Апатты ойын алаңдарын кім жөндейді?

Теміртауда өткен жылы орнатылған балалар алаңдарының жағдайы мәз емес. Кей бөлігі сынған, енді бірін балалар жерге бекітіліп тұрған жерінен жұлып әкеткен. 2021 жылы қала бюджетінен бөлінген 324 миллион теңгеге 30 жаңа алаңқай салынса, өткен жылы тағы осындай 50 алаң орнатылып еді. Дегенмен бір жыл өтпей жарамсыз күйге еніп, төселген жасанды жасыл шөп тесіліп қалған. Оның арасында тіпті бала өміріне қауіп төндіріп тұрған алаңқайлар да жоқ емес.

«Бүгінде 2022 жылы орнатылған алаңдарды кепілдік бойынша жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сәуір айында біз аудандарды аралап, тұрғындардың шағымдарын тіркеп тізімді жасадық. Ол күн сайын толығып келеді. Яғни, мердігердің әлі бір жыл кепілдік мерзімі бар. Осы уақыт аралығында олар бұзылған жерлерді жөндеуге міндетті. Сосын жөндеуді қала қазынасынан ұйымдастыратын боламыз», — дейді қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Искандер Кабидулла.
Ал егер алаң орын алған ақауға байланысты бала өміріне қауіп төндірсе, мамандар жөндеу біткенше оны қызыл лентамен белгілеп қояды.
«Көбіне әткеншектер мен сырғанақтың кейбір бөлігі сынған. Неге екенін білмеймін, балалар сырғанақтың қабырғаларын сындыруға құмар болыпты. Нәтижесінде ол бала өміріне қауіп төндіреді. Сондай-ақ, бір бөліктерін жерден жұлып алып, басқа жерге орнатып кетеді. Жалпы алғанда алаңдардың сапасы жақсы. Мәселен, әткеншектерді алайық. Ол 120 келі салмақты, яғни ересек адамды да көтере алады. Дегенмен бір топ балаға арналмаған ғой. Кей жерлерде 5 балаға дейін мініп алғанын көрдік», — дейді ТҮКШ басшысы.
Ақауларды абаттандыру секторының мамандары анықтайды. Мекенжайлардың бір бөлігін тұрғындар қала әкімінің тікелей эфирі арқылы жеткізетін көрінеді.
Ал ескі алаңдар да назардан тыс қалмайды. Балалар алаңдарын күтіп ұстау және қалпына келтіру жұмыстары дәстүр бойынша жүруде. Дегенмен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы тұрғындарды алаңға ұқыпты қарауға шақырып отыр. Балаларға да ескерткен жөн.
«Тағы бір маңызды сұрақтардың бірі құмсалғышқа құм төгу мердігердің жобасына кірмеген. Тұрғындар мүмкіндігінше өздері толықтырып отырғандары жөн. Сондай-ақ, алаңды қоқыстан тазартып, тазалықта ұстау да тұрғындардың қолында».
Биыл Теміртауда тағы да осындай балалар алаңдары пайда болмақ. Олардың орнатылатын мекенжайлары да белгілі. Мердігер анықталып қойған. Алдағы уақытта жобаның нобайы пысықталады. Жұмыстар барысында мамандар әр аулаға жеке-жеке тоқталып, тұрғындардың сұрауы бойынша өзгерістер енгізбек.
«Әр аулада кең жер бола бермейді. Өткен жылы орнатылған алаңдардың бір-біріне ұқсамайтындығы да осында. Тұрғындардың сұрауы бойынша өзгертеміз. Біріне балалар жүгіріп ойнауы үшін кең жер керек. Бірі спорттық жабдықтарды орнатуды сұрайды. Біз оған қарсы емеспіз. Халыққа ұнаса болды».
Бүгінгі таңда Теміртау қаласында 600-ге жуық аула болса, оның 30-на жаңа алаңқайлар орнатылмақ.

Арман Әбілқасымов,
«Temirtаu tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз