Сана түзелмей жемқорлық жойылмайды

Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына үлкен қауіп төндіретін жемқорлық қоғамның өзекті мәселелерінің бірі болып қалып отыр. Заңдарды қатайту, айыппұлдарды арттыру және жазаны күшейту шаралары қабылданғанымен, бұл құбылыс әлі де толық жойылмаған. Осы орайда, жемқорлықты жеңудің ең тиімді жолы – қоғамның санасын өзгерту екенін түсінуіміз қажет.

Жемқорлықты жою жолында басты кедергі – ол жай ғана заңды бұзушылық емес, халықтың санасында терең тамыр жайған моральдық құндылықтардың бұзылуы. Қоғамда пара алу мен беру қалыпты жағдай ретінде қабылданып, бұл мәселе күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған кезде, заңдар қанша қатал болса да, оны жою мүмкін болмайды. Сондықтан, жемқорлықпен күрес сана өзгерісінен басталуы тиіс.
Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру ең алдымен отбасынан басталуы қажет. Ата-ана баласына адалдық пен әділдікті, өз еңбегімен табысқа жетуді үйретуі керек. Мектептер мен университеттерде академиялық адалдыққа баса назар аударылып, сыбайлас жемқорлықтың зияндығы туралы ақпарат кеңінен таратылуы тиіс. Жастардың санасына парақорлықтың қоғамға зиян екенін сіңіріп, оның елдің дамуына кедергі келтіретінін түсіндіру маңызды.
Әрине, сана өзгерісінің маңызды екеніне қарамастан, заңның да рөлі өте зор. Бірақ, заңның тиімділігі тек оны орындауға дайын қоғамда ғана көрінеді. Жемқорлыққа қарсы күресте тек заңдардың қаталдығы ғана емес, сонымен қатар, оларды әділ орындау да маңызды. Заң алдында бәрі бірдей жауапты болуы тиіс. Жемқорлыққа қатысты істерде ешкімге жеңілдік жасалмауы керек.
Жемқорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әрбір азамат өзінің ар-намысы мен адалдық қағидаларын сақтап, жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік танытуы қажет. Азаматтық қоғамның белсенділігі, бұқаралық ақпарат құралдарының адал қызметі, қоғамның бақылауы мен сыншыл көзқарасы – жемқорлыққа қарсы күресте маңызды құралдар.
Жемқорлықты жеңу үшін тек заңдар мен жазалау шараларына сеніп қана қоймай, қоғамның санасын өзгерту қажет. Бұл ұзақ және күрделі процесс болғанымен, оның нәтижелері айтарлықтай болмақ. Сана өзгерісі арқылы біз болашақ ұрпаққа адал, әділ, және парасыз қоғамды мұра етіп қалдыра аламыз. Жемқорлықпен күресте жеңіске жету тек заңнаманың күшімен емес, қоғамның бірлескен күш-жігерімен ғана мүмкін.

Нұрлыхан Қалқаманұлы,
Мақала Теміртау қаласы әкімдігі аппаратының тапсырысы бойынша «Халық арасында сыбайлас
жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы аясында дайындалды.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз