Қазақстандағы кейбір діни ағымдардың сипаттамасы

Тарихи деректерге көз салар болсақ, Ислам діні елімізге VII ғасырдан бастап табалдырық аттаған. Ал мұсылмандықтың жерімізде түбегейлі орнығуын VIII ғасырға жатқызуға болады. Бұған негіз: 751 жылы Тараз қаласының маңындағы мұсылмандар əскері мен қытай əскері арасында бірнеше күнге созылған Атлах шайқасы. Бұл шайқаста қытай əскері күйрей жеңілді əрі Жетісу мен Шығыс Түркістан қытай ықпалынан азат етіледі. Сонымен қатар, сол кезден бастап Ислам діні Орта Азияға қадам басты.

Сəлəфизм

Сəлəфия (немесе сəлəфизм) – XIII ғасырда пайда болған ағым. Негізін салушы – Ахмад ибн Таймия. Сəлəфияның басты ұраны «дінді бидғаттан (дінбұзар жаңалықтардан) тазарту» болды. Тағы бір ерекшелігі – аһлүс-сунна уəл-жамағадан өзге ақиданың (сенім, нанымның) жаңа үлгісін қалыптастыру. Алла Тағаланы жаратылғанға ұқсату үрдісі қалыптасуының басында Ибн Таймия тұрды десек, қателескен болмаймыз.

Уаһһабия (немесе уаһһабизм) – XVIII ғасырда Хижəздың (Сауд Арабиясының) Нəжда өңірінде пайда болған. Негізін салушы – Мұхаммад ибн Абдул-Уаһһаб.

Уаһһабия – сəлəфияның қисынды жалғасы. Бұлай айтуға Мұхаммад ибн Абдул-Уаһһаб Ибн Таймия мен оның шəкірті Ибн Қайимнің пікірлерін дамытуы негіз бола алады.

Уаһһабияның да басты ұраны – «дінді бидғаттан тазарту». Дегенмен, бұл ағымның пайда болуының негізгі себебі сол кезде билік жүргізген Осман империясына қарсы шығу болды.

Ынсап көзбен қарар болсақ, сəлəфияны құптағандар түп-негізінде бидғатпен емес, бастауын сонау Əбу Бəкірден (р.а.) алған халифатпен, соның ішінде ханафи мəзһабын ұстанған мұсылмандармен, ал оның ішінде, нақты айтар болсақ, билік басында тұрған түріктермен қақтығысқа түсті. Демек, қазіргі күнгі «мəзһабсыздық», «мұсылмандарға «кəпір» атағын тағу» – күні кеше пайда болған дерт емес.

Сəлəфия мен уаһһабизмге ортақ сипаттаманың ішінде «жиһадшылықты», яғни өздерімен келіспегендердің бəрін қырып-жоюды.

Таблиғи жамағат

Таблиғи жамағат – ХІХ ғасырда Үндістанда пайда болған. Негізін салушы – Мұхаммед Ильяс.

Таблиғ жамағатының негізгі мақсаты – мұсылмандарға діннің маңыздылығын жеткізу. Өзгешеліктердің бірі – өзге дін өкілі не болмаса мұсылмандармен тартысқа түспеу, саяси-өкіметтік билікті көздемеу.

Адамдардың көбі Таблиғ жамағатының орталығы Пəкістандағы Райванд қаласында деп есептейді. Бұл пікірдің қалыптасуына пəкістандық таблиғшылардың белсенділігі себеп болса керек. Дегенмен, бұл қате ұғым. Себебі, басты орталық Үндістанның Дели қаласындағы Низамуддин ауданында.

Таблиғ жамағатына тəн ерекшеліктердің бірі – дінді насихаттау мақсатында ай сайын 3 күн, жыл сайын 40 күн, өмірінде бір мəрте болса да 4 айға шығу тəртібін ұстану. Алайда, бұл үзілді-кесілді талап емес.

Хизбут-тахрир

Хизбут-тахрир – ХХ ғасырдың ортасында Шығыс Иерусалимде (Палестина) пайда болған. Негізін салушы – Тақиуддин Набхани.

Хизбут-тахрир да саяси ағымға жатады. Орта Азия мемлекеттерінің ішінде, əсіресе, Өзбекстанда кеңінен таралған. Бірақ, өкінішке орай, біздің елімізде де хизбут-тахрир бағытын қоштайтын азаматтар жоқ емес.

Хизбут-тахрир қозғалысы біршама араб елдерінде дамуымен қатар, дəл сол елдерде тыйым салынған ағымдар қатарына жатады. Бас кесенесі Батыс Еуропада шаңырақ көтерген.

Хизбут-тахрирдің негізгі ұстанымы – Ислам халифат құру. Тахриршілердің пайымдауынша, Ислам халифаты құрылуына қарсы болғандардың құлшылығы дұрыс емес.

Тəсілдерінің ерекшелігі – басты көңіл өз қатарына жастарды, соның ішінде олардың діни сауаты төмен таптарын тарту. Бұл жағдай оларды басқаруға оңтайлы жағдай тудырады. Осы себептен болар, хизбут-тахрир қатарындағы адамдардың орта жасы 20-25 аралығында.

Айта берсе, бүгінгі таңда елімізде етек жайған өзге де діни ағым мен топтар баршылық. Сондықтан да халық арасында сектанттық жоқ деу əлі ерте. Осы жағдайдан туындайтын ең ауыр жайт – ХХ ғасырға дейін өзара бөлінбеген, бір дін, бір мəзһабты ұстанған, өзара бауыр қазақтың жік-жікке бөлінуі.

Мəселе бір діни ағым не болмаса топ қай ғасырда жəне қай жерде пайда болуында емес. Мəселе, сол діни ағым мен топтардың əрбірі өз мүддесін ғана көздеген жеке саясатын жүзеге асыруында. Жағдай осылай өз бетінше кете берсе, ертеңгі күні өзара қақтығысқа барып, нəтижеде жеріміз бен еліміздің берекеті қашпауына кім кепіл?..

Абдуссамад МАХАТ,

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз