«ТҰЗАҚҚА» ТҮСУ тыйылмай тұр

Алаяқтан зардап шегушілер саны азаяр емес. Бүгінгі күні басқаның ақшасын оңай олжа көрген қылмыскерлер айланың бірнеше түрін ойлап тапқан. Қарағанды қаласында тек қана өткен үш айда 1195 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, оның 291-і – интернет-алаяқтық.

Залал 3,1 миллиард теңге

Өткен жылы алаяқтар Қарағанды облысының халқына 3,1 миллиард теңге көлемінде залал келтірген. Алаяқтарға алданып, адал ақшасынан айырылып, сан соғып қалатын қарағандылықтардың саны азаймай тұр.
Алаяқтар күн өткен сайын алдаудың жаңа тәсілдерін меңгеріп, халықты қан қақсатып келеді.
Алаяқтық қылмыстардың жартысынан көбі ғаламтор мен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асыралады. Облыста алаяқтық қылмыстарды ашуға барынша күш салынып жатыр. Осы бағытта қаланың әрбір аудандық полиция бөлімінде киберполиция бөлімдері ашылған. Аталған бөлімдердің көмегімен ақпараттық технологиялар арқылы алаяқтық іс-әрекеттерін жүзеге асырған 1300-ге тарта заңға қайшы сайттар анықталып, 1200-ге тарта сайт бұғатталған екен.

Интернет-алаяқтық өршіп тұр

Биылғы жылдың алғашқы үш ай қорытындысы туралы айтқан сақшылар Қарағанды қаласында тұрғындардың киберқылмыскерлердің қулықтарына түсуі әлі де жалғасуда. «Құқық қорғау органдары сақтық танытуды сұрайды – бұл интернет-алаяқтардан қорғанудың ең жақсы тәсілі», – дейді олар.
– 2024 жылдың үш айының қорытындысы бойынша Қарағандыда 1195 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде 291 – интернет-алаяқтық. Яғни, жалпы тіркеудің 24,7 %. Егер жедел қорытындыны талдайтын болсақ, басқаларға қарағанда мұндай қылмыстар Оңтүстік-Шығыс секторының аумағында тіркеледі, – дейді Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин.

Алаяқтың айласы көп

Ақша ұрлаудың алаяқтық тәсілдері көп: банктен жалған қоңырау шалу, жұмыс табысы жоғары деп уәде беретін желідегі жарнама, байқауға қатысу туралы ұсынысы бар фишингтік хабарламалар, туысқандарына дауыс беру, іс жүзінде жоқ құқық бұзушылық жасалды деп телефонмен қоңырау шалу деп кете береді. «Киберқылмыскерлер екі ай сайын схемаларды өзгертеді», –дейді Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің бастығы Ерлан Мұсабеков.
– Мысалы, үш айдың ішінде Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінде WhatsApp бұзылып, қылмыскерлер жәбірленушінің байланыс тізіміндегі барлық адамға ақшалай көмек сұраған 8 факт тіркелді. Қоңырау шалып, сим-картаның мерзімі аяқталғанын хабарлаған 5 факт бар, – деді Ерлан Мұсабеков.

«Киберпол» құрылды

Киберқылмыстарға, оның ішінде интернет-алаяқтарға қарсы іс-қимыл жасау үшін Қарағанды полиция басқармасының аумақтық бөлімшелерінде «Киберпол» соққы-нысаналы топтары құрылған болатын. Онда жұмыс «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі. Істің басынан аяғына дейін тергеуші әрдайым жәбірленушімен байланыста болады.
Сақшылар өз деректерін қылмыстық пайдаланудан қорғау үшін бірнеше кеңес береді.
– Егер алаяқтың тұзағына түсіп қалмауды ойласаңыз төлем картасының деректемелерін (жарамдылық мерзімі, CVV/CVS, ПИН-код) ешкімге бермеңіз және атамаңыз. Ешкімге SMS-тен кодтарды хабарламаңыз.
Біреудің өтініші бойынша мобильді банкингтегі телефон нөмірін өзгертпеңіз.
Мобильді банкингтен логин мен парольді бермеңіз. Белгісіз біреулердің жіберген хаттарындағы сілтемелер бойынша өтпеңіз. Егер олар ресми сайттардан жүктелмеген болса, белгісіз бағдарламалар мен қосымшаларды орнатпаңыз, – дейді Ерлан Мұсабеков.

Алаяқтың құрбаны 73 жастағы әжей

Қарағандыда 73 жастағы әжей алаяқтың құрбаны болды. Зейнеткер қаскөйге 3 млн теңге берген. Ол кісіге белгісіз біреу қоңырау шалып, немересі жол-көлік оқиғасын жасағанын, жаяу жүргінші ауыр жарақат алғанын айтқан. Ал жол-көлік оқиғасын жасаған кінәлі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады дегенге келтіріп, мәселені шешу үшін 9 миллион теңге сұраған. Зейнеткер хабарласқан адамға қолында бар 700 мың теңге және 5 мың АҚШ долларын берген. Кейін өзінің алаяқтың құрбаны болғанын біліп полицияға арызданған.
Саран қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізілген кешенді шаралар барысында алаяқтықпен айналысқан 19 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынын ұстады. Күдіктіден зейнеткер берген ақшаны (550 мың теңге және 5 мың АҚШ долларын) айғақ зат ретінде тәркіледі. 150 мың теңгеге күдікті өзінің несиесін жауып үлгерген.
Тергеу әрекеттері барысында күдіктінің осыған ұқсас тағы да 5 қылмысқа қатыстылығы анықталды. Ұсталған азамат жәбірленушілерге жалпы соммасы 6 миллион 600 мың теңге шығын келтіргені белгілі болды.
Алаяқтар көбіне осы айламен жұмыс істейді. Айтылып, жазылып, ескертіліп жатса да тұзаққа түскендер азаяр емес.

Түйін

Алаяқтар басынғаны сондай Премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің атынан ақшалай көмек сұрап, хабарлама жіберуде. Антикордың атын да жамылуда.
Жақында WhatsApp мессенджерінде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың жалған аккаунты пайда болды. «Бұл аккаунттан қаржылық көмек сұраған хабарлама таратылуда. Бұл жалған аккаунт, ұсынылған сілтемелер бойынша өтпеңіздер және ешкімге ақша аудармаңыздар», – деп жауап берді Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Сақтансаң, сақтайды» дегендей, алаяқтың құрбаны болмау өз қолымызда, соны ұмытпайық.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз