Мектепке қаруланып келіп, балаларды жарақаттаған оқушы туралы дерек жарияланды

Петропавлда 3 оқушыны пышақ, балтамен жарақаттаған 9-сынып оқушысы ұсталды. «Адам өлтіруге оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің айтуынша, 9-сынып оқушысы алдын ала болжам бойынша, мектепке балта мен пышақты сөмкесіне жасырып әкелген.

«Ешкім оқушының сөмкесін тексере алмайды, құқы жоқ. Кейін дәретханаға кіріп, одан қаруланып шыққан. Зардап шеккендер 9-шы және 10-сынып оқушылары. Екі ұл және бір қыз бала.

Екі баланың жағдайы қалыпты, облыстық балалар ауруханасында жатыр», — дейді Нәзір Жәшібеков.

СҚО прокуратурасы және полиция департаменті осы оқыс оқиғаға қатысты түсінік берді.

«13 ақпан күні Петропавлдағы 4-орта мектепте 9-сынып оқушысы осы білім ордасының үш оқушысына дене жарақатын салды. Балалар аман, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, есін біледі.

Кәмелетке толмаған Д.-ны полиция қызметкерлері ұстады. Осы дерекке қатысты «адам өлтіруге оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Алдын ала мәлімет бойынша, кәмелет жасына толмаған Д. психиатриялық есепте тұр.

Жасөспірімнің және мектеп әкімшілігінің әрекетіне сотқа дейінгі тергеу барысында құқықтық баға берілетін болады. Қалған мән-жай анықталып жатыр», — делінген хабарламада.

 

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз