Абай ұрпағымен кездескен соң туған ой

Мен 2023 жылғы Абай күні мерекесіне орай Астанадағы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында тамыз айының 10-ы күні Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Абай әлемі» атты іс-шараға барып қайтқан болатынмын. Ол сапарым жайлы қалалық «TEMIRTAU TYNYSY» газетіне мақала жаздым. Сол мақаланы осы іс-шарада өзім танысқан Абайдың ұрпағы Ләйлә ханымға табыстағанымда аз-кем әңгімелесіп қалып едім. Сол кездесуім оқырмандарыма ғибрат болсын деген ниетпен қолыма қалам алдым.

– Ләйлә, менің марқұм жолдасым Марал Хасен ағаңның ән салатын өнері бар еді. Сол айтатын әндерінің коронкасы «Ақылбайдың әні» болатын. Енді міне, Ақылбайдың шөбересімен сұхбаттасу сәті түскен екен менің оқырмандарыма өзіңді таныстырып өтші.
– Мен, Ләйлә Мұхлисқызы Баймағамбетова 1950 жылдың 7 ақпанында Павлодар облысы, Баянауыл ауданында тудым. Өзімнің бүткіл саналы ғұмырымды Семей қаласында өткіздім. Сол жерде орта мектепті, одан соң педагогикалық институтты бітіріп, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болдым. Ал 1996 жылы Абайдың мемлекеттік әдеби-мемориалдық қорық музейіне қызметке тұрдым. Ол жерде 15 жылдай Абайдың, Шәкерімнің, Мұхтардың, Алаш зиялыларының еңбектерін музейге келушілерге таныстырумен, экспозициялар ұйымдастырумен ағартушылық іспен айналыстым. Бірнеше рет көрмелер ұйымдастырып, көрермендердің ризашылығын, әруақтардың сауабын алып, құрметпен зейнеткерлікке шықтым.
– Ал енді шығу тегіңді түсіндіріп өтші, Ләйлә.
– Әкем Мұхлис Сәмекұлы Баймағамбетов 1907 жылы Шыңғыстау (қазіргі Абай) ауданында дүниеге келген. Ауыл мектебінде білім алып, 1924 – 1929 жж. Семей педагогикалық техникумында оқиды. Оны аяқтаған соң, Алматыдағы педагогикалық институтқа түсіп, оны 1932 жылы бітіріп шығады. Одан кейін Семей облысының оқу-ағарту комитетінде лауазымды қызметтер атқарған.
Ал әкемнің әкесі Салих атам – Абай романында айтылатын ертекші Баймағамбеттің баласы болса, әжем Ғибадат – Мұхтар аға Әуезовтың туысы болып келеді.
Марқұм әпкем Ишағы Жағыпарқызы – Мағауияның немересі, яғни Абайдың шөбересі: «Ләйлә, сенің әкең Алматыға іс-сапармен келе қалғандай болса, үнемі Мұхтар ағаның үйіне тоқтайтын» деп, маған айтып жүретін.
Әкем Мұхлис өте сауатты, көкірегі ояу, адамгершілігі мол кісі болған екен. Жазушы Ахат Жақсыбаев Ұлы Отан соғысы кезінде партизандар қосынын басқарған Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов туралы «Қайтпас қайсар» кітабын жазған. Сол кітапта батыр аға: «Мен өзімнің еңбек жолымды Кереку жерінде бастадым. 1938 жылы саяси-ағарту техникумын бітіріп, Павлодар облыстық оқу бөліміне инспектор болып қызметке тұрдым. Жиырмаға енді ғана толған кезім, сол оқу бөлімін Морщинин деген орыс басқарды, ал оның орынбасары болған Мұхлис Баймағамбетов деген аса сабырлы, мейірімді, іскер азаматтың жақсылығын көп көрдім. 1939 жылы Фин соғысы басталысымен мені әскерге алғанда қолыма қаражат ұстатып, аман-сау оралуымды тілеп қалған Мұхлис аға болатын», – деп жазған. Әкем Мұхлис те Ұлы Отан соғысының майданында талай ұрыстарға қатысқан, сонда жараланып, елге оралған. Ол Отан соғысының І дәрежелі орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған жауынгер. Елге оралған соң да оқу-ағарту саласында қызмет жасады.
Алдында айтып өткенімдей, әкем Мұхлис – Абай атамыздың ертекшісі Баймағамбеттің немересі. Баймағамбет Мырзаханұлы «Абай жолы» романында айтылатын кейіпкер, Абай атамыздың адал досы, шәкірті болған. Ақын өзінің оқығандарын Баймағамбетке айтып беріп, артынан одан соларды қайталап айтуды талап етеді екен. Ол ақынның сөзін, оның аузынан естіген әңгіме, қисса, өлеңдерін елге таратып, насихаттауда үлкен еңбек сіңірген тұлға. Баймағамбет атамды ұлы Мұхтар Әуезов өз көзімен көрген, айтқан ертегі-әңгімелерін өз құлағымен тыңдағандықтан: «Біздің бағымызға, менің бағыма қарай, ертекші Баймағамбет ұзақ өмір сүрді. Жасымда мен ол кісіні көп көрдім және ұзақ тыңдадым. Бір ғажабы – ақын Абайдың өз аузынан естігендерін ұмытпаған. Соның бәрі менің бойыма ауадай сіңіп, көңіліме қонған-ды», – деген естеліктерінде.
Ертекші Баймағамбет туралы Көкбай Жанатайұлы (Абайдың шәкірті, досы), Ахат Шәкерімұлы, Әрхам Ысқақовтың естеліктерінде де айтылады. Баймағамбеттің әкесі – Мырзахан – Құнанбайдың сенімді серігі, нөкері болған. Құнанбай жалалы болып Омбыға барғанда қасына ерген бірден-бір адам Мырзахан болды. Мырзаханның әкесі Туғанбай – Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың (Өскенбай би Ырғызбайдың баласы) атқосшысы, серігі болған.
– Ләйлә, өзің музейде қызмет атқарған уақыттарыңда қандай адамдармен кездестің, естен кетпес қандай естеліктерің бар?
– Мен музейге дейін-ақ атақты адамдарды көріп өстім. Мысалы, Мені Ишағи тәтем (Абайдың шөбересі) аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы батыр ағаның үйіне қонаққа ертіп апарды. Батыр аға бізді жылы қарсы алды. Мен ол кезде бойжеткен шағым, Баукең мені төрге, өз қасына отырғызды. Ол кісінің зор дауысы әлі құлағымда. Даңқты батырдың көз жанары өткір, қара шашын артына қайыратын, өте келбетті тұлға екен. Кетерімізде маған «Генерал Панфилов» кітабына қолтаңбасын жазып сыйға ұсынды. Бауыржан Момышұлының әйелі Кәмәш тәте біздің семейлік – жерлесіміз болып келеді. Ол кісі өте әдемі, атақты көпес Бекбай Байысовтың қызы болатын. Ал Бекбай Байысов 1947 жылы Ленин орденімен және «Орақ пен балға» алтын медалімен марапатталған тарихи тұлға. Абай өлеңдерінің алғашқы жинағы тікелей сол кісінің демеушілігімен шыққан.
Ал музейде қызмет істеп жүргенімде қолтаңбасын жазып маған құнды кітабын ұсынған Арғынбек Ахметжанов деген аға. Ол кісі де семейлік композитор-абайтанушы, журналист, үш шекті «альфара» музыкалық аспабын жасап шығарған қолөнер шебері, 18 жасынан бастап Абай өлеңдеріне романстар, әндер шығарған. Шәкерім атаның Ахат ұлымен тығыз қарым-қатынаста болған, «Рухани жол» деген жалпы тақырыппен «Абай тәлім». «Абай. Ән мұра», «Абай тәлім. Туындылар» деген атпен 2015 жылы үш кітап шығарған. Тағы да қолтаңбасын жазып маған тұңғыш кітабын ұсынған Абай мен Шәкерім танушы, өзі инженер бола тұра 40 жасынан бастап осы салаға бет бұрып шығармашылықпен айналысқан Асан Омаров ағай. Ғалым Абайдың «Ғақлиат-тасдиқат» еңбегін тереңінен зерттеп, ғылыми туынды жазған.
Қасиетті шаңырақ – Абай қорық музейінде қызмет істеп жүрген кезімде талай атақты тұлғалармен кездесіп, ол кісілердің ғибратты әңгімелерін, өнегелі сөздерін жадымда сақтап қалдым. Атап айтар болсам: Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Мұрат Әуезов, Рымғали Нұрғали, Рахманқұл Бердібай, Тұрсын Жұртбай, Фариза Оңғарсынова, Зәки Ахметов, Шерхан Мұртаза, Болатбек Нәсенов, Сұлтан Оразалин және т.б. тарихи тұлғалармен кездесу бақытына ие болдым.
Өзім жұмыс атқару барысымда түрлі тақырыпта экспозициялар ұйымдастырып, музейге келушілерге комментарий жасап жүрдім. Соның бірі – «Абай ұрпақтары майдан шебінде» деп аталатын экспозиция. Жеңіс күні қарсаңында осы экспозициямды көрмеге қойып, сол бойынша оқушыларға, басқа да музейге келушілерге жыл сайын мағлұматтар айтып беріп жүрдім, әруақтары разы болсын.
Атамызға қатысты игі шараларға ұрпақтары ретінде бәріміз қатысып жүреміз. Семейде Абайдың биік ескерткіші ашылғанда, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың ескерткіші ашылғанда да Абайдың барлық дерлік ұрпақтары барып қатыстық. Семейдегі Достық үйінде өткен кездесуге де бардық. Мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың Жидебайда қойған бюстіне барып тағзым еткенбіз. Қарқаралы қаласының Мәдениет үйінің қасында тасқа қашалып жасалған суретін де тамашалап қайтқанбыз.
– Ләйлә, Қарағанды қаласының жұртшылығына не айтасың?
– 2020 жылғы пандемия кезінде, Абайдың 175 жылдығы қарсаңында «Это наша с тобой биография» деп аталатын хабарды дайындау үшін Saryarqa арнасынан Азиля Джумабекова деген сондай мәдениетті бір тілші келіп сұхбат алды. Сонда мен Абайдың өте әділетті болғанын, өзінің туған бауырына да қарсы пікір айта алғанын, жастарды надандықтан алыстап оқуға, білім алуға, еңбек етуге шақырғанын айтып берген болатынмын. Ал ақынды жалпақ жұрттың түсінбеуі оның бір мұңы болса, жанашыр Оспан інісінің қайтыс болуына қоса көп үміт күткен оқыған балаларының қайтыс болуына қатты қайғыруы өзінің өліміне себеп болды дегенді де айтып едім. Бабамыздың 180 жылдығын Қарағанды қалай атап өтетінін, әрине, көргім келеді.
– Ләйлә, өзіңнің жеке отбасың жайлы да айта отыршы.
Менің өмірлік серігім Өскенбай Нұрсилаұлы деген азамат. Екеуміз Меруерт Олжас, Әсел деген ұл-қыздарымызды тәрбиелеп өсірдік. Олжастан Зере мен Зайнап атты немере сүйіп отырмыз. Қыздарымыздан өрбіген Нұрсұлтан, Әйгерім, Баян, Еңлік, Мұстафа атты жиендеріміз де бар. Осы ұрпақтарымызды бағып-қаққанымызға Өскенбай екеуміз мәз боламыз. Өміріміздің мәні мен сәні осылар!
– Ләйлә, ендеше біздің Қарағандыдағы Абай ескерткішіне де тәу етіп, жұртшылықпен бірер кездесу өткізіп, менің жерлестерім өзіңді көзбе-көз көріп, бабаң туралы түгесілмейтін айтарыңды тыңдаса екен деген тілегімді мен қоса кетейін, сенімен танысқаныма өте қуаныштымын, амандықта болайық!

P.S. Рымбала апайдың мына мақаласы облыс басшылығы мен Теміртау қаласының әкімдігіне салмақты ой салары анық. Әлем мойындаған қазақтың ұлттық кодына айналған Абай данамызға Теміртау қаласында ескерткіш орнату бастамасы аяқсыз қалмаса. 2025 жылы Ұлы Абайдың 180 жылдығына шейін ақын ескерткішін тұғырына қойып үлгерсек, өзімізге абырой болады деп есептейміз!

Рымбала СМАИЛОВА,
ҚР Журналистер одағының
мүшесі, аудармашы.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз