«Қарағанды — Теміртау» су құбырын жөндеу қашан аяқталады?
Былтыр қыста жылу тапшылығын сезініп шыққан теміртаулар, шілденің шіліңгір ыстығанда ауыз сусыз қалып, сарсаңға түскенді. Өйткені, «Қарағанды – Теміртау» арасындағы су құбыры әбден тозып, апаттық жағдайға түскен. Атқарушы билік шұғыл шешім қабылдап, ең апатты деген 5 шақырымды жөндемек болған. Қажет қаржы бөлініп, қажет материалдар алынса да жөндеу жұмыстары бекітілген кестеден кешігіп жатыр. Құбырды қазан айының соңына дейін тапсыруы тиіс болған мердігер үлгермеуде. Бұрнағы күні қала әкімі Ораз Тәуірбеков, ТҮКШ басшылығы және қоғам белсенділері қатысқан көшпелі комиссия жұмыс барысымен танысып қайтты.
Металлургтер қаласын сумен қамтамасыз етіп отырған құбырдың жалпы ұзындығы 27 шақырымды құрайды. Ресми дерекке сүйенсек, оның 80 пайызы тозған. Сәйкесінше, құбырдың жарылған жерін жамаймын дегенше, екінші жері тесіледі. Мұның бәрі қала тұрғындарына ауыз суды бекітілген кестеге сай беруге мәжбүрледі. Су жетпей қалған тұстарға ауыз су баяғы тоқсаныншы жылдардағындай арнайы көлікпен тасымалдады. Әрине, мұның бәрі тұрғындарды әуреге салып, елдің наразылығын туғызған еді. Сондықтан, мәселені сәл де болса жеңілдету мақсатында облыстық мәслихат сессиясы ең апатты делінген 5 шақырымның құбырын жөндеуге 500 миллион теңге көлемінде қаржы бөлді. Жұмысты жүргізуге жауапты мердігерді анықтауға арналған конкурсты теміртаулық «СтальИндустрия» ЖШС жеңіп алды. Сол кезде мердігер қажетті техника мен жұмыс күші сақадай сай тұрғанын айтқан. Десек те, жұмыс барысында бәрі керсінше болып шықты.
– Сұрыптау станциясы аумағында мердігер қызу жұмысқа кірісіп кеткен еді. Шамамен 250-300 метр құбыр дәнекерленіп, ауыстыруға әзірленді. Ал, екінші учаске – ЖЭО-3 аумағында мердігер енді ғана іске кіріспек. Ол жаққа құбырлар жеткізіліп, жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмысшылардың жетіспеушілігі байқалады. Мердігер біздің ескертуге бірден мән беріп, түнгі ауысымға да жұмыскерлер тартуға уәде беріп отыр. Біз бұл компания өзінің жауапкершілігіне алған шаруаны абыроймен атқарып шығады деген сенімдеміз, — дейді қоғам белсенділері.
«Қарағанды – Теміртау» су құбыры өткен ғасырдың сексенінші жылдары тұрғызылған. Бұрын бұл құбыр металлургиялық комбинаттың иелігінде болған еді. Кейін алпауыт инвестор одан бас тартып, 2016 жылы қалалық коммуналдық меншікке берді. Бірақ, қала басшылығы жөндеу жұмыстарын бастай алмай отыр.
– Биыл 5 шақырым жаңа құбыр сатып алынды. Жұмыстар «Оқжетпес-Т» ЖШС тарифтық сметасының есебінен жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде құбырдағы апат саны азайып, су жеткізу жұмысы қалыпқа келеді. Құбырдың жаңа учаскелерін қосу мен ауыстыру бекітілген кестеге сай жүргізіледі, — дейді «Оқжетпес-Т» ЖШС директоры Сергей Работягов.
Айта кету керек, бұған дейін қала әкімі Ораз Тәуірбеков су құбырын қайта қалыпқа келтіру жұмыстарының жобасы 2015 жылы әзірленгенін айтқан болатын. Бірақ, ол кезде қаржы бөлінбеген. Биыл жобаны қайта қарап, түзетулер енгізу үшін 23 миллион теңге бөлінген.
Су желісінің ұзақтығы мен 40 метр шамасындағы еңіс болуын ескере отырып, жобада қосымша сорғы орналастыру қарастырылған. Бұдан бөлек, суды үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында негізгі және қосымша желілер орналастырылады. Ал, құбырды жөндеу жұмысы қазіргі ахуалға байланысты тағы бір айға ұзартылып, қарашаға дейін созылды.
Арман ӘМЕН,
«Temirtau tynysy»