ЖАРТЫ ҒАСЫРДАН КЕЙІНГІ ЖАҢҒЫРТУ Металлург даңғылында күрделі жөндеу жұмыстары басталды

Қазір сырттан келген адам Теміртауды көрсе шошиды. Баяғы гүл жайнап тұратын Металлург даңғылындағы алеяның бүгінде дымы қалмаған. Қаланың өзге бөліктерінде де жұмыс істеп жатқан ауыр техникалар, қазылған жолдар. Сырт көзге қала билігі құр қарап отырған тәрізді болып көрінуі мүмкін. Ал, шын мәнісінде бұл ауқымды жұмыс жүріп жатқанының көрінісі. Биыл қаланың басты көшелерінің бірі де бірегейі Металлург даңғылы күрделі жөндеуден өтеді. Одан бөлек, ондаған көшенің жолына орташа жөндеу жүргізіліп, тозығы жеткен жылу және су құбырлары қалпына келтірілмек. Толығырақ тарқатсақ.

Металлург көшесіне даңғыл мәртебесі 1971 жылы берілген екен. Содан бері мұнда бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Иә, қажеттілігіне қарай әр жылдары орташа жөндеу жұмыстары, бөліктерді абаттандыру шаралары қабылданған. Әйтсе де, ауқымды жұмыстардың қолға алынғаны биыл ғана екен. Бұған №3 жылу магистраліндегі ақау да себеп болғанын айта кету керек. Қаланың көп бөлігін жылумен қамтып отырған желі әбден тозғандықтан, оны ауыстыру шешімі қабылданды. Құбыр даңғылдың орталық бөлігіндегі аллея арқылы өтеді. Сәйкесінше, жұрт серуендейтін бөлік қазылып, плиталар ауыстырылғанды.Жергілікті атқарушы билік даңғылға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жобасын әзірлеп, оны мемлекеттік сараптамаға ұсынады. Жоба құны – 10,5 миллиард теңге.


– Қажет қаражат көлемі өте көп. Оны жергілікті бюджет есебінен толтыра алмаймыз. Қазір қаржыландыру көзін іздестірудеміз. Әзірге әкімдік 2,5 миллиард теңге көлемінде ақша бөлді. Оны мердігер компания игеруді бастап кетті. Бірінші кезекте Амангелді көшесінен Қарағандыға шыға беріс бағыттағы жолдың қос қапталына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мердігер төменгі қабатты асфальтау жұмыстарын аяқтады. Бірнеше күннен соң мұндағы жұмыстар толық тәмамдалып, пайдалануға беріледі. Әрі қарай Металлург даңғылының тақ сан жақ қатары жөндеуге жабылады, — дейді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.
Үш шақырымға созылатын даңғылды толықтай қайта қалпына келтіруге үш жылға жуық уақыт қажет. Бұған ауа райының қолайсыздығына байланысты, құрылыс мерзімінің қысқалығы себеп. Әйтсе де, бас мердігер «Көкшетау автожол» ЖШС өкілдері жоспарлы жұмысты межелі уақыттан ерте аяқтауға бекініп отыр. Қосалқы мердігер – «Қарағанды автожол» ЖШС.
– Жолдың астынан өтетін тозған инженерлік желілерді ауыстыру мәселесін қатар шешеміз. Жалпы, жоба көптеген жұмыстарды қамтиды: жол төсемі ғана емес, сонымен қатар серуендеу аймақтарын абаттандыру, субұрқақтарды жөндеу, спорт алаңдарын және басқаларын да жаңартамыз, — дейді қала басшысы.
Жөндеу жұмыстары барысында тақ сан жақ қатардағы 7, 5 және 2 ықшамаудандарға және жұп сан қатардағы 3, 4, 6 ықшамаудандарға өтетін және коммуналдық желілер толық жаңартылады. Жол бойына суағарлар орнатылып, ортаңғы бөлікке жасыл желектерді суару жүйесі қойылады. Бұдан бөлек, орындықтар мен ойын алаңдарын салу және биодәретхана орнату да көзделген.
— Металлург даңғылының Амангелді көшесінен Республика даңғылына дейінгі ортаңғы бөлігіндегі аллея үш бөліктен тұрады. Жөндеу жұмыстарынан соң олардың әрқайссы өз алдына дербес демалыс аймағы ретінде жұмыс істейді, — деп атап өтті қала әкімі Ораз Тәуірбеков.
Мердігер компания «Қарағанды автожол» ЖШС директоры Жандос Уабовтың айтуынша, оларда жұмысты сапалы атқаруға қажет техника мен адам күші жеткілікті екен. Жұмысқа жергілікті тұрғындармен қатар басқа аймақтардан да білікті мамандар тартылған.
— Біз бұл салада ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз. Осыған дейін Қарағанды қаласында және басқа да ірі қалаларда жол жөндеу жұмыстарын атқардық. Техникалық базамыз өте жақсы деп айта аламын. Жұмыс күші де жеткілікті. Сонымен қатар, біздің өз асфальт зауытымыз бар. Бұл құрылысқа қажет материалдарды кешіктірмей, дер кезінде жеткізуге мүмкіндік береді, — дейді Жандос Уабов.


Қалада жылу желілерін жаңғырту жұмыстары басқа бөліктерде де қызу қардында жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Өйткені, қысы қаһарлы қала үшін жылу – бірінші кезектегі мәселе. Жөндеу жұмыстары қанша ауқымды болса да, қаладағы желілердің небәрі 10 пайызын ғана қамтиды екен. Яғни, 400 шақырым желінің 48 шақырымы жаңартылады. Бұл ең тозығы жеткен, жиі апат болатын аймақтар. Әрі олар кейінгі онжылдықта мүлдем жөндеу көрмеген. Мердігер компания – «Нұрай строй» ЖШС.
Компания өкілі Николай Волошиннің айтуынша, бірінші кезекте жаңа құбырлар сатып алынған. Содан кейін барып ескі құбырды қазып алып, ауыстыру жұмыстары басталыпты. Бұл өткен жылдардан алынған сабақ. Естеріңізде болса, №3 жылу магистралін ауыстыру барысында құбыр жеткізу жұмыстары ұзаққа созылып, жылыту маусымына зорға үлгерген болатын.
Жаңадан сатып алынған құбырлар бұрынғысынан әлде қайта жақсырақ екен. Құбырлар оқшауланған, қорғаныш қабығы бар, ішінде полиуретанды көбік қабаты бар. Бұл сенімдірек және жылу шығынын азайтады. Амангелді көшесі бойындағы құбырды ауыстыру барысында мердігер компания межелі уақыттан алға озып келеді екен. Енді бірнеше күннен соң мұндағы жоспарлы жұмыстар толық аяқталады.
Қаладағы тағы бір ауқымды жоба Абай көшесінің бойында жүргізіліп жатыр. Ұзақ жылдар бойы Металлург даңғылынан Момышұлы даңғылына дейінгі және одан Ауған соғысы ардагерлері ескерткішіне дейінгі аралықтағы құбырлар жер бетінде орналасқанды. Биыл құбырды жер астына ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Мердігер жұмысты жоспардан ерте тәмамдауда. Осы аптаның соңында жұмыс толық тәмамдалып, Абай көшесі мен Бауыржан Момышұлы даңғылының қиылысындағы жол учаскесі пайдалануға беріледі.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз