Бишімбаевтың қорғаушысы істі «абайсызда қазаға ұшырату» бойынша қарауды сұрады

Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау өтіп жатыр. Айыпталушы – бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев. Бишімбаевтың қорғаушылары өтінішхатты оқып, оны «абайсызда қазаға ұшырату» бойынша жазаға тартуды сұрады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынова іс бойынша сотталушының әрекетін ерекше қатыгездікпен адам өлтіру деп саралауға негіз жоқ деп есептейді.

«Тергеу жүйелі түрде ұрып-соғу деректерін де, қаржылық тәуелділікті де дәлелденген жоқ. Қорғаушы тарап соталды тергеп-тексеруді жалғастыруды, Бишімбаевтың әрекетін 104-баптың 1-бөлігі («Абайсызда қазаға ұшырату») бойынша қайта саралауды сұрайды», — деді Назкен Құсайынова.

Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары істі қайта саралау заңсыз деп есептейді.

«Жоғарыда айтылғандар негізінде, Бишімбаевтың құқықтары мен бостандығын қорғау мақсатында, құрметті сот, сізден қылмыстық іс материалдарын қылмыстық іс жүргізу кодексінің заң бұзушылықтарын жою үшін алдын ала тыңдау сатысында прокурорға қайтаруыңызды сұраймын. Сот басты сот талқылауын ұйымдастыру, сондай-ақ оның көлемін анықтау мүмкіндігінен де айырылады. Немесе клиентті Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы және 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша қылмыстық қудалау тоқтатылсын», — деп қосты Назкен Құсайынова.

Бишімбаевтың қорғаушысы сотталушының өлтіру ниеті болмаған деп есептейді.

«Расында да мейрамханада жанжал болған (…) Бишімбаевтың барлық әрекеті Салтанат Нүкенованы тынышталдыруға бағытталған», — деді тағы бір адвокат.

Бишімбаев не үшін айыпталып отыр:

  • Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы «Көрiнеу кәмелетке толмаған адамға немесе кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамға, сол сияқты ұрланған не кепiл ретiнде қолға түсiрілген адамға қатысты қинау»;
  • 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру»;
  • 14-баптың 2-бөлігі 2-тармағы – айыптау тарапының пікірінше, Бишімбаевтың әрекетінен қылмыстардың қауіпті қайталануы байқалады.

Екінші сотталушы Байжановқа қандай айып тағылған:

  • Қылмыстық кодекстің 432-бабы «Қылмысты жасырып қалу»;
  • 434-бап «Қылмыс туралы хабарламау».
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз