Татулық пен келісім жолында

Теміртауда бүгінде жүзге жуық ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың барлығы дерлік қаланың және мемлекеттің өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып келеді. Әсіресе, татулық пен келісімді нығайтуда этномәдени бірлестіктердің үлесі зор. Сондықтан, осы бірлестіктерге қала әкімінің сыйлығы табысталды.

Бүгінде Теміртау қаласы аумағында тоғыз этномәдени бірлестік пен қазақ мәдени орталығы жұмыс істеп тұр. Әкім сыйлығы тағайындалардан бұл орталық өкілдері өздерінің апталықтарын ұйымдастырып, қала тұрғындары мен қонақтарына мәдениеттері мен асханаларын таныстырған болатын. Әрі этномәдени бірлестік өкілдері қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, бейбітшілікті насихаттауға да сүбелі үлестерін қосып келеді.
– Біздің орталық 1995 жылы құрылған. Ұзақ уақыт бізде өз орталығымыз болмады, бірнеше жыл бұрын бізге Достық үйінен орын берді. Біз оны сүйіспеншілікпен безендірдік. Орталықтың мүшелері облыстың барлық мәдени іс-шараларына қатысады, бізде үш топ вокал, хореография жұмыс істейді.Жастармен, оқушылармен жиі кездесулер өткіземіз. Біз оларға өз салт – дәстүрлеріміз туралы, сондай-ақ елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтаудың маңыздылығы туралы айтамыз, – дейді «Понтос» грек мәдени орталығының төрағасы Деспина Касапиди. – Әкім сыйлығы біз үшін үлкен көмек. Өйткені, біз коммерциялық емес ұйымбыз. Қалаларды жиі аралаймыз, сондықтан жаңа қойылымдар үшін костюмдер қажет. Мұның бәрі қаржылық шығындарды талап етеді. Бізге көңіл бөлгені үшін қуаныштымыз және одан әрі жемісті жұмыс істеуге дайынбыз.
Айта кету керек, этномәдени бірлестіктерді ынталандыру және оларды дамытуға қолдау көрсетуге бағытталған әкім сыйлығын табыстау дәстүрге айналғанды. Әйтсе де, былтыр бұл сыйлық берілмеген. Үзілген іс биыл қайта жалғасын тауып, әр ұжымға 300 мың теңгеден табысталды.
— Әрине, бұл сыйлық біздің ұжым үшін өте маңызды. Бірлестіктердің көпшілігі осы күнге өз күштерімен жетті. Қиын кезеңдерді де бастан өткердік. Отыратын орын таппай, әркім әр бұрышта жүрген шақтарды да өткергенбіз. Қазір барлығымыз бір үйдің баласындай болып кеттік. Этномәдени бірлестік өкілдері жастарға ұлттық мәдениеттерін үйретіп, олардың адам болып қалыптасуына еңбек етуде. Сонымен қатар, қазақ тілін үйреніп, қазақ халқының мәдениетімен де танысады, — дейді Этномәдени бірлестіктер төрағасы Әлішер Жақыпбеков.
Әкім сыйлығын табыстауға арналған салтанатты іс-шарада этномәдени бірлестік мүшелері өнерлерін көрсетіп және қолөнер шеберлерінің арнайы көрмесі ұйымдастырылған.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз