Мықты мамандар қайда кетті?
Бізде ЖОО-да қаншама маман дайындалады? Солардың бәрі талапқа сай білім алып шығып жатыр ма? Көпшіліктің пікірінше, жас мамандардан гөрі Совет үкіметінен қалған мамандарға көбірек жүгінеді екен. Қай салада болсын солай. Сонда, біздегі университеттерде білімгерлерге талап төмендеп кетті ме, әлде басқа себептері бар ма? Әрине, мықты жас мамандар да болар. Тек олардың қарасы аз. Шетелге кетіп жатқандары да жетерлік. Сонда да білімді жастың бәрі шетелге кетіп қалмаған шығар. Сол оқу орындарының педогогтарының пікірінше, кәсіпорындардағы қажеттілік пен университет, колледждердегі болашақ мамандардың есебі сәйкес келе бермейді. Жалақысы жоғары жұмыс бар, кәсіби маман жоқ. Ал маман болса, лайықты жұмыс жоқ. Басқа өңірдегі жағдайды білмеймін, Қарағанды өңіріне қарап, сөз түзейін.
Аймағымызда 6 университет бар. (ҚарУ, ҚарТУ, ҚарМУ, ҚЭУ, Болашақ және Теміртаудағы индустриалды университет). Кезінде сол оқу орындары Одақтың ішінде алдыңғы қатарда болды. Қазіргі таңда республика бойынша орта деңгейде. Көбіне бізде әдебиетшілер мен тарихшылар ғана ел алдына шығып, әлеуметтік желіге, ақпарат құралдарында зерттеулерін жариялап жатады. Басқа саланың ғалымдары неге қазақ тілінде еңбектерін жариялап, көпшіліктің талқысына салмайды? Мысалы: саяси жағдайларда саясаттанушылардың, әлеуметтік жағдайларға байланысты әлеуметтанушылардың талдаулары жарияланса. Біздің қаржыгер, экономистер қайда? Қаржы, экономикалық мекемелердің жүргізіп отырған саясаты бойынша талдаулар жасап, қате — дұрысын дәлелдеп, неге дискуссиялар өткізбейді? Қарағандыда осы салада білдей бір университет бар емес пе? Бізде неге кәсіпорындар, жол, энергетика, су т.б. салалар құлдырап тұр? Әлемде жер көлемі жағынан алдыңғы орындағы Қазақстанның ауылшаруашылығы ғылымы неге артта қалды? Ауырған адамдар неліктен шетелге барып емделеді? Өзіміздің дәрігерлерге неге сенбейді? Біз неге жаңа жобалардың жүзеге асқанын көрмейміз? Неге әлі шетелдің ескі технологиясына жүгінеміз? Ғалымдар неге жаңа жобаларын ұсынбайды? Олардың еңбектерін министрлік, үкімет жоғары деңгейде бағалап, білімін, қажыр-қайратын, бар мүмкіндігін неге өндіріске пайдаланбасқа? «Біздерде мынадай бар, мынадай бар»,- десе журналистер де жақсы істерді жарнамалаудан қашпас еді. Әрине, тілшілердің де індетіп, зерттеулерді жүргізуде қате-кемшіліктері бар шығар. Тіпті қазір ақпараттық технология дамыған кезеңде журналисті іздеудің қажеті де жоқ. Өңірдегі оқу орындарында көбіне орыс тілді мамандар. Бұрын Совет үкіметін кінәладық. Ал 30 жылдан бері олар неге қазақ тілін үйренбеді? Білім беруде біз неге кемшілікке ұрына береміз? Ғалымдар ғылымды талдап, ел алдына шығып, дұрыс пен терісті неге айырып бермейді? Ел сенетін, үміт артатын ғалымдарымыз неге бұйығы, неге үнсіз? Бүтін бір халықтың, мемлекеттің тағдырына, болашағына, өз саласына қиянат жасалып жатқанда, неге шырылдап шықпайды? Бәлкім, алдыңғы 70, кейінгі 30 жылдағы ұлтты тұншықтырумен өткен кезеңде ғалым қайраткерлерімізді із-түзсіз жоғалтып алдық па? Әлде Марат Жыланбаев пен Әйгерім Тілеужан сияқты азаматтарды жазықсыз жала жауып, соттап жіберген соң, мәселені ашық айтуға, «Ескі Қазақстандағы» сияқты «Жаңа Қазақстаннан» да қорқа ма? Бәлкім Тоқаевтың артынан Назарбаевтың елесі көрінеді,-деп сескене ме? Қабілеті мол ғалымдарға мүмкіндік беріп, солардың ғылыми тәжірибелеріне сүйенбей, сол ғалымдар ел алдына өздері шығып, өз саласы бойынша дұрыс жолды нұсқамай, біз дұрыс мемлекет болмаймыз. Қоғамды шенеуніктер де, депутаттар да, спортшы, әншілер де түзетпейді. Ғалымдарға еркіндік, мүмкіндік берілуі керек. Сол білікті, шынайы ғалымдар ғана мынау қоғамды түзейді. Ендеше Қазақ елінің болашағы ұлтқа, жерге жаны ашитын ғалымдарға, оны жүзеге асыратын іскер кәсіпкерлер мен кәсіпорындарға байланысты. Ғалымдар, ғылыми мекемелер саясаттың сойылын соғып, биліктің ығына жығылмай, керісінше билік ізгі ғалымға, ізгі ғылымға жүгінгені жөн, оларға қажетінше жағдай жасалуы тиіс. Білім ордалары саяси алаңға, сайлау өткізетін орындарға айналмауы керек. Идеология ұлттың дүниетанымына сай жүргізіліп, бұқараға қызмет етуі қажет. Біз өзіміздің бар мүмкіндігімізді тиімді пайдаланбай, шетелдің ескі технологиясымен, көшірме идеологиямен алысқа ұзамаймыз.
PS: Біздің заңдар орыс тілінде жазылады, қазақшасы түсініксіздеу. Сайлауларымыз әділетсіз өтеді. Өңірді, қаланы көктемде су басады, жазда су жетпейді. Жолдарды жауын-шашында су алып кетеді. Құрылыс та кейде стандартқа сай салына бермейді. Біздің мықты ғалымдар, білікті мамандар қайда қалды, сонда?
Жаңабек НАР,
«Temirtau tynysy»