Сәлем беру – кiшiлiктiң емес, кiсiлiктiң белгiсi
Ата-бабаларымыз “Сәлем беру – кiшiлiктiң емес, кiсiлiктiң белгiсi” деп балаға тәрбиенің ес білгеннен сәлем сөзбен үйреткен. Ал бізді жаратқан Жаратушы Иеміздің «әсСәләм» деген есімі бар екенін назарға алсақ, қазақ тәрбиенің өзегін ислам дінінен алып, оны әдеттегі дәстүрге айналдырған. Осыдан салт пен дәстүрдің ислам дінімен ұштасып жатқанынан куә боламыз.
Қасиетті Құранда мынадай әдемі аят бар: «Егер сендерге біреу амандасса, сәлемін одан да асыра не дәл солай қабыл алыңыздар», — деген мағынада. («Ниса» сүресі, 86 аят) Ал, ардақты Елшінің (с.ғ.с.) хадистерінің мəтіндерінде сәлем жайлы: «Сендер толық иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар, бір-бірлеріңді сүймейінше толық иман келтірген болып саналмайсыңдар. Өзара сүйіспеншілікті арттыруға септігі тиетін нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесуді жайыңдар!», — деген болатын.
Сәлем беруге қатысты көптеген хадистер бар, қазақ дәстүрі бойынша өзіндік әдептері бар. Олардың бәрін тізіп жатпай, сәлем берудегі ең үлкен дүниені айтқымыз келеді. Көптеген кітаптарда Алла Тағала қиямет қайым болып, адамдардың сұрауы аяқталып, жәннатқа кіргенде өзінің сүйікті құлдарымен «Әссәләм» деп амандасады екен және Өзінің нұрлы жүзін көрсетеді екен. Бұл деген енді әркімге бұйыра бермейтін бақ. Алланың Өзі сәлем беретін болса, біздер сәлемнің құндылығын түсініп, оған жауапкершілікпен қарағанымыз жөн болар. Сәлем сөзін дұрыстап айтып, ықыласты түрде дыбыстаған да дұрыс.
Дәстүрімізге сіңіп кеткен әдептердің кейбірін атап өтсек, сәлемдесу әдебінің өзіндік ерекшеліктері немесе ережелерін көреміз:
- Жасы кіші адам міндетті түрде үлкендерге бірінші болып амандасады.
- Сырқат адамға сау кісі бірінші амандасады.
- Атта отырған адам жаяу адамға бірінші сәлем береді.
- Көпшілікке ат үстінде отырып амандасуға болмайды. Аттан түсіп сәлемдесу керек. Бүгінгі таңда ат орнына автокөлік немесе велосипед те кіреді.
- Алғашқы кездесу барысында ер адамдар қол алысып қана амандасса, қыздардың бас изегені дұрыс.
- Сәлемдескенде орнынан тұрып, ізет білдіру – сыпайылықтың белгісі.
Осы секілді сәлемдесудің салтын біліп алғанның артықшылығы жоқ. Сәлемдесу өткінші емес, өмірлік әдеп.
Ал бұл туралы дінімізде жеткен хадистерді келтірсек, біздің дәстүріміз тек исламнан туғанына куә боламыз. Әбу Һурайра(р.а): Алла Елшісі (с.ғ.с): «Көліктегі адам жаяу адамға, жаяу адам отырған адамға, қатарында кісі саны аз топ өздерінен әлдеқайда қарасы мол топқа бірінші болып сәлем береді», — деген сөзін жеткізеді. Имам Бұхаридың риуаятында: «Жасы кіші болған жасы үлкенге сәлем береді», — делінген.
Бір риуаятта Расулаллаһтың (с.ғ.с) былай бұйырғаны айтылған: Бір мұсылман басқа бір мұсылман бауырына сәлем берген кезде сәлем берілген кісі сәлемге қарсы жауап беретін болса, періштелер ол үшін жетпіс рет салауат оқиды. Егер сәлем берілген кісі сәлемге қарсы жауап бермейтін болса, сәлем бергеннің қиыншылығы оның үстіне жүктеледі, бұдан басқа періштелер оған жетпіс рет лағнет айтады».
«Сәлем сөздің атасы» деп қазақ бабамыз бекер айтпаған. Сәлемі түзудің амалы түзу болмақ, үлкеннен батасын алып, өмірі мәнді болмақ. Бір сәлемнің өзі тәлім тәрбиеге, рухани құндылықтарды сақтауға үлкен септігін тигізеді. Сондықтан да баланыс жастайынан сәлеммен қарсы алып, дұғамен қоштасатын дәрежеде тәрбиелеу маңызды. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізеттілік таныту да қазақ атамыздың Алланың дінін ұстанып, пайғамбардың с.а.с. сүннетіне амал етуінен деп білеміз.
Алла Тағалам баршамыздың ықыласты түрде сәлемдесіп, бір бірімізге амандық, саулық тілеп жақсы ниетпен өмір сүруімізді нәсіп еткей!
Нуров Махмудқажы Нурұлы
«Бала қажы» мешітінің бас имамы
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз