Ақын өлеңдерін жатқа оқыды

Бұрнағы күні Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында белгілі ақын Жеңіс Қашқынов оқулары өтті. Ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысына аймағымыздың әр өңірінен талапты да таланты жас өрендер қатысқан еді. Ерекше көзге түсіп, жүлделі орын иеленгендердің сапында теміртаулық жас өрен – Асылзат Еркаш бар. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Жеңіс Қашқынов оқуларына қатысуға 35 білім ошағынан жүзге жуық өтінім түскен. Қатысушылар 2-3 сынып оқушылары. Байқауға облыстық мәслихат депутаты, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұл мен Жеңіс Қашқыновтың туған інісі Мелс Қайшқыновтың ұлы Ернат Мелсұлы демеушілік көрскеткен.

«Былтыр да осы сайыстың басы-қасында болып, жеткіншектердің өлеңге деген қызығушылығын көрген едік. Биыл да кітапханамен бірлесіп, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауға тырыстық. Байқауға облысымыздың түкпір-түпкірінен 100-ге жуық өтінім түскенін көріп шын қуандым. Бабалар сөзін жаттаған балалар рухани бай болып өседі», — деді Айтбай Жұмағұл.

Абай атындағы Қарағанды облыстық кітапхананың директоры Баян Уатаева болса қазақ əдебиетінің көрнекті өкілі Жеңіс Қашқынов атындағы бұл байқауды былтыр ақынның туғанына 80 жыл толған мерейтойы кезінде қолға алғандығын айтып өтті.

«Балалар жəне ұстаздар тарапынан ынтаның өте жоғары екенін байқадық. Биылғы сайыс кітапханамыздың құрылғанына 70 жыл толуына сəйкес келді. Басты мақсатымыз — республикамызға танымал, өлеңдері бала жүрегінен орын таба білген жергілікті ақын шығармашылығын барынша дəріптеу, балалардың кітапқа деген қызығушылығын ояту, шығармашылық талпыныстарын қолдау», — деді Баян Уатаева.

Байқау қорытындысы бойынша  I орынды — № 66 ЖББМ 2-сынып оқушысы Айдана Серікбай алса, II орын Абай қаласы, Топар кенті Абай атындағы тірек мектебі (ресурстық орталығы), 2-сынып оқушысы Сəбира Ербаева, Шет ауданы Ы. Алтынсарин атындағы мектептің 2-сынып оқушысы Айзере Берік пен Шəкəрім атындағы гимназия, 2-сынып оқушысы Илона Фольмер бөлісті.

Жүлделі  III орын  Теміртау қаласындағы №8 жалпы білім беретін орта мектептің 2 «ә» сынып оқушысы Асылзат Еркашқа және  Айзере Ғибадатқа, № 8 ЖББМ, 2-сынып, Ә.Бөкейхан атындағы мектептің 2-сынып оқушысы Серік Байкұттыға, сонымен қатар,  Бұқар жырау ауданы, Новоузенка ауылы М. Жүсіп атындағы ЖББМ, 2-сынып оқушысы Байдаулет Мұхитов, Ақтоғай ауданы Шашубай кенттік мектебі 2-сынып оқушысы Раяна Мейізбек пен   С. Саттаров атындағы мектеп-лицейінің 2-сынып оқушысы Медина Ерғанатқа бұйырды.

—         Асылзат Еркашқа 1-сыныптан бері сабақ беріп келемін. Қабілетті оқушыларымның бірі. Жарыс жайлы білгеннен соң Жеңіс Қашқыновтың өлеңдерін жаттай бастадық.

Асылзат өте ерекше оқушы, тақпақ айтқанда мәнерлеп өлеңнің мазмұнын түсініп айтады. Өлеңдерді жаттауда ата- анасының да еңбегі орасан зор болды. Ақынның 10 өлеңін жаттап алды, — дейді жас дарынның ұстазы Айнұр Жұманазар.

Ұйымдастырушылар балалардың қызығушылығын туғызған бұл байқауды алдағы уақытта да жалғастырып, дәстүрлі сайысқа айналдыруға ниетті екенін айта кеткен жөн.

 Өз тілшімізден.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз