Теміртауда «Таза Қазақстан» акциясының алғашқы аптасында 1557 тонна қоқыс шығарылды
Теміртаулықтар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене атсалысуда. «Таза өлке» атауымен өткен алғашқы апталықта сенбілікке 2270 адам қатысып, 1557 тонна қоқыс шығарылған. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен брифингте Ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлмира Олжабаева мәлімдеді.
«Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар, отансүйгіштік, қоршаған ортаға деген жанашырлық пен табиғатты қорғау құндылықтарын дәріптеу. «Таза өлке» апталығына қарапайым қала тұрғындары, қоғам белсенділері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен жастар және кәсіпкерлер қатысты. Олар белгіленген аулаларды қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді», — дейді Гүлмира Олжабаева.
Тазалық жұмыстары апта бойы жалғасқан. Оған негізінен жастар мен еріктілер қатысты. Ал, 13 сәуір күні жалпықалалық сенбілік өтіп, 1520 адам сенбілікке шықты. Жиналған қоқыстарды дер кезінде полигонға шығару үшін 38 тиеу және 113 жүк көлігі тартылған.
«Осы апта «Киелі мекен» деп аталады. Қала аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Адам – табиғаттың төл перзенті. Халқымыз көктемде ауласын тазалап, үйлерінің айналасына гүл егіп, бұлақтар мен арықтарды тазартқан. Осы игі дәстүрді жалғастырайық. Әр адам қаламыздың тазалығына өз үлесін қосса екен», — дейді Гүлмира Олжабаева.
Айта кету керек, қала әкімшілігі тазалық акциясы барысында тұрғындарға ірі көлемді қалдықтарды қоқыс алаңына шығаруға рұқсат берді. Яғни, айыппұл салынбайды. Қала билігі осы арқылы тазалық шараларынан кейін қоқыс алаңдарында ірі қалдықтардың жиналып қалуының алдын алмақ. Сонымен қатар, өздеріне тиесілі аумақтарды жинау және таза ұстау бойынша тұрғындар мен кәсіпкерлерге түсіндіру және ескерту жұмыстары жүргізілуде. Егер ескертуді елемеген азаматтар болса, оларға қолданыстағы заңнамаға сай айыппұл салынады. Экологиялық акция басталғалы бері қалалық полиция басқармасы 142 хаттама толтырған.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз