Жемқорлық – ел дамуын тежеуші фактор
Сыбайлас жемқорлық жайлаған елдің келешегі бұлыңғыр. Өйткені, жемқорлықтың жегі құрты қоғамның барлық саласына дендей еніп, ел дамуын тежейді. Салдарынан әлеуметтік-экономикалық прогрес тоқырап, бұқара халықтың билікке деген сенімі төмендейді. Халық қана емес, шетелдік серіктестер де мұндай елмен қандай да бір ортақ жобаларға отырудан аяқтартып, оқшаулай бастады. Толығырақ тарқатсақ.
Әңгіменің әлқисасын экономикалық зардаптардан бастайықшы. Мемлекет дамуы үшін елде шағын және орта бизнес қанат жаюы тиіс. Сонымен қатар, ірі өндіріс ошақтарының да өркендеуі назардан тыс қалмауы керек. Бірақ, алып кәсіпорындарды ұстап тұру үшін де қыруар қаражат қажет қой. Оны қайдан аламыз? Әрине, бірінші кезекте бұған шетелдік инвесторлар көмекке келеді. Қазақстан тәуелсіздік алған тұста инвестор тарту ісіне басымдық берді. Бұрынғы ортақ мүлік саналған зауыт-фабрикалар, кен орындары сырт елдің алпауыт компанияларының иелігіне ұсынылды. Бұл дұрыс та. Бүкіл әлемде бар, қалыпты практика. Бірақ, таяқтың екінші ұшы барын да ұмытпау керек. Себебі ол кәсіпорындар қандай шарттармен беріліп жатыр. Расымен де, өз ісіне ұқыпты, халыққа пайдасы тиетін жандардың иелігіне берілді ме, әлде бармақ басты, көз қысты әрекетпен кетті ме? Себебі өзін сыйлайтын ірі инвесторлар жемқорлық индексі жоғары елдерге қаржы құюдан бас тартады. Бірінші кезекте, мұндай елдерге салған қаражаттың талан-таражыға түсіп кетпеуіне кепіл жоқ. Екіншіден, жемқорлық жайлаған елде даму болмайды. Үшіншіден, шет мемлекеттерде ірі компаниялардың табысы, олардың келісімдері қатаң бақылауда. Егер компания қандай да бір дамушы елдермен күмәнді келісімдер жасайтын болса, кейін таяқтың екінші ұшы өздеріне тиіп кетуі мүмкін. Сондықтан да, инвесторлар көбіне жемқорлық дерті жоқ немесе аз елдерге баруды құп көреді.
Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың тағы бір зияны – бюджет қаражатының желге ұшуы. Иә, қазынаға қолсалудың саны экономиканың тиімділігін төмендетеді. Мұның соңы білім беру ісінің әлсіреуіне, денсаулық сақтау саласының құлдырауына әкеп соғуы мүмкін. Инфрақұрылымның тозуы, әлеуметтік мәселенің ушығып кетуі – бөлек әңгіме. Ал, мұның бәріне жауапты адамдар заң алдында сұранамыз-ау деп алаңдамайды. Себебі ол жақта да өздері тәрізді адамдардың табыларына сенімді.
Үшінші зардабы – бизнестің дамуына тұсау салуы. Кәсіпкерлер түрлі сылтау айтып келетін орган өкілдеріне пара ұсынуға мәжбүр. Әйтпесе, жұмыс істетпейді. Салдарынан бизнестің табысынан шығыны артады. Шығын, әсіресе қайтымы жоқ бос шығын ақыр соңы бизнесті тұралатып тынары анық. Әлгінде айтып өткеніміздей, ел экономикасының негізгі тірегі шағын және орта бизнес болса, олардың өспей жатып солуы ауыр соққы болады емес пе?!
Хош, қайтпек керек? Бұл тығырықтан шығудың жалғыз ғана амалы бар. Ол – жемқорлыққа мүлдем төзбеу. Өкінішке қарай, елімізде бұл дерт асқынып, әбден шегіне жеткен кезеңдер өтті. Қазір ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» идеясын алға тартып отыр. Басым бағыттардың бірі – жемқорлықпен күрес. Жылдар бойы ұрланған ел қазынасын бюджетке қайтару. Ымырасыз күрес жүргізу. Әсілінде, жемқорлыққа тұсау салуды биліктен ғана күтіп отыру дұрыс емес. Бүкіл халық болып қарсы тұрып, мүлдем төзбеушілік таныту керек. Сол кезеңде ғана қиындықты еңсеріп, еңсені тіктейміз.
Нұрлыхан Қалқаманұлы,
Мақала Теміртау қаласы әкімдігі аппаратының тапсырысы бойынша «Халық арасында сыбайлас
жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы аясында дайындалды.