ҚЫЗЫЛ ПЛАНЕТА ҚЫЗЫҚТАРЫ

Төрт миллиярд жыл бұрын Марста ауа да, мұхит та болған.
Бүгінде Марста адамзат жіберген роботтардан басқа ештеңе жоқ. Нақтырақ айтсақ жеті роботтан басқа. Жетеуінің өзі де ымырасыз, қызыл планетаның сай саласын кезіп жүр. Сондықтан болар, 2013 жылы Кьиюросити атты робот бір жасқа келгеніне байланысты құттықтау өлеңді өзіне-өзі айтыпты. Егер роботта жан болса жалғыздықтан жарылып кетер еді. Айтпақшы, 2022 жылға жүз мың адам Марсқа баруға һәм сол планетаны игеруге өтініш беріпті. Егер бұл жүзеге асса Кьиюроситидің он жасына арналған құттықтау өлең хормен айтылады.
Қызыл планетада мұхит болған дедік қой. Мұхит болғанда да Марс көлемінің 19% алып жатқан айдын-шалқар мұхит болыпты-мыс. Сонымен қатар біздің серігіміз Ай болғаны секілді Марстың да екі серігі бар. Олар Үрей һәм Қорқыныш деп аталады.
Тағы бір қызық бар. 1997 жылы Иемен мемлекетінің үш азаматы NASA – ны Марсқа бармақ ниеті үшін сотқа берген. Олардың айтуынша үш мың жыл бұрын аталары Марсты иемендіктерге мұраға қалдырыпты. Кім білсін, мүмкін адамзат бір кездері Марсты мекен еткен шығар. Бүгінгі қызыл планетаның аянышты хәлінде адамзаттың қолтаңбасы бар секілді.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз