«Репетитор» жұмысын бастады
Қарағанды облысында «Репетитор» пилоттық жобасы іске қосылды. Енді ауыл мектептері түлектері, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балалар, сондай-ақ балалар үйінің тәрбиеленушілері онлайн курстар арқылы ҰБТ-ға тегін дайындалады. Бұл – түлектерге жоғары оқу орындарына түсуге және еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіпті меңгеруге септігін тигізеді.
Білім берудің қолжетімділігі мен сапасы Қоғамдық кеңес отырысында талқыға салынды. Жиынға өңір басшысы Жеңіс Қасымбек қатысты.
Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың баяндамасынан кейін басқосу ашық микрофон форматында жалғасын тапты. Кеңес мүшелері сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Балалардың қауіпсіздігі, суицидтің алдын алу, инклюзивті ортаны дамыту және балалар үйі тәрбиеленушілерінің болашағы сынды маңызды мәселелер көтерілді.
– Мен балалар үйіне жиі барып, олармен жақын сөйлесуге тырысамын. Көбі ақылды, талантты, бірнеше тілді меңгерген. Бірақ болашағы туралы сұрай қалсаң, қысылып-қымтырыла бастайды. Сондықтан біз оларға мамандық таңдауда бағыт-бағдар беріп, жоғары оқу орнына түсу үшін қолдау көрсетуіміз қажет. Өткен жылы айтишниктер тобы ауыл мектептерінің жүзге жуық түлегін ҰБТ-ға тегін дайындады. Осы мәселені талқылай келе аудиториямызды кеңейтіп, бюджеттен қаражат ауыстырдық, – деді Жеңіс Қасымбек.
Өңірде оқушылар мен педагогтер үшін басқа да жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, үздік мектептер өздерінің жетістік формуласы мен тәжірибелерін басқа да әріптестерімен бөліседі. Сынып жетекшілері үшін кәсіби өсу мектебі ұйымдастырылуда. Мұғалімдерді оқыту үшін психологтер, жаттықтырушылар мен медиаторлар шақырылады. Ауыл мектептерінде «Қала – ауыл», сырттай «Жас математик», «Виртуалды мектеп» жобалары іске қосылған.
Облыс әкімі қоғамдық кеңеспен тығыз жұмыс істеуді жалғастыратынын атап өтті.
Ақзия Оразалиева
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз