Ұстахана – ұтымды жоба

Жақында Теміртау қаласы әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдау және дамытуға арналған грант байқауы өткен болатын. Бизнесті өркендетуге берілетін қайтарымсыз қаражатқа үміт білдірген азаматтардың қарасы көп болды. Олардың жобалары қазылар алқасының талқылауынан өтіп, үміт күттірер үздік жиырмалық марапатталған болатын. Соның бірі – жас кәсіпкер, металдан көркемдеп соғу шеберханасы, яғни, ұстахана жобасын ұсынған Владимир Хоружник болды.


Әсілінде, қазақ даласы үшін ертеде ұстахана жат дүние емес-ті. Тіпті, өндіріс өркендеп, зауыт-фабрика түспей тұрған өткен ғасырдың бас кезіне дейін әр ауылдың төңірегінде ұста дүкендері болған. Онда қайшы, пышақ, шалғы тәрізді тұрмыстық дүниелермен қатар, от қару, найза мен қылышта соғылған. Кейін атадан балаға беріліп келген бұл өнерді ұстанушылар азайып, қатары сиреп кетті. Ал, әкім грантына жоба ұсынған азамат ұсталық өнерді заманауи форматта қайта жаңғыртуды көздеп отыр екен.
— Теміртау металлургтер қаласы. Біздің зауытта түрлі темір бұйымы, прокаттар өндіріліп, саудаға салынады ғой. Біздің жобаның ұстанымы да соған ұқсайды. Тек, біз прокат трубаларды иіп, түрлі бейнеге келтіруді көздеймін. Оны көркемдік бұйым ретінде кейін өндіріс саласына қолдануға болады. Мәселен, саябақтардағы, ойын аулаларындағы қоршаулар, орындықтар, қоқыс жәшіктері. Яғни, өнімге сұраныс бар. Жеке адамдар өз үйлерін, ауласын әрлеу үшін қолданады. Ал, әкімдіктер қаладағы саябақтарды жаңа келбетке келтіру үшін сатып алады, — дейді жас кәсіпкер.
Ол бұл жобаны қолға алған соң ұзақ ізденген екен. Тіпті, қаладағы дәл осы бағытта жұмыс істеп тұрған ұстаханаларға да барып, арнайы зерттеу жүргізген. Айтуынша, олардың дені сырттан дайын өнім түріндегі көркемдеп соғылған темірлерді әкеліп, соны дәнекерлер бағытын ұстанады. Ал, кәсіпкер болса бұйым жасауға қажет шикізатты өзі иіп, соқпақшы екен.
— Жобаның аясында кемінде 2 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отырмын. Алдағы уақытта қосымша жұмыс орындарын ашып, кеңейту де жоспарда бар. Бізде екі жүзге жуық әрлеу заттарының каталогы бар. Тапсырыс берушілер солардың арасынан өзіне қажетін таңдайды. Біз жасап береміз. Қазір шеберхананы әзірлеу жұмыстарын бастап кеттік, — дейді Владимир Хоружник.
Кәсіпкердің өзі кезінде металлургия саласында жұмыс істеп, кейін бизнеске мойын бұрған екен. Бастаған кәсібі іске асқан соң мемлекеттік тапсырыстарға қатысып, қала келбетін ажарландыруға да үлес қоспақ. Бұл ретте оның артықшылығы, өзге кәсіпкерлер тәрізді дайын өнім сатып әкелмей, қажет дизайнды өзі әзірлеп, орнататындығында болмақ. Әрі өнімдерін сертификаттан өткізіп, теміртаулықтардың ғана емес, облыс тұрғындарының да сұранысын қанағаттандырмақ.
Владимир Хоружниктің айтуынша, әкімдік тарапынан берілген қайтарымсыз грант үлкен қолдау болған. Бұл қаражатқа өнім шығаруға қажет құрылғылар, станоктар сатып алынады. Одан бөлек, жеке қаражатына ғимараттың жалдау құнын өтеп, ісі алға басып кеткенше жұмыскерлердің айлығын төлеп отырмақ.

Айта кету керек, биыл Теміртау қаласы әкімінің жастар кәсіпкерлігін қолдау және дамытуға бағытталған гранты 20 азаматқа табысталды. Әр кәсіпкер қайтарымсыз негізде 2 млн.теңге көлемінде қаражатқа ие болды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Temirtau tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз