ЕГЕМЕНДІК ГЕМЕ НДІК НЫШАНЫ

Әр елдің дербестігі мен тұтастығының атрибуты — ту, елтаңба және әнұран. Еліміз азаттық алған тұста тәуелсіздік символы ретінде мемлекеттік рәміздер қабылданды. 1992 жылдың 4 маусымында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңға қол қойылып, бұл атаулы күнді мереке ретінде атап өту қалыптасқан-ды. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тапты. Қаламыздың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде орналасқан Тутұғыр алаңында патриоттық форум өтті.

«Туған жерім менің — Қазақстаным» атты форум аясында Мемлекеттік гимн орындалып, облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов құттықтау сөз сөйледі.

— Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалған кең-байтақ жеріміз бар. Желбіреген көк байрағымыз, әр қазақтың жүрегінде ойнап тұрған әнұранымыз, елдігімізді айшықтаған елтаңбамыз бар. Соның бәрі — біздің егемендігімізді, тәуелсіздігімізді бүкіл дүниежүзіне паш ететін символ. Сондықтан әрқайсысымыз, әсіресе жастар мемлекеттік рәміздерді қастер тұтуды парыз көруі тиіс, — деді Ербол Әліқұлов құттықтауында.

Шара барысында қызметтік борышын өтеудегі батылдығы мен кәсібилігі, отансүйгіштік пен белсенді азаматтық ұстанымы үшін бірқатар жерлесіміз Қарағанды облысы әкімінің алғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында Қарағанды қаласының № 10 өрт сөндіру бөлімінің командирі Соловей Александр Иванович, 6505 әскери бөлімінің 2-атқыштар батальонының қарауыл бастығы, прапорщик Жатқанбаев Ерлан Қайырбайұлы, аға сержант, жауынгерлік қамтамасыз ету взводының кинологиялық қызметі мамандар тобының бастығы Бердников Евгений Александрович бар.

— Бүгінгі күні мемлекеттік рәміздер — әр елдің тәуелсіздігінің белгісі. Бүгінгі шараға қаншама жас жиналып жатыр. Тек Қарағанды қаласында ғана емес, облыс аумағындағы бүкіл елді мекен аумағында салтанатты шаралар ұйымдастырылып, мемлекеттік символдарға құрмет көрсетілуде, — деді Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Айта кету керек, салтанатты шарада өңіріміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген жастар да назардан тыс қалмады. Е. А. Бөкетов атындағы университеттің «Біз бармыз» еріктілер клубының үйлестірушісі Жахин Жасұлан және Қарағанды техникалық университетінің «VolteQ» еріктілер ұйымының координаторы Оспан Ақансері де әкімнің алғысына ие болды. Патриоттық шара велосипедистер, мотоциклистер және автомобилистер шеруімен аяқталды.

Рәміздер — халқымыздың даналығы мен даралығының, асқақ арманының символы. Оларды құрмет тұтып қадірлеу — Қазақстандағы әрбір азаматтың парызы.

Қымбат БАҚЫТКЕЛДІ

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз