Ермағанбет Бөлекпаев: «Меншік иесінің ауысуы «АрселорМиттал Теміртау» міндеттемелерін орындауына әсер етпейді

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ меншік иесінің ауысуы компанияның ұжымдық шартта жазылған міндеттемелерін орындаудан босатпайды, бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтты.

– Ең алдымен қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтқым келеді. Бүгін Мемлекет басшысы қаза тапқан кеншілердің туыстарымен кездесу барысында әкімдік пен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы тарапынан отбасыларға материалдық көмек көрсетілуі керектігі туралы нақты тапсырмалар берді. Бұл тапсырмалар орындалады. Ұжымдық шартта көзделген барлық міндеттемелер толық көлемде орындалатын болады. Республикалық бюджет пен әлеуметтік сақтандыру тарапынан асыраушысынан айрылу бойынша арнайы жәрдемақылар тағайындалатын болады, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Ол ел Президенті 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялағанын еске салды.

Аймақ басшысы меншік иесінің ауысуынан компания барлық жауапкершіліктен қашып құтылады деген болжамдар мен қауесеттерді жоққа шығарды.

Шахтада апаттың мән-жайы мен себептерін анықтайтын үкіметтік комиссия жұмыс істейді.

ТЖ Министрі Сырым Шәріпханов іздестіру-құтқару жұмыстары барлық жоғалған адамдарды тапқанға дейін тәулік бойы жүргізілетінін атап өтті.

–  Жұмыстар тоқтаусыз, ауысыммен жүргізілетін болады, бұл үшін бар күшімізді саламыз. Кеншілердің туыстарына көмек көрсету үшін барлық психологтар, дәрігерлер жұмылдырылды, – деп атап өтті Сырым Шәріпханов.

Апаттың мән-жайы туралы «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалы директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский айтып берді. Оның айтуынша, өрт 48 К3 лавасында, бекітпе секцияларының артында болған. Шұғыл түрде апатты жою жоспары енгізілген.

– 7– 8 минуттан кейін шахтада апаттық учаскеде жарылыс болды. Жарылыстың күшінкн батыс және шығыс блоктардағы коммуникациялар істен шықты. Соққы толқынының астында апаттық аймақ қана емес, сонымен қатар шығыс блокта орналасқан K2 лавасы да қалып қойды. Соққы толқынының таралу қашықтығы екі шақырымнан асты. Осыдан кейін адамдарды іздеуге бағытталған бірінші бөлім шахтада жергілікті өрт ошақтары бар екенін хабарлады, – деп түсіндірді Геннадий Силинский.

Қазір құтқарушылар 13 кеншіні табу үшін тау-кен қазбаларын зерттеп жатыр. Газ жағдайына мониторинг жүргізілуде.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз