Теміртауда аймақтық ақындар айтысының жеңімпазы анықталды

Кеше Теміртау қаласында Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Тұғыры биік Теміртау» аймақтық ақындар айтысы өтті. Жыр додасында Қарағанды облысының аудан қалаларынан, Ұлытау, Қостанай, Павлодар өңірлерінен келген 14 ақын  өнер көрсетті. Бас жүлде – ұлытаулық ақын Сырым Нығызбаевтың еншісінде.


Қала әкімінің орынбасары Самат Зияшевтің айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – ұлтына адал қызмет еткен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімін ұлықтау, жастарға өнеге ету. Сол арқылы өскелең ұрпақты өнер-білімге, адал еңбекке шақыру.
14 ақын 7 жұпқа бөлініп, бес сағатқа жуық айтысты. Шын дүлділді анықтау мақсатында соңында 4 жұптың қатысуымен финалдық сайыс ұйымдастырылды.

— Қаныш – қазақпен егіз ұғымға айналған тұлға. Қазақ десе Қаныш, Қаныш десе қазақ еске түседі. Ақындарымызға академиктің өмірін жырға қосып, ел білмейтін, естімеген бейнелерін жарыққа шығаруы тиіс болғанды. Барлығы өз деңгейлерінде орындап шықты. «Арбамен жеткен арманға» деп жырлаған Сырымның бәсі басқалардан биік түсті. Сондықтан, бас жүлдеге лайық көрдік, — дейді қазылар алқасының төрағасы Қойлыбай Асанов.


Жыр додасында ақындар елдің ең өзекті мәселелерін, Теміртаудың тұрғындарын алаңдатқан дүниелерді де жырға қосуды ұмытпады. Қаланың орнын айшықтап, сонау Ертістен су тартқызған Қанышқа әлі күнге бір естелік белгі, көше атауы берілмегені де айтылып өтті. Идеологиялық тұрғыда көнерген көшелердің бірі, алдағы таңда ғалымға берілуі де бек мүмкін.

Білмейтін жұрт әлі күнге дейін «Теміртау орыстанған қала» деп жүр. Иә, бір замандарда солай болғаны да шын. Бірақ, қазір қаламыз қазақыланып келе жатыр. Қаладан төрт бірдей айтыс ақынының шығып отырғанының өзі, қазақы рухтың лебі есе бастағанын аңғартса керек. Бұйыртса, алдағы уақытта Қаныштай тұлғаға орталық көшелердің бірін береміз. Оған дейін ғалымның қазақ елін, Теміртауға сіңірген еңбегін ел біле жүрсін, — дейді қазылар алқасының мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Нұрхан Нұрмаханов.


Қазылар алқасының шешімі бойынша, айтыс жеңімпаздары:
Бас жүлде — Сырым Нығызбаев, I орын —Тілеубек Жанарыс, II орын иегерлері — Ерғалиев Әлихан мен Нығметолла Әлихан, III орын иегерлері — Самат Думан, Байсүгір Нұрмұхаммед, Төкенов Нұрлыбек.
Бұдан бөлек, айтысқа қатысқан барлық ақынға 100 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйлықтары берілді.
Айта кету керек, өндірісі қалада өнер додасын бұдан былай жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр. Келесі жылы қаланың 80 жылдық мерейтойында республикалық деңгейде айтыс ұйымдастырылады.

P/S: Айтыс туралы толғырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз