Тілге құрмет – табысқа бастар жол

Қазақ тілі қашан бизнес тіліне айналады? Дәл қазір қоғамда жиі талқыланатын өзекті мәселенің бірі – осы. Неге десеңіз, ұлты қазақ, жаны қазақ кәсіпкерлердің өзі бизнеске келгенде орыс тіліне басымдық беріп, құжаттарын ресми тілде толтыратынын аңғарып жүрміз. Әйтсе де, жағдай түбегейлі нашар деуге тағы болмайды. Арамызда қазақ тіліне сөзбен ғана емес, іспен де жанашырлық танытып жүрген жандар жеткілікті. Солардың бірі – теміртаулық кәсіпкер Наталья Арыстанова.

Арыстанова Наталья Ивановнаның ұлты орыс. Орыстілді мектепте тәлім алып, орыс тілінде тәрбиеленген. Әйтсе де, араласатын ортасында қазақтар көп болғандықтан, мемлекеттік тілді жасөспірім шағында-ақ еркін меңгеріп алыпты. Мұны өзі өміріндегі ең сәтті қадамның бірі санайды.
— Мен 13 жасыма дейін қазақша мүлдем сөйлемейтін едім. Рас, мектепте қазақ тілінен өте жақсы оқыдым. Қазақ достарым да көп болды. Бірақ бірдеңені дұрыс айтпай қаламын ба деп қорқақтап, көпке дейін сөйлемей жүріп, кейін бір-ақ күнде сөйлеп кеттім, – дейді Наталья Ивановна.
Ол 1991 жылы Теміртау қаласына түбегейлі көшіп келген. Мамандығы – экономист. Әуелде қызмет көрсету саласында біраз жыл жұмыс істеп, сатушы болудың қыр-сырын меңгерген. Кейін өзі кәсіп ашып, бизнес әлемінде бағын сынап көрмекке бекінеді. Сөйтіп, «ArNA» мата дүкенінің негізін қалаған. Дәл осы сәтте қазақ тілін еркін меңгергені оған үлкен көмек болған екен.
— Қызмет көрсету саласында жұмыс істеу оңай емес. Төзімділік пен табандылықты талап етеді. Дүкенге күн сайын жүздеген адам келуі мүмкін. Әркімнің мінезі әртүрлі. Олардың тілін табу қажет. Сұранысын қанағаттандырып, көңілін таба білсең ғана кәсібің алға өрлейді. Тұтынушы сізден қай тілде қызмет көрсетуді сұрады, сол тілде жауап беруіңіз керек. Бұл – сауданың заңдылығы. Басында мен дүкенге келушілерге қазақша сөйлей бастасам, олар таңғалып, ұлтымды, қай жерде туғанымды сұрап жататын. Қазір елдің көзі үйренді, әрі екі тілді қатар меңгергенімнің арқасында кәсібім де алға басты, – дейді Наталья ханым.
Бүгінде Наталья Арыстанованы теміртаулықтар ғана емес, Қарағанды облысының халқы қоғам белсендісі, тіл жанашыры ретінде жақсы таниды. Ол жүрген жерінде азаматтық қоғам идеясын насихаттап, мемлекеттік тілді де жарнамалауды ұмытпайды. Әрі қоластындағы қызметкерлерінен де тілге құрмет көрсетуді талап етеді екен.
— Менің дүкенімде түрлі ұлттың өкілдері жұмыс істейді. Біз ұзақ жылдан бері әріптес болып, үлкен бір отбасына айналдық десем, артық айтқаным емес. Мен жұмыстағы қыздардан тіл үйренуді талап етемін. Бірнеше қызметкерімді тіл үйрену курстарына жіберіп, оқыттым. Қазақша сөйлеуді тұрмыстық деңгейде үйренгенінше оларды курстарға жіберіп отырамын. Әрі іс қағаздарды да екі тілде жүргізуге басты назар аударамын. Иә, заң бізге тек орыс тілінде ғана іс қағаз жүргізуге рұқсат береді. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланып, қазақша құжат толтыруды дамытқымыз келеді. Оны тіл жанашырлары, кәсіпкерлер біз істемесек, кім істейді? – дейді Наталья Арыстанова.
Әлеуметтік желіде кейбір қызмет көрсету саласының өкілдері қазақша сөйлеуден бас тартқан жағдайлар немесе дүкендердегі қазақша сауатсыз жазылған мәтіндер мен жарымжан жарнамалар дау туғызып жатады ғой. Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл бірінші кезекте кәсіп иесінің өз ісіне жанашырлықпен қарамауынан туындайтын мәселе.
— Егер табысты боламын, бизнесім өрге жүрсін десең, тілге құрмет көрсет. Егер сенің жарнамаң сауатсыз жазылған болса, қызметкерің тұтынушы талабын орындай алмаса, онда сенің бизнесіңде даму бола ма? Қайта жұрт аяқ тартып, мақсатты аудиторияң тарылады ғой. Мұның алдын алу үшін бірінші кезекте тіл үйрену керек. Кәсіби мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Мәселен, менің өз тәжірибемде біз жарнамалар мен көрнекі ақпараттарды әзірлеген кезде Тілдер ресурстық орталығының мамандарына хабарласып, ұдайы кеңес алып отырамыз. Өзім қазақша білсем де, қолым қалт еткенде қосымша әдебиеттерді оқып, сөздік ақтарып, білімімді жетілдіріп отыруға тырысамын, – дейді Наталья Арыстанова.
Кейіпкеріміздің бір ерекшелігі жүрген жерінде қазақша-орысша жазылған мәтін көрсе, арнайы мойын бұрып, зер сала оқып шығады екен. Әсіресе, көпшілік орындардағы хабарландырулар мен ережелерге жиі назар аударады. Өзінің айтуынша, кәсіби қазақ тілін жетілдіруге мұның көмегі көп тиеді екен. Әсіресе, іс-қағаздар жазу қажеттілігі туындаған кезде сөздік қорынан іздегені оңай табылып жатады.
Айта кету керек, қазіргі таңда Наталья ханым қоғамдық істердің бел ортасында жүр. Ол түрлі қайырымдылық шараларын өткізуге мұрындық болуымен қатар, Қарағанды облысындағы Іскер әйелдер ассоциациясының төрағасы лауазымын атқарып жүр. Бизнесте өзі қол жеткізген нәтижелерін өзге кәсіпкерлермен де бөлісіп, олардың да тілге құрмет танытуына ықпал етіп жүр.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз