«Теміртауда бұралқы итті баланың көзінше атып тастады»: қала әкімдігі оқиғаға түсініктеме берді

Әлеуметтік желіде «жергілікті ветеринарлық қызмет мамандары бұралқы иттерді баланың көзінше атып тастады» деген ақпарат тараған болатын. Даулы оқиғаға байланысты қала әкімінің баспасөз қызметі түсініктеме берді, — деп хабарлайды Temirtau tynysy.

Желіге тараған видеода он жастар шамасындағы баланың жерде жатқан итті жоқтап, жылап жатқан видеосы таралған болатын. Артынша осы оқиғаға қатысты көптеген пікірлер айтылып, түрлі ақпарат тарады. Жұрт ветеринарлық қызмет өкілдерінің әрекеті баланың психикасына кері әсерін тигізді деп санайды. Сондай-ақ, баланың анасына билік тарапынан қысым жасалғаны да айтылған. Алайда, қалалық әкімдік бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Ресми түрде баланың анасына ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ деп мәлімдейміз. Барлықтарыңызға қауесеттер мен негізсіз айыптауларға сенбеулеріңізді сұраймыз. Біздегі бар ақпарат бойынша ветеринариялық станцияға қала тұрғынының бірінен 9 шағын аудандағы Маяк дүкенінің жанындағы қоқыс контейнері тұрағының аумағында қаңғыбас иттер жүр деген өтініш келіп түскен. Бұл жерге ҚР жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы Заңы аясында әрекет еткен жауапты қызметкерлер арнайы барған. Итті аулау балалар ойын алаңында болған жоқ, бірақ аулау жұмысы кезінде иттердің бірі аулаға қарай жүгірген. Кейбір пікір білдірушілердің итті аулада атты деген ақпараттары шындыққа жанаспайды.
Ветеринариялық станция қызметкерлерінің іс-әрекеттерін құқықтық бағалау үшін қала прокуратурасы жауап береді», — делінген қала әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз