Жат ағымдардан сақтану жолы – БІЛІМ ІЗДЕУ

Ертеректе ел арасында діндар адамға деген сүйіспеншілік пен құрмет жоғары болған еді. Бес уақыт намазын қаза қылмай, тақуалық өмір салтын ұстанатын жандардың аузы дуалы, сөзі пәтуалы шығып жататын. Ал, қазір ше? Дінге жақын жүрген жандарды көрсе шошитын хәлге жеттік. Сонау, кеңестік идеология 70 жыл бойы қысым жасап, құрта алмаған дінге деген құрмет отыз жылда ойран болды. Бұған не себеп?

Әңгіменің әлқисасын әріден бастасақ, сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде діни ұйымдардың жұмысына тым көп еркіндік берілді. Алдымызда тәжірибе жоқ еді өйткені. Соны сәтті пайдаланған түрлі діннің өкілдері, секталар мен ағымдар жауыннан кейінгі саңырауқұлақша көбейіп алды. Кейін ес біліп, етек жапқан тұста бірқатар тәртіпке келтіргендей болдық. Десек те, жат ағымдар ұрығын сеуіп үлгерген еді. Мұның соңы ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізді жоққа шығаруға дейін ұласып кетіп жатты.

Иә, бұрын дін мен дәстүр егіз ұғым тәрізді еді. Осы күні екеуі бір қазанға қосылмайтын болып жүр. Бұл да сол, ұлттық ерекшелікті жоққа шығарып, дінді тар шеңберде түсіндіруге әуес ағымдардың әсері ғой. Әйтпесе, қазақтың бар дәстүрі мен ғұрпы діни ұғымдардың шеңберіне сай қалыптасып, оны жетілдіре түседі емес пе?!

Жат ағымдар жәй ғана сенім емес. Мұның артында үлкен саясат және қаражат жатыр. Иә, өкінішке қарай дінді де бизнеске айналдырып, аңғал адамдардың сенімінен үлкен қаражат тауып отырғандар бар. Бұлар бірінші кезекте жастарға ауыз салып, өз жақтарына тартуға күш жұмсайды. Себебі де белгілі, жас буын алды-артын ойлап жатпайтын аңғал әрі қызуқанды. Арбауға тез көнеді. Оның үстіне, экономикалық тұрғыда белсенді, еңбек етіп, қаражат табуға қауқарлы. Мемлекеттік саясатқа араласып, қажет болған жағдайда ағымның мүддесі үшін күресе алады. Ал, бүгінде 19 миллион халық тұратын Қазақстанда 29 жасқа дейінгі азаматтардың үлесі 25 пайызға жуықтап қалған екен. Осылардың бір бөлігі жат ағымның жетегінде кетіп қалса, ұлттық қауіпсіздігіміз бен келешегіміз үшін қаншалықты қатер төндіретінін ойлап көріңізші. Қорқынышты. Солай ма?!

Жастардың жат діни ағымдарға еріп кетуінің ең үлкен себебі – діни білімнің таяздығы. Сонымен қатар, қатігезденіп бара жатқан қоғамдағы рухани жұтаңдық. Адам писхологиясы сол, кейбір сәттерде ақиқат іздеп, рухани байлыққа ұмтылады. Өмірде болған келеңсіздіктер мен қиындықтардан құтылу үшін құдайды іздеуі мүмкін. Осы бір орайлы сәтті адастырушылар оңтайлы пайдаланып кетіп жатады. Олар адам писхологиясын өте жақсы меңгерген. Яғни, эмоционалды сезімдерді қоздыра отырып, оп-оңай торына түсіріп алады. Сырт көзге олардың айтқаны жөн, көрсеткен бағыты дұрыс көрінуі мүмкін. Ал, түбі – тұңғиық. Тіпті, адам әлгі арбаушының сөзіне күмәнданып қалса да, ашық қарсы шығып, ойын айта алмай қалып жатады. Өйткені, діни білімі болмағандықтан, өз ойынан өзі күдіктенді.

Бұған қарсы тұрудың бір амалы – жастардың рухани жан дүниесін байыту. Бірінші кезекте салауатты өмір салтын қалыптастырып, білімге деген құштарлықтарын ояту. Иә, адамды адасудан қорғайтын жалғыз дүние – білім. Мұны дәстүрлі Ислам діні де қолдайды. Өйткені, исі мұсылман жамағатының қасиетті кітабы Құран кәрімнің Мұхаммед (с.ғ.с) түскен ең алғашқы аяты «Оқы» деумен басталады. Бұдан бөлек, «Бір әріп үйренгенге қырық түйеге жүк боларлық сауап жазылады» дегені тағы бар. Әсілінде, білім іздеп, ғылым жолына түсу, тек, діни кітаптарды кеміріп, пайғамбарлар мен сахабалар өмірін жаттап алумен ғана шектелмесе керекті. Өйткені, Адам ата (с.ғ.с) он сегіз мың ғаламның құпиясына иелік етіп жаратылған ғой. Бұл адамзатқа құдайдың берген үлкен нығметі. Оны игеру, іздену парыз етілген. Ал, білім қуған жастар ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін де оңай ажырата алады. Сәйкесінше, жат ағымдағылардың жолына тосқауыл болып, алдауы мен арбауына тойтарыс бере алар еді.

Білім іздеу дегеннен шығады, Құранда «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» Нәхл сүресі, 43- аят, «Білгендер мен білмегендер тең бе?» Зүмәр сүресі, 9-аяттарда білімнің адам өмірінде алатын орынын қаншалықты маңызды екендігі туралы тайға таңба басқандай етіп анық айтылып тұр.

Әрине, заман бір орында тұрмай, күнделікті өзгеріп, технология дамып келе жатыр ғой. Егер бұрынырақта көшеде діни әдебиеттер, үн парақтар тарату, сол арқылы адам тарту белсенді жүргізілсе, қазір мұндайлар азайды. Әрі көшеде діни үгіт жүргізуге заң бойынша да тосқауыл қойылған. Қазір жастардың адасуына әлеуметтік желілер себепкер болып жатыр. Өкінішке қарай, танымал әлеуметтік желілерде тыйым салынған әдебиеттер мен уағызшылардың видеолары кең таралып, елді адастыруда. Мұндай топтар көп жағдайда дәстүрлі дінді желеу едіп, ұсынған контенттік басым бөлігін құран мен хадиске арнауы мүмкін. Тек, арасында жымысқы ойларын жариялап, өз идеологияларын жүргізеді. Ал, санасы ақпаратты сұрыптап, қажетін ғана алуға машықтанып үлгермеген жастар эмоционалдық сезімге ерік беріп, солардың соңына еріп кетуі мүмкін. Байқасыңыз, жат ағымды насихаттаушылар адамның заманауи білім алуына қарсы. Ілім іздеу дегенді діннің ғана шеңберіне сыйғызып, тек, осы бағыттағы ғана дүниелерді оқуға шақырады. Басқа нәрсеге мойын бұрғызбау үшін барын салады. Өйткені, білімі өскен сайын адамның санасы да жетіліп, ақ пен қараны оңай ажыратып алар еді.

Шыны керек, қазір қоғам барынша қатігезденіп кетті ғой. Жұмысбастылық, түрлі әлеуметтік мәселелер адамдар арасындағы байланыстың әлсіреуіне, сырласу мен мұңдасудың азаюына алып келді. Мұның барлығы адамның санасына, психологиялық жан-дүниесіне де үлкен өзгерістер алып келіп жатыр. Жат ағымның жетегіне кетіп жатқандардың да бір бөлігі осы психологиялық себептерге байланысты адасқандар екен. Жас кезінде алған кейбір психологиялық соққы, болашағының бұлыңғыр болуына себепкер болу әбден мүмкін. Отбасындағы зорлық-зомбылық, ата-анасының немесе жақын туыстарының ішімдікке, нашақорлыққа әуес болуы, достарының арасында абыройсыздық немесе белгілі бір жағдайларға байланысты өзін жайлы сезіне алмауы, кейбір жағдайларда өзінің жасаған ісінен қатты қорқуынан, ұялуынан, ыңғайсыз сезінетіндігінен психологиялық күйзеліске ұшырап, ауыр соққы алуы әбден мүмкін. Осындай қиын қыстау кезеңдерде жанында демеу болатын адамның табылмауына байланысты, жат ағым етегіне еріп жатады. Ағым өкілдері арасында азаматтың бұрынғы өмірі маңызды емес екендігін түсіндіріп, сынақ екенін айтып жанын тыныштандыру арқылы сеніміне кіріп, бауырмалдық сезімін ұялатады. Ойлап қараңызшы, ет жақыныңыз, бір туғаныңыз сізді түсініп, қолдау көрсетуге уақыт таппай жүр. Осы кезеңде өзін діндар ретінде танытқан айдаладағы біреу келіп сізге қорған болса, қандай сезімде болар едіңіз? Қиналған сәтте қолұшын созған адамға деген құрметіңіз бен сеніміңіз артып кетеді емес пе? Өкінішке қарай, жат ағым өкілдері адамның бұл жағдайын да орайлы пайдаланып кетіп жатыр…

Әрине, Қазақстан зайырлы мемлекет. Бізде адамдардың діни сенімі мен бостандығына Ата заңмен кепілдік берілген. Десек те, бұл түбегейлі бетімен жіберу дегенді білдірмесе керек. Біздің елдің басты байлығы – адам. Сондықтан да, мемлекеттік жүйе мен ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіріп, қоғамға қауіп төндіруі мүмкін ағымдарға тоқтау салынуы керек-ақ. Бұл санаулы адамдардың сенімін аяққа таптау емес, мыңдар мен миллиондарды болуы мүмкін қатерден қорғау.

Нұрлыхан Қалқаманұлы

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз