Теміртауда Наурыз мейрамы он күн тойланады
Ұлттық дәстүріміз бен құндылықтарымызды паш ететін Наурыз мейрамын атап өту биыл түбегейлі жаңа сипатта өтеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Наурызды бірлік, бауырластық пен ынтымақ мерекесі ретінде қалыптастыру тұжырымдамасы аясында берген тапсырмасы бұл. Әдетте Жаңа жылға 1 ай бұрын дайындалатын елі, ұлттық мейрамды 21 наурыз естеріне алып, 22 наурыз мерекелік концерттен кейін ұмытып кетіп жататын. Ал, биыл ел көлемінде 10 күн бойы тойланбақ. Қаламызда да түрлі бағытта рухани-танымдық шаралар қолға алынады.
Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлмира Олжабаеваның айтуынша, қалада Наурыз мейрамына орай елуден астам шара өткізу жоспарланған. Көрнекі орындарға 4 баннер орнатылып, 14-23 наурыз күндеріне арналған «Наурызнама» онкүндігі жарияланыпты. Әр күн белгілі бір тақырыптарға бағытталған.
Яғни, 14 наурыз – «Амал» мерекесі. Бұл күні теміртаулықтар туған-туысқа, көршілер мен жасы үлкен азаматтарға сәлем берді. Өнер ұжымдары қаланы аралап, халық көп жиналатын орындарда мерекелік шағын концерттер ұйымдастырды. Сондай-ақ, рухани-танымдық жиындар да қолға алынды.
15 наурыз – Қайырымдылық күні болып бекітілген.
«Қайырымдық» акциясы аясында еріктілердің, қала жастарының қатысуымен жалғызбасты зейнеткерлердің аулаларында сенбілік ұйымдастырылады. Аз қамтылған отбасылар мен балалар үйлерінің балаларына Наурыз логотипі бар сыйлықтар мен ұлттық тәттілерді тарату бойынша акция өткізіледі. Қарттар үйінде қаланың өнерпаздары мерекелік концерт ұйымдастыратын болады.
Наурыз мейрамын мерекелеуге байланысты ағымдағы жылы мүмкіндіктері шектеулі адамдарға жалпы сомасы 406,8 млн.теңгеге (6780 адам) 60.000 теңгеден біржолғы көмек көрсетіледі», — дейді Гүлмира Серікқызы.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Атаулы күннің мақсаты – ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрімізді насихаттау. Қаламызда осы күні баланы бесікке бөлеу, тұсау кесу, беташар тәрізді дәстүрлеріміз көрсетілетін шаралар және қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылмақ.
17 наурыз – Шаңырақ күні. Мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу. Бұл күні Достық үйінде этномәдени ұйымдармен, ақсақалдар, аналар алқасымен, ардагерлер кеңесімен мерекелік шара өтеді. Перзентханалар мен дағдарыс орталықтарында босанған әйелдерге «Наурыз – базарлық» құрмет көрсету акциясын өткізу ұсынылады.
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Жоспар бойынша қаламыздың орталық көшесінде ұлттық киімдер шеруі өтуі тиіс. Оған еңбек ұжымдары, қала тұрғындары ұлттық өрнектермен безендірілген киімдер киіп, қатыса алады. Сонымен қатар, Мәдениет Сарайында қазақтың ұлттық киімдерінің көрмесі ұйымдастырылады.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. «Тау» спорт клубында,» Строитель» спорт кешенінде, Ақтау кентінің спорт ауласында асық ату, қазақша күрес, кір көтеру және т. б. ұлттық спорт түрлерінен спорттық жарыстар өтеді. Сол күні Теміртау мәдениет Сарайында тоғызқұмалақтан қалалық жарыс өтеді.
21 наурыз – Ынтымақ күні болып бекітілді. Мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айжан Қойшыбаеваның айтуынша, қала тұрғындарының ұсыңысымен Теміртау мәдениет Сарайында Халықтық концерт өтеді. Бұл шараға қаламыздағы асабалар, шара жүргізушілер, әншілер, дәстүрлі ән орындаушылар, домбырашылар, күйшілер, термешілер, жыршылар, фольклорлық ансамбльдер, этно-мәдени орталықтардың өкілдері, ақын-импровизаторлар – айтыскерлер қатысып, өз өнерін көрсете алады.
22 наурыз – Жыл басы
Ұлыстың ұлы күнін тойлауға арналған басты шара Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының артындағы «Бірлік» алаңында өтеді. Мұнда 4 алаң құрылады деген жоспар бар. Бірінші алаң, 8 экспозициялық киіз үйден тұратын этноауыл.
«Барлық киіз үйлерде сәндік-қолданбалы шығармашылығының қазақ ұлттық түрлері және «Киіз басу», «Құрақ құру», «Ұршық иіру», «Шаш өру», «Кестелеп тігу» және қазақ ұлттық тағамдары: ірімшік, құрт, талқан, айран, жент, наурыз көже дайындау бойынша шеберлік сыныптары өтеді.
Сонымен қатар этнографиялық киіз үйлерде тұрғындар қазақ халқының ұлттық аспаптары мен ұлттық киімдерін тамашалай алады. Киіз үйлердің есіктері қаланың барлық тұрғындары үшін ашық болады, әр киіз үйде қызықты бағдарлама дайындалады», — дейді Айжан Қойшыбаевна.
Екінші алаң – спорт аумағы. Мұнда арқан тарту, кір көтеру, қошқар көтеру сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылады.
Үшінші алаң – жәрмеңке. Кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілікке ұсыну мүмкіндігіне ие. Басымдық қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарға берілмек.
Төртінші алаңға үш жүз бен қала тұрғындарының ата-тегі жазылған Шежіре бәйтерегі орнатылмақ. Бұл шараның шарттары мәдениет және демалыс саябағының инстаграм желісінде жарияланды. Қала тұрғындарынан ұсыныстар түсіп жатыр.
Салтанатты концерттік бағдарлама 2 кезеңде өтеді. Алғашқы кезең сағат 12:00 – 15:00 аралығында өтеді. Оған көркемөнерпаздар мен кәсіби әртістер қатыспақ. Ал, негізгі Гала-концерт сағат 19:00-21:00 аралығында ұйымдастырылады.
— Биыл Наурыз мейрамы мұсылмандар үшін қасиетті ай – Рамазанға тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан, қала тұрғындарының ұсынысы бойынша алғашқы рет кешкі гала-концерт ұйымдастырылады. Онда қазақстандық танымал өнерпаз, халықаралық фестивальдер мен конкурстардың лауреаттары Парвиз Назаров өз шығармашылық тобымен және танымал жас жұлдыз AYREE өнер көрсетеді. Сонымен қатар, Александр Филатов, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің әншілері гала-концерттің құрметті қонақтары болады, — дейді Айжан Қойшыбаевна.
Сонымен қатар, мерекелік концерт барысында арнайы ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздары марапатталады. Қаламызда 14 – 21 наурыз аралығында «Наурыз нақышымен безендірілген ең әдемі қоғамдық көлік» және «Наурыз нақышымен безендірілген ең тартымды безендірілген шағын, орта бизнес объектісі» байқауы өткізіліп жатыр. Жалпы жүлде қоры – 2 млн теңге. Жеңімпаздар 22 наурызда белгілі болады.
Онкүндікті 23 наурызда «Тазару» күні түйіндейді. Ішкі саясат бөлімі Жаңа жылды жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өткізуді ұсынды. Яғни, қала жастары «Тазалық эстафетасын» бастап, суат көздерін, аулаларды қардан және қоқыстан, оның ішінде мерекеден кейінгі қалдық заттардан тазалау іс-шараларын ұйымдастырады.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»