Конфессияаралық келісім және ұлтаралық қатынастарды дамыту
Дәл қазір әлемде бір ғана ұлттың баласы өмір сүретін мемлекет жоқтың қасы. Иә, бәлкім, дамуы кенже қалған елдерде моноұлттық құрам кездесіп те қалатын шығар. Ал, заманауи дамудың даңғыл жолына түскен мемлекеттерде түрлі этнос өкілдерінің еркін өмір сүруі – қалыпты құбылыс. Бұл санатқа Қазақстан Республикасы да қосылады. Тәуелсіздік алған тұста әлемдік деңгейдегі сарапшылар «Қазақстанда жүзден астам ұлт өкілдері тұрады. Бұл аймақ қақтығысқа қолайлы мекен» деп санаған екен. Десек те, бұл қатерлі кезеңді аман өткердік…
Қазақ жері өткен ғасырдағы саяси-тарихи себептерге байланысты жүздеген ұлт пен ұлыстың баласына пана болды. Жер ауып, қуғын көріп келгендерге ұлтымыз құшағын ашып, қамқорлық көрсетті. Бұл қазақтың қанына сіңген асыл қасиеттің бірі еді. Өйткені, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым, деп» деп тәрбиеледі. Сондықтан да, жаздың аптабы мен қыстық сақылдаған сары аязында үйінің іргесіне келіп қоныс тепкен жандардың дініне, нәсілі мен ұлтына қарамастан қолұшын созды. Сол қоныс аударушылар осы жерге тұрақ теуіп, ұрпақ өрбітті.
Әрине, әр ұлттың өз дәстүрі, мәдениеті және наным-сенімі бар. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған тұста өркениетті елдердің даму моделін қабылдайтынын және азаматтық қоғам орнату бағытын ұстанатындығын мәлімдеген болатын. Сәйкесінше, елде біреуді өзгеден төмен көру, шыққан тегіне, ұлты мен діни сеніміне байланысты кеудесінен кері итеруге түбегейлі тыйым салынды. Елдің басты заңы – Конституцияда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айқын жазылған.
Десек те, Ата заңда көрсетілген бұл бап, барлық діни сенім атаулының бәріне еркіндік беріп, есіртіп қоймайтынын түсінген жөн. Өйткені, дін атын жамылып, адамдарды арбайтын, соңында қоғамға да, мемлекеттік қауіпсіздікке де қауіп төндіретін ағымдар бар. Сондықтан, күмәнді ағымдар мен секталарға шектеу қою – қалыпты құбылыс. Ал, дәстүрлі бағыт ұстанып, бұқара халықты мейірімге, татулық пен достыққа, бастысы адамгершілік қағидаларын сақтауға үндейтін дінге еш қарсылық жоқ.
Қазақстан аса маңызды стратегиялық аумақта орналасқан мемлекет. Батыс пен шығысты жалғап жатырмыз. Одан қалса жер асты қазба байлықтары бойынша да көп елден ілгері болмасақ, ешкімнен кем емеспіз. Ал, бұл мысықтілеу өзге елдердің назарын бұрып, қызығушылықтарын оятуы мүмкін. Бұдан бөлек, Қазақстандағы қоғамдық тұрақтылық пен келісімді ірітіп, зобалаң туғызуға ниетті дұшпан пиғылды топдар да бар. Олар кейбір түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетіп, ылаң салуға талпынуы да мүмкін. Тәуелсіздік алған күннен былайғы уақытта мұндай қастандық әрекеттердің талайын бастан кешірдік. Десек те, дұшпандар қанша талпынса да, ел бірлігі бұзылған жоқ. Ал, мемлекеттік саясат елдегі конфессияаралық келісім мен ұлтаралық қатынасты дамытуға айрықша зейін қойып келеді.
Қазақстандағы ұлтаралық саясатты күшейтуге бағытталған ірі қадам 2008 жылы жасалғанын айта кету керек. Сол жылы «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы» қабылданып, көптеген мәселені шешуге түрткі болды. Бұл құжат елдегі барлық этнос өкілдерін біріктірудің маңызды негізгі мақсаттары мен ұлттық бірлікке жету міндетін алға қойды. Ел халқының басым дені мұсылман дінін ұстанады. Өзге конфессия өкілдері де еркін дамып келе жатқанын айта кету керек. Қазақстан өзі ұстанған саясаты өзге ұлттың баласы мен діни сенімдерге еркіндік беретінін бүкіл әлемге әйгілей алды. Бұған Астанада бірнеше мәрте өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін де атап өтуге болады. Жиын барысында түрлі деңгейдегі әлемдік мәселелер қамтылды. Бұл шараларға сол жылдары әлем елдері жоғары баға беріп, Қазақстанның жағымды бет-бейнесін қалыптастыруға себеп болды.
«Съез жұмысына исламның, христиан дінінің, иудаизмнің, буддизмнің, индуизмнің, даосизмнің, синтоизмнің, зороастризмнің жоғары дін қызметшілері, діни және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, әлемнің бірқатар беделді саясаткерлері қатысып келеді. Съез қатысушыларының табанды жұмысының арқасында форум өркениетаралық диалог тарихынан өз орнын алды», – деп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Съездің тарихи маңыздылығын атап өткен болатын. Әрі БҰҰ 74 сессиясында да осы мәселені көтеріп, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің маңызын айқындап берді.
Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялаған соң ел аумағында тұратын жүздеген ұлт пен қырықтан астам конфессия өкілдерінің арасындағы татулықты сақтай алды. Тіпті, тұрақтылықты сақтау мемлекетіміздің негізгі бағыттарының біріне айналды. Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясын да айрықша атап өтуге болады. Бұл орган елдегі этностаралық және конфессияаралық келісімнің стратегиялық бағдарламасын жүзеге асырып, ел азаматтарын шын мәнінде бір шаңырақ астына топтастыра білді. Осы орайда, бұл күрделі істі оңтайлы реттеуге біздің ұлттық дәстүріміздің де мұрындық болғанын атап өткен жөн. Өйткені, дала заңын берік сақтаған қазақ халқында түріне, діни сеніміне қарай алалау ұғымы атымен жоқ. Керсінше, біреуге баға берерде оның ісіне және адалдығына мән береді. Бұл сонау есте жоқ ықылым заманнан келе жатқан әдет еді.
– Бұрын-соңды тарихымызда ешуақытта дінге негізделген қақтығыс болған емес. Еліміздің аумағында ертеден әртүрлі діндер таралып, олар бір-бірімен толерантты қатынаста өмір сүрген. Қазақстан енді ғана тәуелсіздік алған тұста Сорбонна (Франция) университетінен келген докторант маған «Қалай ойлайсыз, болашақта Қазақстанда экстремизм мен терроризм таралуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойған-ды. Сонда мен: «Қазақстанда ондай идеология мен теріс іс-әрекеттердің орын алуы мүмкін емес, себебі ол біздің халқымыздың табиғатына жат нәрсе. Әрине, біз ашық қоғамбыз, сыртқы факторлардың әсерінен орын алуы мүмкін», деп жауап берген едім. Қазір де сол пікірдемін, — дейді философия ғылымдарының докторы Нағима Байтенова.
Дәл қазір әлем алаң күйге көшкен. Геосаясат ушығып, түрлі деңгейде діни алауыздық та туындап жатыр. Әсіресе, діни татулықты сақтаудың өзектілігі айқын көрініс тауып отыр. Күн тәртібінде экология, ядролық қарусыздану, экстремизмнің алдын алумен қатар конфессияаралық келісімді сақтау мәселесі де тұр. Бұл Қазақстан қоғамы үшін таңсық дүние емес екенін жоғарыда атап өттік. Тіпті, бұл мәселені шешуге белгілі бір деңгейде септігімізді де тигізіп жүрміз.
Мәселен, еуропалық елдерде мұсылмандардың қасиетті кітабы – Құран кәрімді көрдеу фактілері жиілеп кетті. Бұл тұтас ислам әлемінің наразылығын туғызып, онсыз да ушығып тұрған діни экстремизмді тіптен өршітіп жіберген болатын. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы Жалпы дебатта бұл істі сынға алып, алаңдаушылық білдірді.
– Біз Бас хатшы ұсынған «Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін» қолдаймыз. Бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек. Қазақстан келесі жылы өтетін Болашақ саммитінде Болашақ пактісін қабылдау ісінде қолдаушы рөлін атқарады. Бірақ қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайды. Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог аса маңызды. Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс. Түптеп келгенде, бейбітшілік мәдениеті тек «бірлігіміз – әралуандығымызда» және өзара құрмет қағидаттарына негізделе алады. Сондықтан мен Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің елеулі рөлін мақтан тұтамын, – деді Президент.
Иә, еліміздің конфессияаралық және ұлтаралық қатынасты дамытуда жетістігі де тәжірибесі де мол. Ендігі міндет, осы бағыттағы жұмыс қарқынын сақтай отырып, жетілдіруге бет алу.
Нұрлыхан Қалқаманұлы.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз