Теміртауда жатақханаларды тексеру барысында жүзге жуық қауіпсіздік ережесін бұзу жағдайы анықталды

Оқыс оқиғаның салдарымен алысқаннан, себебімен күресіп, алдын алған жеңіл. Сондықтан Теміртау қаласының төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрт қауіпсіздігінің сақталуын тексеруге бағытталған «Жатақхана» жедел алдын алу шарасын өткізді. Бұл туралы қалалық ТЖБ бастығы Нұрмұхамед Интуев айтып берді.

  • Жедел алдын алу шаралары барысында қала аумағында орналасқан 4 жатақхана мен 4 хостел тексерілді. Атап айтқанда, Қарағанды индустриалды университетінің, Теміртау кәсіптік-техникалық колледжінің және Теміртау жоғары политехникалық колледжінің екі жатақханасы. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлердің адамдарға уақытша тұруға ұсынатын 4 хостелі, — дейді Нұрмұхамед Интуев.

ТЖБ қызметкерлері полиция басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған тексеру барысында зерттелетін объектілерде жүзге жуық ереже бұзушылық анықталды. Көбісі жеке аумақтарда. Ережені көбіне жеке кәсіпкерлер бұзған екен. Ал, оқу орындарында айтарлықтай кемшілік жоқ. Басқарма басшысының айтуынша, бұған аталмыш мекемелерде жыл сайын тексеру шараларының өтуі мен бірлескен жұмыстар ықпал еткен.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз