Қарағандыда әскерилер Қаңтар оқиғасында қаза болған екі сарбазды еске алды
05 қаңтар күні Ұлттық ұлан Орталық өңірлік қолбасшылығында қаралы қаңтар кезінде ерлікпен қаза болған қатардағы Аманов Айбат пен Қайсаров Мадиярды еске алуға арналған «Мәңгілік сапта» іс-шарасы өткізілді.
Іс-шара бір минуттық үнсіздікпен басталды.
«Бүгін елімізді дір-сілкіндірген қайғылы қаңтардан 2 жыл өтіп кетті, лаңкестерге қарсы тұрып, антына, жауынгерлік міндетіне адалдық танытқан қаруластарымыз Мадияр мен Айбаттың ерлігі баршаға үлгі-өнеге, олардың есімін мәңгі ұмытпаймыз, әрбір келешек ұрпақ тарихын білсе елдігіміздің мәңгі болатыны хақ, — деп жауынгерлік қызмет басқармасының бастығы Мақсат Қырғызбаев өз сөзімен бөлісті.
Қарағанды гарнизонының 6505 пен 5451 әскери бөлімдері айтулы шараға батырлардың туған-туысқандарын шақырып марқұмдарды ерекше еске алды.
«Мадияр елі үшін туып, елі үшін бақилық болды, ұлымның мемлекетімізді қорғау жолында ерлікпен қаза болғанына мақтан тұтамын, — деп батырдың әкесі Оразалы Қайсарұлы өз ойымен бөлісті.
Айта кетейік, 2022 жылдың қаңтар айында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде Ұлттық ұлан қатарындағы Қызылордалық 5547 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы Мадияр Қайсаров пен Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімінің сарбазы Айбат Аманов, батылдық, анттарына адалдық танытып, жауынгерлік әрекетте ерлікпен қаза болған үшін III дәрежелі «Айбын» ордені мен «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» кеуде белгісімен марапатталған болатын.
Қазіргі уақытта әскерилерге Қарағанды қаласы мен Жаңаарқа кентінің көшелерінде естелік билбордтары, оқыған мектеп, колледждерінің сыныптарында естелік орындары, Жаңаарқа қаласының мұражайында Айбат Амановтың құрметіне жеке заттарынан құрылған естелік орыны, Мадияр Қайсаровтың тұрған үйіне «мемориал тақтасы» орнатылды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Орталық өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз