Әлемде не әңгіме: Өзбекстанда қызға қырындау қатаң жазаланбақ
Өзбекстан әйелдер құқығын реттейтін жаңа заң қабылдауға кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24». Құжат, ең алдымен, қоғамдық орында қырындап қызға тиіскендерді 1 млн 200 мың сом айыппұл төлеуге міндеттейді. Ал зорлық-зомбылық сипаттағы әрекет жасағандар кемі 10-15 жыл түрмеге тоғытылады.
Өзбекстан қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті реттеуге, соның ішінде әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты азайтуға нақты қадам жасады. Кейінгі кезде күрт көбейген осы сипаттағы қылмыстар халық пен билікті әбден алаңдатып отыр.
Саида Мирзиёева, Өзбекстан президенті әкімшілігінің сектор меңгерушісі:
— Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жаза тағайындамайынша мәселе күрделене береді. Қолданыстағы кодексте бұған нақты амал жоқ. Гендерлік теңдік жобалары жағдайды реттеуге көмектеспейді. Ең алдымен, жаңа заң керек. Сонда ғана жағдай өздігінен реттеледі.
Жаңа заң әйелдердің қоғамдағы рөлі мен мәртебесін көтеруі мүмкін. Енді кез келген жерде қыз балаға қырындап теріс қылық көрсетіп, тиіскендер айыппұл арқалайды. Көлемі – 1 млн 200 мың сом. Бұл – бастапқы сома. Кейін қайталанса, екі еселенеді.
— Өте жақсы бастама. Бізде әйелдер құқығын қорғау ісі кенже қалған. Маған салса, айыппұлды одан да көп мөлшерде енгізер едім.
— Такси қызметін пайдаланған кезде қорқатын болдым. Жүргізушілер түрлі сылтаумен тиісе бастайды. Қатаң заң қабылданса, өзімді қауіпсіз сезінемін.
Ұзақ уақыт талқылаудан кейін құжат парламентке де жетті. Бұған дейін мәселені тек гендерлік және отбасылық тәрбие тұрғысында реттеу керек деген кей депутаттардың ойы өзгерді. Енді зорлық-зомбылыққа қатысты қолданыстағы заң талаптары күшейеді. Мұндай қылмысты жасағандар мен соған әрекет қылғандардың жазасы біркелкі сипатқа ие болады.
Севара Орунбаева, Өзбекстан Әділет министрлігінің ресми өкілі:
— Заң жобасына сәйкес кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық жасағандарға рақымшылық жарияланбайды. Оларға білім беру және медициналық мекемелерде жұмыс істеуге тыйым салынады. Жеке фото, видео және хабарлама арқылы бопсалау қылмыстық жауапкершілікке жатады.
Кей елдерде әйел зорлау мен кәмелет жасқа толмағандарды жыныстық әрекетке итермелеу психикалық ауру саналады. Онда қылмыскерлер жазасын өтемес бұрын арнайы тізімге алынып, емделеді. Өзбекстанда да осы тәжірибені қолдану ұсынылып отыр.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз