Теміртаудағы 5516 әскери бөлімінің сарбаздары арасында ақындар айтысы өтті

5516 әскери бөлімінде «Ұландары ұлықтаған мәңгілік ел» атты ақындар айтысы өтті. Иә, тыныштық күзетінде тұрған сарбаздар бір сәтке автоматтарын тастап, қолдарына қазақтың қасиетті қара домбырасын алып, сөз додасына түсті. Бұл — әскери бөлім тарихындағы алғышқы айтыс.

Сахына төріне 3 жұп, яғни, 6 ақын көтерілді. Олар осы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздары. Кәсіби ақындар емес. Арасында сөз өнеріне қызығып, қойын дәптеріне жыр жазатындары да бар. Домбыраны кеше ғана үйренгендері де жүр екен.
— Біз мұнда сарбаздарға қару ұстап, оқ атуды ғана үйретіп қоймаймыз. Олардың тәлім-тәрбиесіне, тұлға болып қалыптасуына да жауаптымыз. Сонымен қатар, әр әскери бөлімде сарбаздар мен әскери қызметшілерге мемлекеттік тілді үйрету, іс қағаздарын қазақша жүргізу ісін қадағалайтын мамандар бар. Сол жұмыстардың аясында ақындар айтысын өткізуді жоспарладық. Өйткені, бұл халқымыздың көнеден келе жатқан өнері. Оны ұлықтай отырып, кешегі батыр да дана бабаларымыздың өмірін ұлықтағымыз келді, — дейді «Орталық» ОңҚӘҚЖ басқармасының аға офицері, капитан Медет Жексентай.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақындар айтысы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің барлығында өтеді. 5516 әскери бөлімінде өткен жыр додасында сарбаз Нұрсұлтан Нұрахметовтың бәсі басым түсті. Ол енді аймақтық деңгейде өтетін айтысты әскери бөлім намысын қорғайды.

 

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз