Автобустың жыры – жолаушының мұңы
Теміртауда қоғамдық көлік мәселесі күйіп тұр. Халық автобустардың уақытылы келмейтінін айтып жиі шағымданады. Олардың іші лас, суық әрі тар екені бөлек тақырып. Тұрғындар тарапынан түскен толассыз шағымдардан соң қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі «TTS» компаниясын сотқа бермек. Мақсаты – келісімшартты үзу. Өйткені қаладағы жолаушы тасымалы бағыттарының басым денін иеленген кәсіпорын өз міндетін тиісті деңгейде атқара алмай отыр екен.
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қанат Хасеновтің айтуынша, қазіргі таңда мамандар сотқа жолдауға қажет құжаттарды әзірлеуге кіріскен. Бұған дейін ел жиі шағымданатын №6, 22, 23,12,8, 7,14 және 10 бағыттағы автобустар «TTS» ЖШС компаниясына бірнеше мәрте ескерту жасалмаған. Әйтсе де, ол тиісті деңгейде еленбепті. Енді заңда көрсетілген тәртіп бойынша келісім шартты үзу үшін істі сот қарауы тиіс.
— Халық тарапынан өте көп шағым түсіп жатыр. Жоспар бойынша, күн сайын 140 автобус жолаушы тасымалдауы керек. Ал іс жүзінде 84 автобус қана жүр. Оның ішінде, 70 автобусты «TTS» компаниясы шығаруы керек болған. Олар жолаушы тасымалдауға небәрі 30 автобусты ғана шығарып отыр, — дейді Қанат Хасенов.
Қаладағы жолаушы тасымалының жыр болғаны тек биыл емес. Бұл мәселе талайдан бері айтылып, көтеріліп келе жатқан еді. Әсіресе карантиннен кейін тіптен өрши түсті. Теміртаудағы жолаушы тасымалы мәселесінің өзекті екенін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев «Saryarqa» телеарнасының тікелей эфирінде тұрғындар сауалына жауап берген тұста мойындаған болатын. Жолаушы тасымалдаушылардың бұған қатысты өз шындықтары бар. Олар субсидияның аздығы мен жүргізушілердің тапшылығын айтып шағымданады. Сонымен қатар, зауыттың өз қызметкерлерін арнайы автобустармен алып кетуіне де қарсы. Айтуларынша, жүргізушілердің дені кәсіпорынның автобустарына ауысып кеткен. Өйткені, олардың жұмыс кестесі жеңіл, ал айлығы қалалық көлікпен тең. Ал, зауыт қызметкерлері болса, егер кәсіпорынның қызметтік автобустары тоқтап қалса, қалалық жолаушы тасымалдаушылары тиісті деңгейде қызмет көрсете алмайды деген сенімде.
Хош, субсидия төлеу мәселесіне келсек. Қанат Хасеновтің айтуынша, қазір жолаушы тасымалдаушыларға жоспарланған 100 пайыз субсидияның, тек 27 пайызы ғана төленіп отыр екен. Бұған бірнеше себеп бар. Ең алдымен мердігерлер өздеріне жүктелген міндетті дұрыс орындап отырған жоқ. Сондай-ақ, қолма-қол төлем жүйесі де нақты қанша шығын кеткенін көрсете алмайды.
— Субсидия мәселесі «Оңай!» төлем жүйесі енгізілген соң түбегейлі шешімін табады. Сол кезде біз қаладағы жолаушылардың нақты санын және тасымалдаушылардың шынайы табысы мен шығындарын есептей аламыз. Әрі бұл төлем жүйесі енгізілген соң 18 жасқа толмаған азаматтарға облыс орталығындағы тәрізді жолақы құнын тегін қылу мәселесін қалалық мәслихатпен бірге қарастырамыз, — дейді Қанат Хасенов.
Бет қатталып жатқан тұста, тағы бір тың ақпарат келіп түсті. Қарағанды облысында облыс орталығы мен спутниктік қалалар арасындағы автобус маршруттарына тарифтерді қайта қарау ұсынылды: электрондық төлем кезінде 80-нен 100 теңгеге дейін және қолма-қол төлем кезінде 200 теңгеге дейін. Сапар құнының өзгеруін облыстық мәслихат депутаттары кезектен тыс, ХІІІ сессияда бекітті.
– Спутниктік қалалармен қалааралық маршруттардағы қолма-қол төлем кезіндегі тарифтер 2014 жылдан бастап қолданылады. Тарифтер бекітілген кезден бері шығындардың негізгі баптарының құны айтарлықтай өсті. Осыған байланысты бюджетке түсетін жүктемені азайту, сондай-ақ шығындарды азайту мақсатында қалааралық маршруттардағы тарифтерді қайта қарау ұсынылады: электрондық төлем кезінде 80-нен 100 теңгеге дейін және қолма-қол төлем кезінде 200 теңгеге дейін, – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов.
Қарағанды облысында облыс орталығы мен спутниктік қалалар арасындағы автобус маршруттарына тарифтерді қайта қарау ұсынылды: электрондық төлем кезінде 80-нен 100 теңгеге дейін және қолма-қол төлем кезінде 200 теңгеге дейін. Сапар құнының өзгеруін облыстық мәслихат депутаттары кезектен тыс, ХІІІ сессияда бекітті.
– Спутниктік қалалармен қалааралық маршруттардағы қолма-қол төлем кезіндегі тарифтер 2014 жылдан бастап қолданылады. Тарифтер бекітілген кезден бері шығындардың негізгі баптарының құны айтарлықтай өсті. Осыған байланысты бюджетке түсетін жүктемені азайту, сондай-ақ шығындарды азайту мақсатында қалааралық маршруттардағы тарифтерді қайта қарау ұсынылады: электрондық төлем кезінде 80-нен 100 теңгеге дейін және қолма-қол төлем кезінде 200 теңгеге дейін. Бұл ретте, жол жүру құнының өсуіне қарамастан, ұсынылатын тариф ONAY! жүйесі енгізілгенге дейін бұрын қолданыста болған тарифтерден аспайтынын атап өткен жөн. Тек Саран қаласы бойынша айырмашылық 5 теңгені құрайды, – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов.
Ол соңғы төрт жылда автопарктер 400 жаңа автобус сатып алғанын атап өтті. Жаңарту жалғасады. Қарағанды – Теміртау арасында қатынайтын 107 бағыты бойынша шағымдар болды. Жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту үшін автобустар саны 10-нан 16-ға дейін өсті. Сонымен қатар, Майқұдық, Пришахтинск және Теміртау арасындағы 100 – ші маршрут қайта жанданды.
Автопарктер жүргізушілердің жалақысын 2,5 есеге – 400–450 мың теңгеге дейін арттырды, деп толықтырды спикер.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»