Тіл мәртебесі – ел мәртебесі

«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады».

Ғабит Мүсірепов.

Конституция бойынша елімізде бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – қазақ тілі екені баршаға мәлім. Дей тұрғанымен, «туған тілімізге құрметпен қарап, оның қолданыс аясын кеңейту тек тіл жанашырларының ғана міндеті» сияқты көрінеді кейде. Егер мемлекеттік тілді дамыту мемлекет саясатының басым бағыты дейтін болсақ, мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізудің маңызы басым. Бұл ретте туған тіліміздің Теміртаудағы мұңы да, жыры да бітер емес.

Рас, соңғы кездері мекемелердегі хат-хабар алмасу екі тілде қатар жүргізіледі, бірақ көбінде әуелі орыс тіліндегі нұсқасы дайындалып, содан соң ғана қазақ тіліне аударылатыны жасырын емес. Кілтипан осы жерде, әрбір сөйлем жолма-жол, сөзбе-сөз немесе «яндекс-аудармашының» көмегімен тәржімаланатын болған соң, қазақ тілінде не басы, не аяғы жоқ қойыртпақ сөйлемдер шыға келеді. Осындай жөнсіздіктерге жол бермеу үшін өзім қызмет ететін мекемеде аудармашы болмасам да, көп ретте осы міндетті қоса атқаруға тура келеді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тіл жайында айтудай-ақ айтып келеді. «Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек» деп, «мемлекеттік тілді білуге ұмтылу мәжбүрлікке емес, қалыпты жағдайға айналуы керектігін» мәлімдеді. Сөйтіп, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала беретінін тағы бір мәрте еске салды.
Күні кеше ғана, яғни бейсенбіде «Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін дамыту жобасын қолдап, қорға жеке қаражатынан 7 миллион теңге үлес қосты» деген жағңалық желдей есті. «Бұл қордың басты міндеті – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты және ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету. Бұл мемлекеттік тілді қолдаумен және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым», — деді бұл жөнінде «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжехан.
Бүгінгі таңда қазақшасы «Қайырлы күн, құрметті әріптестерден» аспайтын, оған өзі саспайтын кейбір қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмегенімен тұрмай, кейде қазақша мәтіндерге шұқшиып, өзінше «дұрыстайтынын» қайтерсіз? Жылаймыз ба, күлеміз бе? Сөзім дәлелді болуы үшін бір ғана мысал келтірейін, қазақша жазылған «Алғыс хат» пен «Диплом» мәтініндегі сөйлем «марапатталады» сөзімен аяқталады. Сөйлем аяқталған соң, нүкте қойылады және «марапатталады» сөзі бас әріптермен емес, жай әріптермен жазылады. Ал орысшада басқаша, сөйлем «Награждается» деген сөзден басталады. Осыны басшылыққа алса керек, қазақша мәтіндегі «марапатталады» деген сөзден соң нүкте қойылмайды дейді әріптесім беті бүлк етпей.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында тіл мәселесіне арнайы тоқталып: «Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» деген-ді. Бұл «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» екендігін тағы бір рет ұғындырғандай.
Мен де бей-жай қарай алмағандықтан осыны жазып отырмын.

Руза Алдашева,
Теміртау Мәдениет сарайының
бөлім меңгерушісі

 

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз