Шәкерімнің сегіз жұмбағы
«Ең үлкен жұмбақ – адам», – депті Қадыр Мырза Әлі. Ал өлең ше? Жұмбақ бола ала ма? Жұмбақ болса, шешімін тапты ма? Мен үшін адамның өзінен бұрын көзі жұмбақ болып көрінеді. Небір сырды жасырып тұрғандай. Мөлдір көзге күллі дүние сыйып кетердей. Иә, дүние солай. Сол бір жұмбақ дейтін алып әлем Шәкерімнің өлеңдерінде де кездеседі. Ол қандай өлең? Қай жұмбақ?..
БІРІНШІ ЖҰМБАҚ:
«Өлшеусіз, түпсіз терең бір дария бар,
Көрмейміз, құр естиміз анық хабар.
Дарияның суын түгел құятұғын
Ол сыярлық ыдыс бар кішкентай, тар.
Дарияны сол ыдысқа құя білсең,
Керек суы болады көзге даяр.
Онда бірақ дарияны естімейміз,
Көзбен анық көреміз, байқа, дос-жар.
Ол суда лай да бар, тұнық та бар,
Лай судан тұнықты кім айырар?
Лай судан тазасын айыруға
Дария көрген адамның бәрі құмар.
Дария не? Ыдысы не? Тазасы не?
Көрген кім? Айырған кім? – Табыңыздар!
Бес шешуі бір жерден табылмаса,
Шешкен емес, бірталай ой сандалар».
Жұмбақ – ойды қозғар катализатор. Ойынды сан саққа жүгіртіп, бір тоқтамға келгенмен, ол шешімге күмәнданасың. Тұспалдайсың. Болжайсың. Бірақ түк өнбейді. Өйткені сіз ойланып көрген жоқсыз. Ой қорыта алмайсыз. Дегенмен тырысып көріңіз. Ақын айтып отырған дария не? Ыдыс ше? Ал таза деп отырғаны қайсы? Барлығы – бір дүниенің нышаны. Шәкерім жұмбақ өлең арқылы бағзы қазақтың болмысын танытып отыр. Бағзы қазақ жұмбақтап, астарлап сөйлейтін халық болған. Жиренше, Қарашаш туралы оқып отырсаңыз, еріксіз көз жеткізесіз. Жұмбақ – диірмен. Сонымен, таптыңыз ба жауабын? Күрделі дейсіз бе? Жарайды. Шәкерім былай деп жауап береді:
«Жұмбақ – ойды кеңітер, бермейді бөз,
Таза суы – шешендік, дариясы – сөз.
Әншейін ауызбенен айтылғанда,
Сөзді құлақ естиді, көрмейді көз.
Ыдыс – қаріп, көз көріп, тізбелейміз;
Дария көрген – хат білген жалпы адамдар
Лай, тұнықты айырған есті дейміз».
Барлығы қарапайым. Сөзді құлақ естіп, көз көрмейтіні рас емес пе? Дария көргендер бар шығар, бірақ лай мен тұнықты айыра алатындар қатары тым аз. Жүрегіңізге алып қалмаңыз. Бірақ бұл – шындық. Екінші жұмбақ дейсіз ғой. Қателігіңізді түземек ойыңыз бар екен. Онда тыңдаңыз:
ЕКІНШІ ЖҰМБАҚ:
«Тамам сөзді сөйлейді, сөйле десе,
Етінен ет кесемін, сөйлемесе.
Айт десем, айтпайтұғын жауабы жоқ,
Сүйгенімді сөйлеттім әлденеше».
Сіз әлі ойланып отырсыз ба? Барлығы оңай. «Етінен ет кесемін, сөйлемесе». Енді… Опа жоқ екен сізге. Қарындаш қой. Етінен ет кесемін деп тұрғаны «ұштаймын» дегені емес пе? Тағы да жеңілдіңіз. Сізден озат оқушы шықпайтын секілді. Амал қанша, тағы бір мүмкіндік берейік.
ҮШІНШІ ЖҰМБАҚ:
«Бір нәрсе жұртқа мәлім, көзден ғайып,
Ұстауға еш болмайды қолдан тайып,
Не сынап, не түстеуге ұқсамайды,
Кейде көп, кейде кетер тіпті азайып».
Кім жауап берді? Қайталаңызшы. Жел? Дәл өзі. Әйтеуір, бір есті адам табылды-ау. Бірақ келесі жұмбақ өте күрделі.
ТӨРТІНШІ ЖҰМБАҚ:
«Киім, тамақ, денеден жоқ бір нұсқа,
Жылдам кіріп, шығады жылдам тысқа.
Маңдайда жалғыз көзі жарқыраған,
Тұлымының бірі ұзын, бірі қысқа.
Кей-кейде екі ұрыттау мінезі бар,
Шағып алып жүрмесін, байқап ұста.
Бір кеткен соң қолыңа түсу қиын,
Айырылып қалып жүрме қапылыста.
Шаршау жоқ, арықтау жоқ, талабы жоқ,
Адам оны жұмсайды көп жұмысқа».
Айттым ғой күрделі деп. Жалғыз көзі бар, шағып алатын мінезі бар. Не болды сонда ол? «Тұлымының бірі ұзын, бірі қысқа», – дейді. Жаңа жауап берген адам қайда?.. Шәкерім:
«Ине керек қылмайды киім, тамақ,
Ұйықтайын деп ешқашан жаппас қабақ.
Жыпылдатып бұйымды тігесіз ғой,
Тұлымдары – өткізген жіптен сабақ»
Жымидыңыз, білем. Ине ғой. Жалғыз көзі бар, шағып алатын мінезі бар. Солай емес пе? Бесіншісі ме? Жарайды.
БЕСІНШІ ЖҰМБАҚ:
«Тоғыз қатын жиылып бір толғатқан,
Бірін-бірі жуан қып буаздатқан.
Тоғызының киімі тоғыз түрлі,
Келген кісі сияқты әр тараптан.
Босанғанда тоғызы бір ұл тауып,
Балаға екі түрлі киім жапқан.
Бір киім шешесіне ұқсаса да,
Бір киімі келіп тұр бөтен жақтан.
Қатындар не? Киім не? Баласы не?
Көпке киім жетеді не сәбәптан?».
«Босанғанда тоғызы бір ұл тауып» дей ме? Қалай? Қатындары кім? Киім ше? Бала деп кімді немесе нені айтып тұр? Осы жағын ойланғаныңыз жөн шығар. Шынымен, көпке киім қалай жетіп тұр? Ақын нені астарлап тұр?
Шәкерім:
«Тоғыз қатын – тоғыз сан тоғыз бөлек,
Тоғыз цифр келеді түсі өзгерек.
Бірінен-бірі жуан бола беріп,
Ойласаң, тоғыздан он туса керек.
Киімі оның бір цифр, бір нөл болар,
Нөл деген – цифрдан жат бір дөңгелек.
Қанша санды жазса да, осы цифр
Жететінін байқарсыз, болсаң зерек».
Бәрі анықталды ма? Санда бір ойды меңзеп тұрғаны анық. «Жететінін байқарсыз, болсаң зерек», – деп отырғаны сондықтан. Әрі қарай кеттік.
АЛТЫНШЫ ЖҰМБАҚ:
«Кішкентай күрең қызыл, дөп-дөңгелек,
Тамаққа әбден тойса, болады көк.
Қанға тойып алған соң, қарны үлкейіп,
Үлкендігі кетеді он есе боп».
Күрең қызылы қайсы? Қан ішетін кім? Әрине, таз кене.
«Деп ойларсың таба алмай: «Бұл немене?»
Таба алмасаң, айтайын, ол – таз кене,
Түйе кене атанып, қанға тойса,
Көк сұр болып кетеді күрең дене», – дейді Шәкерім.
ЖЕТІНШІ ЖҰМБАҚ:
«Бір нәрседен үш сипат қылдым қайла,
Бұл жұмбақты шешерлік адам қайда?
Бір сипатын ортадан кесіп алсам,
Орнында тағы болар екеу пайда.
Біреу деп кесіп алып тастағаным
Үшеу болып жатады басқа жайда». Жауабы – төртбұрыш екен.
«Бір қағазды қи-дағы үш бұрыштап,
Бір бұрышын ортадан кес дұрыстап,
Қалған қағаз болады төрт бұрышты –
Үш бұрышты қиығын тұрсаң ұстап».
Кәдімгі геометрия. Жұмбақ жауабында айтылғандай жасап көрдіңіз бе? Дәл солай шығады. Төртбұрыш.
СЕГІЗІНШІ ЖҰМБАҚ:
«Бірде емес, тамам санның бірінде емес,
Не үлкен, не кішкене бірі де емес,
Ғылым тапқан сипаттың бірі онда жоқ,
Бұл жұмбақ өлі де емес, тірі де емес».
Байқасаңыз, жұмбақтың жауабы өзінде тұр. Таппадыңыз ба? Түйінді ақынның өзіне берелік.
«Жұмбақ айтып не керек, әуре қылмақ,
Керегі сол – ойланып, ой ашылмақ.
Әлемде әр нәрсенің қарсысы бар,
Бар қарсысы – «жоқ» еді, осы жұмбақ».
Бітті. Жауабы – «жоқ». «Әлемде әр нәрсенің қарсысы бар», – дейді Шәкерім. Қарама-қайшылықты айтып отыр.
P.S. Әр жауаптың өз мәні бар. Және өз ретін сақтап тұр. Бірінші жауап – сөз. «Ең алдымен – сөз», – дейді Інжілде. Одан кейін – барлығы. Екінші жауап қарындаш болатын. Бұл – ақынның серігі. Үшіншісі – жел. Бұл – ақынның қарсыласы. Төртіншісі – ине. Бұл – ақынның қайғы-қасіреті. Бесіншісі – сан. Бұл – ақынның құпиясы. Алтыншысы – кене. Бұл – ақынның соры. Жетіншісі – төртбұрыш. Бұл ақынның – түйсігі. Сегізіншісі – «жоқ» сөзі. Бұл – ақынның өлімі. Басқа ештеңе емес.
Ерболат ҚУАТБЕК,
«Temirtau tynysy»