Жас сарапшылар клубының өкілдерімен кездесу өтті

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Жас сарапшылар клубының өкілдері Қарағанды облысының сарапшылар қауымдастығымен кездесті. Аталған алаң, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен құрылған болатын.

Клуб мүшелері қатысушыларға Жас сарапшылар клубының қызметі мен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпараттармен таныстырды. Сенат Төрағасы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Жасұланбек Майлыбай өз сөзінде клуб аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар, оның мүшелерінің заң жобаларын әзірлеуге қатысуы, парламенттік тыңдаулар, сараптамалық консультациялар, сондай-ақ Талдау мектебі жобасы жайында айтты.

Сенат Төрағасының кеңесшісі Жұлдызай Ысқақова мемлекеттік саясатты іске асыруда дәлелді, ғылыми негізделген тәсілді енгізудің маңыздылығын атап өтті. Ол үшін барлық деңгейдегі сарапшылар қауымдастығы шешім қабылдау процесіне қатысуы керек.

Сарапшылар өңірді дамыту мәселелерін, түрлі өзекті бағыттар бойынша проблемаларды, сондай-ақ клубпен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесуге Қарағанды облысының ғылым, бизнес және басқа да қызмет салаларынан 30-ға жуық сарапшы қатысты.

Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы 2020 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ел дамуының түрлі мәселелері бойынша Сенат Спикері мен министрлердің қатысуымен 12 отырыс өткізілді.

Қазіргі уақытта Сенат жергілікті сарапшылар қауымдастығымен жұмысты қоса алғанда, өңірлермен өзара іс-қимыл бойынша кешенді жұмыс жүргізуде.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз