Теміртауда иесіз жануарлар мәселесі қалай шешілмек?
Былтыр елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қабылданған тұста теміртаулықтар алғашқылардың бірі болып оны жүзеге асыруды қолға алған болатын. Алғашқы қадам – иесіз жануарларға арналған панажай салу жұмысын ұйымдастыру болды. Ал, оны сәтті жүзеге асыру үшін құрамына қалалық әкімдіктің, мәслихаттың және жастар ресурстық орталықтың өкілдері кірген бастамашыл топ өкілдері тәжірибе алмасу мақсатында Алматы қаласына іс—сапарға барып келді.
Сонымен, құрыш қаладағы иесіз жануарларға арналған тұрақ жайлы не білеміз? Бұған дейін облысымызда иесіз және бұралқы жануарларды аулау мен уақытша ұстау қызметіне арналған конкурс жарияланған болатын. Теміртау қаласының әкімдігі болса, қала аумағындағы екі қабатты ғимаратты 5 жыл мерзімге сенімді басқаруға беру туралы тендер ойнатты. Ғимараттың аумағында жануарларды серуендетуге арналған бос алаңқай да бар. Нысан, тек, бір мақсатта – Теміртау қаласы мен Ақтау кенті аумағында ауланған иесіз жануарларға арналған панажай құру және олардың санын реттеу шараларын қабылдау үшін ғана пайдаланылуы тиіс.
Қалалық әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, тендер ойнатылып, жергілікті кәсіпкермен келісім шарт жасалған. Ол екі айдың ішінде иесіз жануарларға арналған тұрақ ашуы тиіс. Бұдан бөлек, қалалық ветеринария бөлімі төрт түрлі қызмет бойынша конкурс жариялады. Алғашқы жарияланған лот ойнатылмағандықтан, оны қайыра жариялау туралы шешім қабылданған. Әзірге оның қорытындысы шыққан жоқ.
Жергілікті мәслихаттың бастамасымен Алматы қаласына тәжірибе алмасуға барған топтың қатарында қала әкімінің баспасөз хатшысы Гүлнұр Әбдіғалиева да бар еді.
— Біз оңтүстік астанаға 2021 жылдың көктем айында барған едік. Ол кезде елімізде әлі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң жобасы талқыланып жатқан. Заң жобасын талқылауға қатысып жатқан алматылық зооеріктілер бізбен өздері байланысқа шығып, тәжірибе алмасуға шақырды. Біз бұл ұсынысты қуана қабылдадық. Алматылық еріктілер қала аумағындағы иесіз жануарларға қамқорлық көрсетеді екен. Олардың жұмысымен таныстық. Сонымен қатар, қала сыртындағы тұраққа барып, көрдік. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірге көптеген мәселені талқылап, қажет кеңестерді алдық. Сондай-ақ, иесіз жануарларға арналған тұрақ құрудағы шетелдік тәжірибемен де таныстық, — дейді Гүлнұр Әбдіғалиева.
Оның айтуынша, Алматы қаласында бұралқы жануарлар мәселесі дәл Қарағанды облысындағындай өзекті емес. Қала аумағында иесіз жануарлар көзге түсе қоймайды, ал, зооеріктілер болса бір-бірімен тығыз байланыста. Соның арқасында иесіз жануар анықталса, оны бірден ұстап, арнайы тұраққа алып кетеді.
— Алматы қаласында арнайы тұрақтағы жануарларды асырап алуға шақыратын хабарламаларды ілу мен тарату мәдениеті қалыптасқан. Әрине, олар бұл көрсеткішке жету үшін ұзақ уақыт еңбектенгені түсінікті. Қазір қаладағы зооеріктілер ветеринарлық клиникалармен тығыз байланыс орнатып, иесіз жануарларды стрилдеу және вакцинациялау бойынша мемлекеттік тапсырыстарды орындау бағытында да жұмыс істеп жүр.
Біз қаладағы арнайы тұрақтан соң, қала сыртында Талғар жақта орналасқан тұраққа да барып көрдік. Бұл өте ауқымды панажай екен, көлемі бірнеше саяжайдың аумағына тең деуге болады. Онда иесіз ит пен мысықтан бөлек, үш аяқты есек пен адасып қалған бұзау да бар екен. Сондай-ақ, қала сыртындағы панажайда жаңадан келген жануарларға арналған карантиндік аумақ та қарастырылған. Бір айта кетерлігі, бұл панажай қалалық бюджеттен мүлдем қаражат алмайды. Оны белсенділер өз қаражатына және демеушілер көмегіне сүйеніп ұстап отыр, — дейді Гүлнұр Әбдіғалиева.
Теміртаулық делегация Алматыдан көп тәжірибе мен зооеріктілер жайлы мағлұмат жинап келді. Ең бастысы Теміртауға иесіз жануарларға арналған панажай салудың өзекті екенін және оның қала аумағында болуы тиіс екенін түсінді.
— 2022 жылы жаңа заң күшіне енген кезде біз панажай салуға ыңғайлы ғимарат іздей бастадық. Таптық та. Бұл – «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бұрынғы зауыт басқармасы орналасқан ғимарат. Нысан тұрғын үйлерден қашықта, бірақ, қала аумағында орналасқан. Оған автобуспен баруға болады. Ауласында 10 соттық жер телімі де бар. Қазіргі таңда ғимаратқа косметикалық жөндеу жұмыстарын ғана жүргізу керек. Ал, жылу мен электр тоғы бұрыннан бар. Былтыр желтоқсан айында ғимарат ресми түрде қала әкімдігінің баланысына қабылданды және жергілікті кәсіпкерге сенімді басқаруға берілді, — дейді Гүлнұр Әбдіғалиева.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оның айтуынша, мұнда әкелінген иесіз жануарлар алдымен карантиндік аумақта ұсталып, кейін басқа топқа қосылады. Егер сырқат болса ем-дом шаралары жасалып, стирилденеді және вакцина салынып, чип орнатылады. Кейін асырап алуға ниет білдірген адамдар болса, соларға беріледі. Егер ондай жандар табылмаса, мекен ету ортасына қайта жіберіледі.
Қалада жануарларға қамқорлық көрсетуге ниетті белсенді азаматтар көп екен. Иесіз жануарлармен жұмыс істеуге әзір ветеринарлар да бар. Жоспарланған панажайдың жұмысы биыл жазда толық іске қосылуы тиіс. Әйтсе де, ол үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы барлық талапқа сай өтуін күту қажет. Әзірге қалалық жастар ресурстық орталығының белсенділері иесіз жануарларға қалай қамқорлық көрсету керектігі жөнінде бейнеролик әзірлеп, түсіндіру жұмыстарын бастап кеткен.
Қоғамда «Бюджет қаражатын иесіз жануарларды асырауға жұмсау қаншалықты тиімді?» деген сауал бар. Бұл сұрақтың жауабы осы істі қалай қолға алып, жүргізуге тәуелді болса керек. Егер бәрі жоспардағындай болса, онда оң нәтиже көрсетуі тиіс. Қалай болғанда да, иесіз жануарларға қатысты мәселені шешуде теміртаулықтар облыс бойынша көш басында тұрғанын айта кеткен жөн. Тіпті, облыс орталығының өзінде әлі күнге дейін панажай салуға қажет ғимарат табу мәселесі толық шешімін таппаған.
Анна Строкова,
Қазақ тіліне тәржімалаған Ерболат Қуатбек
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз