«Тіл — ұлттың жан дүниесі»

Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағы. Ана тілінің қадір-қасиетін біліп, тілді қазына байлыққа теңегеніміз жөн. Себебі, тіл – халықтың айнасы, жаны, мәні, сәні, келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – салт-дәстүрі мен тілі және діні. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.

Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Біздің тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асты. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып жарияланды.
Тәуелсіздік алғалы бері тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тілге деген құрметті арттыру мақсатында қаншама мемлекеттік бағдарламалар мен шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де жаман емес. Алайда кейбір мекемеде қазақ тілінің жағдайы ақсап тұр. Орыс тілінде сауатты жазылған сөз, қазақ тіліне тура, дәлме-дәл аударылып, қазақ тілінің әдемі, көркем тіл байлығын қор қылатын жайттар да бар. Дүкендердің атынан, көшелердің атынан қателіктер көрсек те, бейқам өте береміз. Осының бәрі, әлі күнге дейін орыс тілінің ырқынан шыға алмай жүргендігімізден болар. Расында, қазақ халқының басы небір зұлмат, нәубәт, қасіретті, қайғылы күндер өткені бәрімізге аян. Еліміз жетпіс жылдай Ресей елінің қарамағында болды. Ата-анамыз орыс тілін ұлықтады. Халқымыз өз тілін, дінін, тіпті салт-дәстүрін ұмытардай халге жетті. Сан ғасыр бойы аңсаған тәуелсіздікке жетіп, тіліміздің түп-тамырымен жойылып кетпегеніне шүкіршілік еттік.
Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы ана сүтімен бойға дарыған қазақ тілі ғана еді.
Ана тілі – ананың ақ сүтімен әр қазақ баласының бойына сіңген тіл екенін мен де, сен де, ол да біледі. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр азаматтың қасиеті – өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүюімен, өз ана тілін қалай білуімен өлшенбек. Әркімнің тілге деген құрметін өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметінен білуге болады. Қазақстанның болашағы – біз, яғни қазақ жастары. Демек біздің міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін асыру болмақ. Өз тілімізге жанашыр жастар да жоқ емес. Өлеңмен, патриоттық әндермен халықты жігерлендіріп, рух беріп жүр. Әр қазақ баласы тіліне жаны аши қарап, өз тілін дәріптей білсе, түбінде тіліміздің дәрежесін көтере алатынымыз анық және айқын. Осы орайда өз өлеңіммен аяқтағым келіп тұр.

Мен аулақпын себепсіз тығылудан,
Туған тілім,түспеші тұғырыңнан
Туған тілім-тірегім, жұбанышым,
Артық көрем өзіңді ғұмырымнан

Туған тілде сайраған бабаларым,
Туған тілде сайраған аналарым.
Ұрпағына сақтады қазақ тілін,
Сөйлесе деп сол тілде балаларым

Өз тілдің біз үшін сыйы бөтен
Туған тілге сөз қорын жиып өтем
Мәртебеңді көтеріп қай кезде де,
Туған тілім, өзіңді сүйіп өтем.

Ж.Д Амирбаева,
Орталық кітапхананың
кітапханашысы.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз