Қарағанды облысында Наурыз мерекесі 10 күн тойланады

Қарағанды облысында Наурызды мерекелеу 14 наурызда басталып 23 наурызға дейін жалғасады. Экоакциялар, мейірімділік марафоны, шеберлік сабақтар, ұлттық киім фестивалі, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, сондай-ақ жаппай халықтық мерекелер, концерттер мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады.

Бұл туралы облыс әкімдігіндегі аппараттық кеңесте мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов мәлім етті.

Басқарма басшысы Наурыз мерекесінің күнтізбесін ұсынды. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналған:

14 наурыз – «Көрісу күні-Амал мерекесі»;

15 наурыз – «Қайырымдық күні»;

16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні»;

 17 наурыз – «Шаңырақ» (отбасылық құндылықтар күні);

18 наурыз – «Ұлттық киім күні”;

19 наурыз – «Жаңару»;

20 наурыз – «Ұлттық спорт»;

21 наурыз – «Ынтымақ»;

22 наурыз – «Жыл басы» (бұқаралық мерекелер, көктемгі күн мен түннің теңелу күні);

23 наурыз – «Тазару» (табиғат күні).

– Қарағандыда «Құс қанатындағы Наурыз» атты басты театрландырылған мереке 22 наурыз күні сағат 12:00-де Орталық мәдениет және демалыс саябағының жағасында өтеді. Экспозициялық киіз үйлер орнатылады, ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық жарыстар, сәндік-қолданбалы өнер көрмелері, ұлттық тағамдарды дайындау бойынша отбасылық байқаулар ұйымдастырылады, – деді Еркебұлан Жұмакенов.

Сондай-ақ, мерекелік іс-шаралар қаланың төрт алаңында өтеді: Жаңа Майқұдық МҮ, «Молодежный» МҮ (Пришахтинск), Теміржолшылар МҮ (Сұрыптау) және Достық үйінің (Оңтүстік-Шығыс) алдындағы алаңда.

Он күн бойы қалалар мен аудандарда Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар жоспарланған. Мәселен, 16 наурызда Global City аумағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. 18 наурызда Кеншілер мәдениет сарайында NAURYZ — FASHION этно-заманауи киім фестивалі өтеді. 20 наурызда облыс орталығында мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада, тазы тұқымдас иттер және аңшы құстар көрмесі өтеді.

Бұл күні аудандарда көкпар, сондай-ақ қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан жарыстар мен турнирлер өтеді. 23 наурызда өңірлерде су айдындарын тазалауға және аумақтарды қар мен қоқыстан тазартуға бағытталған тазалық эстафетасы басталады.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз