Жасанды интеллект қазақша үйренеді
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – Мемлекет басшысы ұстанған басым бағыттардың бірі. Бұл ретте тілдің жайы туралы мәселе көтеріп, аттандай беру аз. Қазір заман нақты қадам жасап, іспен көрсететіндердің заманы. Бұл ретте заманауи технологияның қазақша үйренгені аса маңызды. Дәл осы бағытта ауқымды жұмыстар да атқарылып жатыр.
Әр кезеңінің өзіне тән технологиялық жаңалығы болады ғой. Бүгінде әлемнің назары жасанды интеллектке бұрылған. Қажет ақпаратыңды әп сәтте алдыңа шығарып, оны саған қажет қалыпта өңдеп береді. Бірер секундтың ішінде миллиондаған мәліметті зерделеп, дайын өнім ретінде ұсынатын бағдарлама экономика үшін де, қоғам үшін де аса маңызды. Бұл қаншама жұмыс күшін, ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал, оны қазақ тілінде сөйлету, біздің отандық өндіріске ерекше үлес қосар еді. Бұл ретте, қазақстандық ғалымдар ауқымды іс тындырып, жасанды интелектке 50 мың қазақша сөз енгізіпті. Яғни, енді жасанды интеллект сізге қазақша мақала жазып, мәтіндерді аударып, қажет болса фильм түсіріп беруге де қауқарлы болады деген сөз.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, жасанды интеллектке осы уақытқа дейін жазылған кітап, аудио, ән және басқа да материалдардың цифрлық нұсқалары енгізілген. Бұл іске филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлыхан Аитова айналысып жатыр екен.
«Сөз» бен «сөз қолданыс» деген екі түрлі дүние. Біріншісі – тіліміздегі барлық түбір, туынды түбір тұлғасындағы жекелеген сөздер. Ал екіншісі – осы сөздердің барлық грамматикалық формасы, түрленген түрі. Қазақ тілінің екі кіші ұлттық корпусын жасап бітірдік. Биыл үшінші корпусын қолға алдық. Бұл шаралар тіліміздің қазіргі ахуалын түзетуге, түрлі сөздік жасауға, білім беру жағдайын ілгерілетуге мұрындық болады», – деді Нұрлыхан Аитова.