«KamaTyresKZ» шина зауыты жұмысқа шақырады

Былтыр жыл соңында Қарағанды облысында ауыз толтырып айтарлық үлкен жаңалық орын алған-ды. Қарағанды дейміз-ау, күллі Республика үшін айтулы жаңалық «KamaTyresKZ» шина зауытының ашылуы болды десек, артық айтқандық емес. Үлкен өндіріске старт берілгелі бір айдың мұғдары болып қалыпты. Осыған орай кәсіпорын жұмысы мен әлеуетіне шолу жасауды жөн көрдік.

Бұрын Саранның іргесіндегі РТИ қалашығы туралы сөз болса, жұрт үрке қарайтын. Олай болар жөні бар. Кеңестік кезеңнің соңғы жылдарында мұнда Резина-техникалық бұйымдар зауыты ашылып, дүркіреп тұрды. Зауыт қызметкерлері үшін баспаналар тұрғызылып, әп-әдемі даму байқалған-ды. Ал тоқырау жылдарында кәсіпорын банкротқа ұшырап, ел үдере көшті. Қаңырап қалған үйлер ақырзаманды еске салып, көңіл құлазытатын. Дамуы кері бағытқа қарай бұрылған шағынаудан енді қайтып түлеместей де болып көрінген-ді. Сөйтсек, бекер екен. Бірнеше жыл бұрын мұнда индустриялық алаң құрылып, өндіріс жанданды. Бірнеше кәсіпорын қазық қақты. Екі жыл бұрын «QazTehna» машина жасау зауыты іске қосылып, мерейімізді асырып қойып еді. Ал 2022 жылдың желтоқсан айында «KamaTyresKZ» шина зауытының конвейерінен алғашқы дөңгелек алынды. Бұл қуанышты шараға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Татарстан Президенті Рустам Минниханов, облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев, «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов және «Allur» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қатысқан болатын.

Жаңа зауыт Татарстан Республикасымен арадағы әріптестік байланыстың жемісі екенін де айрықша атап өткен жөн. Яғни бауырлас Татар елінің «Татнефть» және қазақстандық «AllurTyres» компанияларының ортақ алаңы.

Жобаға 171 млрд теңге инвестиция тартылған. Құрылысы 2021 жылдың сәуір айында басталып, небәрі 16 айда алғашқы өнімін ұсынып үлгерді.

Негізі, зауыт жылына 3,5 миллион шина өндіруге қауқарлы. Әзірге толық қуатын пайдаланып отырған жоқ. Жоспар бойынша, биыл жыл ортасында толық қуатта жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін ең алдымен білікті де білімді кадр қажет. Қазіргі таңда зауытқа жұмысшылар тарту бағытында ауқымды шаралар іске асырылуда. Жұмысқа орналасуға ниет білдірген азаматтар Татарстанның Нижнекамск қаласында немесе өзіміздің Саранда тағылымдамадан өтеді.

– Бұл – былайша айтқанда, мамандыққа кіріспе. Біз, мысалы, қарапайым құрылысшыны дөңгелек жөндеушіге айналдырамыз. Ол негізгі түсініктерді алғаннан кейін, біз оны Татарстанның Нижнекамск қаласына тәжірибеден өтуге жібереміз. Тәжірибеден өтуге жіберген кезде тамағы мен жолақысына 140 000 тг төлейміз. Жатақхана тегін берілетіндіктен, тасымалдау да компания есебінен болады, – дейді «KamaTypesKZ» ЖШС кадрлар бөлімінің маманы Кенже Тұңғышбаева.

Облыс бойынша барлық қалада кадрлар іріктеу бар. Бос жұмыс орны табылысымен, өтініш берушілер қабылданып, Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің базасында 3 апта бойы оқытылады.

“Kama TypesKZ” ЖШС  бос жұмыс орындарының тізімімен Теміртау қаласының халықты жұмыспен қамту орталығында, Чайковский, 22 мекенжайы бойынша немесе +7 (778) 109 9945 телефон нөмірі бойынша таныса аласыз.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз