Наталья ШЕВЧЕНКО: «Үміткелердің барлығына бірдей жағдай жасалады»
Елімізде аса ауқымды саяси жаңғыртулар жүріп жатыр. Соның бір мысалы ретінде, 19 наурызда өтетін Парламент Мәжілісінің, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлауды атап айтуға болады. Биылғы сайлау бұрынғыдан бөлек. Халық талабы мен Президент реформасының нәтижесінде мажоритарлық сайлау жүйесіне қайта оралып отырмыз. Қазір кандидаттар үгіт-насихат науқанын қызу жүргізіп жатыр. Осы орайда, Теміртау қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Наталья Александровна ШЕВЧЕНКОМЕН сұхбаттасып, сайлау туралы өзекті сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
– Наталья Алексадровна, сөз басын сайлау тәртібіндегі өзгерістерден бастасақ. Биыл ел партияларға да, бірмамандатты жүйе бойынша өзін-өзі ұсынушыларға да дауыс береді. Осы жайлы кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Бір мандатты жүйе арқылы дауыс беру біз үшін таңсық дүние емес. Бұған дейінде елімізде бұл тәжірибе қолданылған. Тіпті, күні кешеге дейін облыстық және жергілікті мәслихат депутаттары бір мандатты жүйе бойынша сайланып келді. 2021 жылы мәслихат депутаттары алғаш рет партиялық тізім бойынша сайланған еді. Биыл бір мандаттық жүйеге қайта оралдық. Өйткені, пропорцианалды жүйе партиялар арасындағы саяси бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік берсе де, депутат пен халық арасын алшақтатып жібергендей болды. Халық бұрынғы тәртіпті құп көріп, бір мандаттық жүйеге оралуды қалаған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси реформалардың басым бағыттарының бірі ретінде сайлау заңнамасын өзгерту болатынын айтты. Ата заңға енген өзгеріс пен реформалардың нәтижесінде, енді енді Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау екі жолмен жүзеге асырылатын болды. Алғашқысы – пропорционалдық, яғни партиялық тізіммен сайлау болса, екіншісі – мажоритарлық, яғни бірмандатты жүйе. Парламенттің төменгі палатасының 30 пайызы осы бірмандатты жүйе арқылы таңдалады. Өзге орындар саяси партиялардың еншісінде. Ал облыстық мәслихат депутаттары 50/50 пайызбен сайланса, қалалық мәслихат толықтай өз-өздерін ұсынған азаматтардан құралады. Иә, қалалық мәслихат депутаттығына ұсынылып жатқан азаматтардың арасында саяси партияның мүшелері де бар. Қолданыстағы заң нормалары бұған шектеу қоймайды.
– Сайлау туралы заң нормасына өзгеріс енгізілгелі көп бола қойған жоқ. Жаңа жүйеде кандидаттар мен комиссия мүшелеріне жаңа талаптар қойылып отыр. Ал, сайлау комиссиясының биылғы саяси науқанға дайын ба? Олардың біліктілігін арттыру бағытында қандай шаралар қабылданды?
– Әрине, біз бұл мәселені бірден назарға алғанбыз. Өйткені, сайлаудың заң шеңберінде өтуі ең алдымен комиссия мүшелерінің біліктілігіне тікелей байланысты. Олар осы науқанның барлық ауыртпашылығын арқалап келеді деп айтсақ, артық айтқанымыз емес. Депутат болуға ниет білдірген жандардың құжаттарын қабылдап, кандидат ретінде тіркеуді де сайлау комиссиясының мүшелері жүзеге асырды. Бұл ретте барлығы заң шеңберінде болып, қандай да бір шикіліктер шықпауы керек. Сондықтан біз барлық округтегі комиссия мүшелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, орталық сайлау комиссиясынан, облыстан келіп түскен материалдарды, әдістемелік нұсқаулықтарды ұсындық. Былайға уақытта да олардың заң талаптарын сақтауын назарда ұстап отырмыз. Осы уақытқа дейін округтік сайлау комиссияларымен бірге 4 оқу-семинарын өткіздік.
– Теміртауда қаласында неше сайлау округі құрылды және қалалық мәслихат депутаты атануға қанша адам үмітті?
– Біздің қаламызда 17 сайлау округі бар. Сәйкесінше, осы сайлауда 17 азамат қалалық мәслихат депутатының мандатын иеленеді. Дәл қазір қалалық мәслихат депутаты атануға 80 адам үмітті. Сайлау науқаны басталған кезеңде 85 адамнан өтінім келіп түскен. Бір азамат құжаттарын тапсырмастан, бірден сайлауға түсуден бас тартты. Ал, үшін адам кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін өз еріктерімен құжаттарын кері қайтарып алған болатын. Тағы бір адам үгіт-насихат науқанына бірнеше күн қалғанда сайлауға қатысудан бас тартты. Сайлауға қатысып жатқан кандидаттардың барлығы мемлекеттік кірістер басқармасына декларация тапсырды. Қазір бұл бойынша тексеру жұмыстары жасалып жатыр. Егер олар қандай да бір кемшіліктерді анықтаса, заң талаптарына сай кандидат сайлаудан шеттетіледі.
– Қазір сайлауалды үгіт-насихат науқаны жүріп жатыр ғой. Осы аралықта құжаттары дұрыс болмағандықтан додадан шығып қалған кандидаттар не істейді? Оларға үгіт-насихат жасау үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлініп қойды емес пе?
–Иә, заң бойынша, барлық кандидатқа тең дәрежеде жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан мемлекет қалалық мәслихатқа түсіп жатқан кандидаттардың барлығына үгіт-насихат науқанында жұмсау үшін 350 мың теңге көлемінде қаражат бөлді. Оның 50 мың теңгесі жол шығындарына арналса, 100 мың теңгесі агитациялық плакаттар, үнпарақтар басып шығаруға бағытталған. Ал қалған 200 мың теңге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге жұмсалуы тиіс. Егер кандидат қандай да бір себептерге байланысты сайлаудан шығып қалатын болса, бұл қаражат республикалық бюджетке қайтарылады.
–Тағы бір маңызды сауал – үгіт-насихат науқанында кандидаттарға не істеуге болады және болмайды? Осыған тоқталып өтсеңіз…
– Бір ауыз сөзбен айтқанда, депутат болуға үміткер азаматтар «Сайлау туралы»Заңда көрсетілген талаптарды қатаң сақтауы керек. Кандидаттарға заң шеңберінен тыс ешқандай талап қойылмайды. Біз өз кезегімізде депутаттыққа үміткер ретінде тіркеуден өткен азаматтардың барлығына қолымыздан келгенше түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Былайғы уақытта да олар, қандай да бір сауал туындай қалған жағдайда, өздерінің сайлау округтерінен қажет кеңестерін алып отыр. Биылғы сайлау жаңаша сипатта өтіп жатқандықтан, қойылар сұрақ та көп. Барлығына мүмкіндігінше көмек көрсетіп, заңды түсіндіріп жатырмыз. Мәселен, үгіт-насихат науқанына арналған үнпарақтарды, плакаттарды шығарған кезде оның таралымы, орындаған ұйымның атауы, қаражаты қандай бюджеттен төленді және тапсырыс берген кім екені жазылуы керек. Сол сияқты бұқаралық ақпарат құралдарына материал жарияласа да, оның бәрі заң талаптары шеңберінде жүзеге асырылуы тиіс. Егер заңды өрескел бұзған азаматтар анықталса, олардың кандидатурасы сайлау тізімінен алынады. Тағы бір ескере кететін дүние – үміткерлер республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттан тыс өз ақшалары арқылы да үгіт-насихат жүргізе алады. Ол үшін екінші деңгейлі банктен арнайы есепшот ашылуы тиіс. Сонымен қатар кандидаттарға шетелдік ұйымдардан ақша алуға, сайлау науқаны кезінде олардың қолдауы мен көмегіне жүгінуге тыйым салынады. Өйткені бұл– Қазақстанның ішкі ісі. Оған сырт мемлекеттен ешқандай ұйым араласпауы тиіс.
– Соңғы сауал– қаламызда кандидаттарға үгіт-насихат парақшаларын ілуге арнайы орындар бөлінді ме? Олардың халықпен кездесіп, бұқараның талап-арызын тыңдауына қандай жағдай жасалды?
– Теміртау қаласы бойынша кандидаттардың үгіт-насихат парақшаларын ілуге арнайы белгіленген орындар бар. Одан басқа жерлерге ілетін болса, онда сол нысанның меншік иесін тауып, келісімге отыруы тиіс. Қалаған жеріме жарнама парақшаларын жабыстырып кете беремін деген болмайды. Егер азамат рұқсат алмай, көңілі қалаған жерге агитациялық парақшаларды ілетін болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Егер мұндай әрекеттер тағы да қайталанатын болса, онда Ішкі істер басқармасы прокуратураға шағымдана алады. Мұның соңы үмтікердің сайлаудан шеттетілуіне дейін алып келуі мүмкін. Әзірге бізде ондай келеңсіз жағдайлар тіркеле қойған жоқ. Кандидаттарымыздың барлығы зиялы, көзі ашық азаматтар. Бәріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қала әкімдігінің қаулысы бойынша бірнеше жер ресми түрде агитациялық парақшаларға арналған орын ретінде белгіленді. Ол туралы да үміткерлерге ақпарат берілді. Сонымен қатар, сайлаушылармен кездесу орындары да белгіленген. Барлық жұмыстар сайлау заңнамасының шеңберінде жүзеге асуы керек. Заң барлық кандидатқа тең дәрежеде мүмкіндік ұсынады. Біреуді бөле жарып, алалауға жол берілмейді.
– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін рақмет.
Әңгімелескен: Нұрмұхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз