Теміртауда көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде

Қыс кеш басталса да қардың көлемі жылдағыдан анағұрлым көп. Сондықтан, құзырлы органдар қарғын судан сақтану шарасын ерте бастан қолға алып, төтенше жағдайдың алдын алмаққа қам қылған-ды. Су басу қаупі бар аумақтар тексеріліп, арықтар тазалануда. Толығырақ тарқатсақ.

Мойындау керек, коммуналдық қызмет өкілдеріне бағытталған сын көп болды биыл. Өйткені, қаланың шеткері аймақтарын былай қойғанда, орталық аудандардың өзінде дер кезінде шығарылмаған қар үйінділері бар. Ішкі орамдағы жолдардың уақытылы тазаланбай, сірескен мұз болып қатып қалғанын қосыңыз бұған. Күн жылт етіп, жылымық таныта бастап еді, көлікпен жүру мұңға айналды. Жол ортасында көлдей болып жиналған судың астында не бары бір құдайға ғана аян. Бәлкім, асфальт қармен бірге еріп кетіп, үлкен шұңқыр пайда болған шығар? Әлеуметтік желіге шолу жасап көрсеңіз, көлігі шұңқырға түсіп кеткендердің талайын көресіз. Ол былай тұрсын, есіктің алдына дейін келген судан үйіне кіре алмай қалған ағайын да бар. Мәселен, соңғы бірер күнде 112 желісіне дәл осындай үш қоңырау түсіпті. Олардың бәрі дер кезінде қолға алынып, қолайсыздықтар жойылған.
— 6 ықшамауданда үйдің кіреберіс ауласына су жиналып, тұрғындар үшін қиындық туғызған. Біз «Оқжетпес» техникасын тартып, суды сору жұмыстарын жүргіздік. Әлеуметтік қала бойынша да көптеген сұрақ бар. Қар тазалау, су сору жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, жеке сектордағы жолдарды саз-балшықтан құтқару үшін тас төсеу үшін мемлекеттік тапсырыс жарияланды. Мердігер анықталған соң бұл жұмыстарды да қолға аламыз, — дейді Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қанат Хасенов.
Құтқарушылардың айтуынша, күз жауын-шашынды болды. Артынша қара суық түсіп, тоң қатты. Қазір тоңның қалыңдығы жарты метрге жуықтайды екен. Яғни, қар күрт ерісе, ол топыраққа сіңбей, жердің бетімен ағып кетеді деген сөз. Бұл қарғын судың қаупін күшейте түседі.

Ақпан айынан бастап қаладағы ең қауіпті деген орындар, яғни Огородная, Западной, Матеровский, Мусалимов және Школьный көшелерінен қар шығарылып, арықтарды тазалу жұмыстары ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, орталық көшелердегі суағарлар да тазаланыпты. Ал, Ақтау кентінде «ЦентралАзияЦемент» АҚ және «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесе отырып арықтар мен жолдағы су өтпелдері тазартылған. Сонымен қатар, кенттегі жеке тұрғын үй секторларындағы қарды шығару жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді екен.
— Қазір біз шағымдардың барлығы бойынша жедел шаралар қабылдап жатырмыз. Су басу қаупін азайту үшін өз күштерімізден бөлек, мердігерлерді де тартып отырмыз. Осы ретте, жеке сектор тұрғындарына үйдің айналасындағы қарды дер кезінде шығару қажет екенін тағы да еске салғым келеді. Уақытылы шығарылмаған қардың салдарынан су басу қаупі төнеді. Біз қашан да қолғабыс көрсетуге әзірміз. Көрсетеміз де. Бірақ, жекеменшік үйлердің тұрғындары да белсенділік танытуы тиіс, — дейді қалалық ТЖ басқармасының басшысы Нұрмұхамед Интуев.
Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қаламызда жеке құрамның 232 қызметкері және 49 дана техникадан тұратын арнайы топ жасақталған. Құтқарушылардың қолында су соруға арналған 29 құрылғы бар. Егер су басу жағдайы орын алса, тұрғындарды уақытша қоныстандыру үшін арнайы орындар да әзірленіпті.
— Гидротехникалық нысан иелерінің мәліметінше, жоспарланған жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары толық орындалған. Наурыз айының басында су қоймасындағы судың көлемі 192 миллион текше метрді құрады. Бос кеңістік – 61,5 миллион текше метр. Қазіргі таңда Самарқанд су қоймасынан секунтына 2 текше метр су босатылуда. Күн райына қарай, наурыз айының ортасында оны көбейту мүмкіндігі қарастырылады, — дейді Нұрмұхамед Интуев.
Сонымен қатар, басқарма басшысы балықшыларға да ескерту жасай кетуді жөн көрді. Мұз астынан балық ұстауды ұнататын азаматтардың арасында тәртіпке бағынбай, мұзға көлігімен шығып кетушілер кездеседі екен. Бұл адамның өміріне аса қауіпті болуы мүмкін. Әрі күн райы күрт жылынса, мұзға шығудан аулақ болған абзал. Жоспар бойынша, қысқы балық аулау маусымы 1 сәуірде тоқтатылады. Бірақ, құтқарушылар қатердің алдын алу үшін ерте бастан қам қылып, сақтық шараларын сақтауды сұрайды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз