жеткен альпинист.
Міне, аға деп құрмет тұтсақ, қарындас деп еркелететін Қасым Ботанов осындай жан. Мұның бәрін бүгін ақтарып отырғанымның себебі де жоқ емес, алдағы 10-наурызда 82 жасқа толады. 1942 жылы 10 наурызда, Алматы облысы, Балхаш ауданы, Іле өзенінің бойындағы Құйған ауылында туған. Біз осыдан екі жыл бұрын ақынның 80 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізбекші болғанбыз, бірақ ол кезде ақын аға Түркияда болды. Қазір денсаулығы сыр беріп, ауырып қалды. Бұдан бірнеше жыл бұрын ақын ағам маған былай деп жазған-ды.
АРУ
(Руза Алдашеваға)

Сезім шоғы жұлдызды түндей гүлдеп,
Нәркес тәнге телініп зілдей міндет.
Жұмақтан да анасы қашып шыққан,
Жер бетінен махаббат іздеймін деп.

Хауа ананың жердегі қызы қандай,
Хан ұрпағы көркіне қызығардай.
Өлең жазса Руза Алдашева,
Жүректердің қалмайды мұзы жанбай.

Тылсым күшпен құратын күнде кеңес,
Ғарышың да бір сенен күрделі емес.
Періште мен Пері бас иген ару,
Құдайдың да түсіне кірген емес.

Отыр деме бұл ағаң бөсіп текке.
Сен дегенде төбесі жетіп көкке.
Жаһаннамның жолында халқың жатыр,
Шуағыңды түсірмей өтіп кетпе.

Жылу беріп жаураған күзге демі,
Махаббат па, өлең бе іздегені?
Оралмаңдар аяққа өңшең пасық,
Теміртауды тамсантып қыз келеді.

Ал мен өз кезегімде былай дедім:

Сен болмасаң Теміртауда төр жетім
(Қасым Ботановқа)

Ақын, аға, бәлкім менің құрдасым,
Биік көрем оның әркез тұлғасын.
Шықты алдымнан құшақ жайып айқара,
Аңқылдағын аяулы жан жыр-Қасым.

Қазақ үшін жарық жұлдыз көктегі,
Ол Қасымнан бұл Қасымның жоқ кемі.
Өздеріңмен жоғалтпайды қадірін,
Күпі киген қара өлеңнің шекпені.

Тағдыр-жазу кермек дәмін татқанмен,
Кейде арқаңа аяздай мұң батқанмен.
Өлең болып өріледі әрдайым,
Ішкі әлемің арайланып ақ таңмен.

Жалындаған жырға бөлер жер бетін,
Сенен көрдім кісіліктің келбетін.
Алашымның абызындай ақтаңгер,
Сен болмасаң Теміртауда төр жетім.

Руза АЛДАШЕВА,
ҚР Жазушылар одағының
мүшесі, аудармашы.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз