ЖАНАЙҚАЙ: Теміртаулықтар жақында пайдалануға берілген үйдің сапасына шағымданды

Былтыр жыл соңында Теміртау қаласындағы 4а орамдағы №9 үй қайта қалпына келтіріліп, әлеуметтік санаттағы азаматтарға жалға берілген болатын. Әйтсе де, баспаналы болған азаматтардың қуанышы ұзаққа созылмады. Балалар үйінің түлектері мен мүгедек жандар тұратын үйдің сапасы сын көтермей тұр. Ашынған тұрғындар temirtau.24 парақшасына шағымдарын жолдаған. 

  • Біз ай сайын жалдау құны мен коммуналдық шығындарды төлеп отырмыз. Бізге пәтердің кілтін 14 желтоқсанда салтанатты түрде табыстаған болатын. Үйге қоныстанған сәттен бастап кемшіліктері айқын байқала бастады. Қабырғалары жарылып, терезе әйнектері шытынаған. Көптеген пәтерлерде жылу батареяларынан су ағып, розеткалар істемей қалыпты. Ал, балконға шығу мүлдем қорқынышты. Едені жарылып кеткен, ал қабырғасында кірпіштері жетіспейді. Біздің мұнда қоныстанғанымызға айға жуық уақыт болды. Қазірдің өзінде есіктері сықырлап, жақтаулары жұлынып жатыр. Теміртау қаласының Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне шағымданған едік. Олар бізге бәрін қалпына келтіруге уәде берді. Бірақ, уәде сөз күйінде ғана қалды. Шын мәнісінде ештеңе істеліп жатқан жоқ, — дейді шағымданған үй тұрғындары.

Әлеуметтік баспана тұрғындарының айтуынша, ТҮКШ бөлімінің мамандары үйге қызмет көрсету үшін бағасы ең қымбат компанияны ұсынған екен. Олар қызмет көрсету үшін шаршы метрге 55 теңге сұрайды. Қаладағы өзге компаниялардың бағасы 40-45 теңгеден аспайды екен. Халықтың шағымы нәтиже бермей отыр.

  • Қорқып өмір сүруден шаршадық. Кез келген сәтте басымызға бірдеңе құлап кететіндей болып көрінеді. Менің отбасымда екі мүмкіндігі шектеулі адам бар. Балаларымның қауіпсіздігіне алаңдаймын. Мұндай пәтерде қалай өмір сүруге болады? Бұл бассыздықты тоқтатуға көмектессеңіздер екен! Уәде беріп, орындамайтындардан шаршадық!, — дейді ашынған тұрғын.

Постқа пікір жазған өзге тұрғындар да құрылыс жұмыстары сапасыз жүргізілгенін айтқан. Қала билігі бұған қандай шара қолданады? Әлде, кезекті уәдемен құтыла ма?

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Temirtau tynysy (@temirtau.tynysy)

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз