Қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған конференция өтті

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында «Qarmet» АҚ жанындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен еңбек ардагерлері Осакаров ауданына барды. Мақсат – сталиндік зобалаң жылдарда жазықсыз жапа шеккен жандардың рухына тағзым етіп, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою. Бейресми деректер бойынша, мұнда өткен ғасырдың отызыншы жылдарында үш жүз мыңға тарта адам депортацияланған.

— ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қуғын-сүргін мен аштық – ел тарихының ең сүреңсіз кезеңдерінің бірі. Миллиондаған адамның тағдырына балта шабылды. Қазақ елі үшін де мұның зардаптары өте ауыр болды. Халқымыз алапат аштықты бастан өткеріп, ұлт зиялылары репрессия құрығына ілінді. Қарағанды облысына мыңдаған өзге ұлт өкілдері жаппай көшірілді. Репрессияға ұшыраған халықтар аймақтың өндірісін өрістетуге, қалалардың бой көтеруіне өлшеусіз үлес қосқанын да айта кеткен жоқ. Зобалаң жылдардың зұламаты ұмытылмайды. Қазіргі таңда Теміртауда жазықсыз жапа шеккен жандардың рухына арналған ескерткіш салынуда, — деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев.
Қуғын-сүргін жылдарында Теміртаудан, яғни, бұрынғы Самарқанд кентінен 185 адам РКФСР ҚК 58 бабы бойыншы сотталған екен. Олардың ішінде 42 адамға ең ауыр үкім – ату жазасы кесілген. Бұл музей қызметкерлерінің қажыр-қайраты мен ұзақ жылғы еңбегінің арқасында анықталғаны ғана. Бізге беймәлім тұлғалар әлі де көп.
— Бұрынғы Самарқанд кенті аумағы туралы деректерді табу өте қиын. Сонда да біз қолға түскен мәліметтерді, ақпараттарды тексере отырып, репрессияға ұшыраған адамдарды анықтадық. Олардың ұрпағы қалған болса жақсы, көбірек мәлімет береді. Бірақ, өкінішке қарай, қуғын көрген азаматтардың көпшілігінің аты-жөнінен басқа ешқандай дерек біле алмай отырмыз, — дейді музейдің ғылыми қызметкері Татьяна Хмелева.
Конференция түйінінде «Баршын» экспериментальды жастар театрының өнерпаздары Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың абақтыға қамалған сәтінен көрініс қойды.

Өз тілшімізден.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз