Қарағанды облысы бизнесті жеңіл жүргізу бойынша ел рейтингінде екінші орынға ие болды
Қарағанды облысы кәсіпкерлер үшін тартымды бола түсуде. Аймақ бизнесті жеңіл жүргізу бойынша ел рейтингінде екінші орынға ие болды.
Кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігінің өсуін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атап өтті.
– Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,2%-ға өсті – бұл 100 мыңнан астам жаңа салық төлеушілер. Белсенді халықтың жартысы, бұл облыстың әрбір екінші тұрғыны шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. ШОБ өнімін шығару 1,2 трлн теңгеге жетті, – деді өңір басшысы.
Облыс республикада бірінші болып бөлшек салық мөлшерлемесін екі есе төмендетті. Осының арқасында өзгерістер енгізілген сәттен бастап салық төлеушілер саны алты есе өсті. 900-ден астам кәсіпкер бизнесті қолдаудың жаңа шарасын пайдаланды.
Ірі компанияларға қызмет көрсетуге 800-ден астам ШОБ кәсіпорындары тартылған. Бұл қосымша жұмыс орындарын ұсынады. 6 мыңнан астам тұрғын жұмысқа орналастырылды.
Өңірде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. Жастардың бизнес-идеяларын іске асыру үшін жылдық 2,5% мөлшерлемемен несиелер және 365 кәсіпкерге арналған гранттар мақұлданды. Ұлттық жоба бойынша 212 грант берілді. «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша 396 бизнес-жоспар мақұлданды. Жыл соңына қарай барлық бағдарламалар бойынша бизнесті қолдау жобаларының портфелін 5,5 мыңға дейін жеткізу жоспарлануда.
Ұлттық жобалардың, бағдарламалардың және жеке бастамалардың арқасында 43 мың жаңа жұмыс орны ашылды. 11 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды.
Барлық қабылданған шаралар өңірдегі жұмыссыздық деңгейін 4,1%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл елдегі ең төменгі көрсеткіш.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз