Теміртауда Қасым Ботановтың шығармашылық кеші өтті
Теміртау қаласының орталық кітапханасында белгілі ақын Қасым Ботановтың шығармашылығына арналған «Сексеннің сеңгірін бағындырған…» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кеш барысында ақын өлеңдері оқылып, замандастары жастық шақтағы қызықты хикаяларымен бөлісті.
Қасым Ботанов есімі теміртаулықтарға жақсы таныс. Жастық шағында орыс мектебінде тәлім алып, қазақ тіліне шорқақ болған екен. Сонау, Татарстанға дейін тәлім алған. Әйтсе де, бойында ұлттық руһы бар азамат аз уақыттың ішінде ана тілін жетік меңгеріп, поэзия әлеміне еркін қанат сермепті. Өлең жазумен қатар, бірқатар ақын-жазушылардың еңбегін өзге тілге аударып, жалпақ жұртқа таныстырған еңбегінің өзі бір төбе. Ал, бұл кісінің шыңдарды бағындырған альпинист, алысты жақын қылған жиһангез екенін көп адам біле қоймайды.
— Мен Қасым ағаның қасында ұзақ жүріп, тәрбиесін алдым, қамқорлығын көрдім. Бұл кісінің ең үлкен еңбегінің бірі – қалада қазақ тілді «Теміртау» газетін шығаруды қолға алған кездегі мәрттігі дер едім. Ұлтжанды азаматтар бас болып ашқан газет біраз уақыт редакция ғимараты болмай, әр бұрышта жүріп қалды. Сонда Қасым аға өзінің стамотологиясының бір бөлмесін босатып беріп, қолдау көрсеткен еді.
Қасым аға нағыз «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Үлкен кісілер білетін болар, бірақ, жастар жағы біле бермейтін бір қасиеті – спортшы екені. Бұл кісі Теміртаудан сонау Алматыға дейін жаяу барған еді кезінде. Онымен де тоқтап қалмай, Алатаудың асқар шыңдарын бағындырып, Қырғызстанға дейін барып-қайтты, — дейді Руза Алдашева.
Кеш барысында қаламыздың Ардагерлер алқасының төрағасы Шынуар Серікбаев пен спорт ардагері Кемелбек Сүйімбаев ақынды мерейлі жасымен құттықтап, Алғыс хат табыстады және иығына ұлттық құраманың спорт киімін жапты.
Кеш барысында Бекзат Аронованың жетекшілігімен келген Ғ.Жұбанов атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары өнерімен жиылған жұртты тәнті етіп, кітапхана залын әсем ән мен тәтті күйге бөледі.