Санжар Керімбай – болмыс «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы таныстырылды
«Мен әлі де сол Санжардан алған энергия, қуатпен демалып жүрмін»
«Тап осындай кездесу кітап оқуға, ұлтжандылыққа бетбұрады. Санжар мырза мазмұндауға, өте шебер екен. Шабыт пен сөйлеу мәнері баурап алды, ютубтан тыңдаушы едім, көзбен көрген тіптен әсерлі, тағы келсе екен деп күтеміз».
«Санжар Керімбайдың әңгімесі ұнағаны соншалық, сол күні тамақ ішуді де ұмытып кетіппін».
23 сәуір – бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні Теміртауда үлкен бір мәдени-тарихи шара өтті. Мәдениет сарайында «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының таныстырылымын автор Санжар Керімбай өзі өткізді, жоғарыдағы жолдар осы кездесуден кейінгі көрермендердің жүрекжарды пікірлері.
Аты айтып тұрғандай кітаптың басты кейіпкері Өзбекәлі Жәнібеков Кеңес үкіметі кезінде Қазақстанда бірқатар үлкен қызмет атқарған қоғам қайраткері, замандастары оның Ресейге Эрмитажға алынған тайқазанды Яссауи кесенесіне қайтарғанын біледі, ұлтқа жанашырлығынан да хабардар. Дегенмен, дәл осы кітап арқылы ол азаматтың мемлекет құрудағы, ұлттық идеология жасаудағы жанқиярлық күресін бүге-шігесіне дейін біле алады. Кездесу кезінде автор 2 сағаттан аса сахынада аяғынан тік тұрып, арқалы әңгімесін слайд-бейнелермен бекемдеп, көрермен көңіліне ұлттық құндылық пен патриоттық сезімді берік ұялата алды.
«Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы менің қолыма кездесуден оншақты күн бұрын тиген еді. Мәселе былай болды. Бекболат бауырым ылғи жоқ іздегендей ұлыларды оқып, отырған жерде Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп туралы әңгімелеп жүреді. Санжар Керімбай туралы алғаш рет содан естіп, ютубтан қарап жүргенмін. Бірде ол маған Гүлмира жақсы ұлағатты іспен айналысып жүр, хабарласыңыз деп ой салды. Осылайша мен «Отбасы христоматиясы» сериясымен шығып жатқан тамаша қазынаны танып, білдім. Гүлмира Бекмағанбетова екеуміз Байқоңырданбыз, ол менің нағашымның қызы, жасы көп кіші, оның алдындағы Гүлнар апасымен құрбы едім, телефон шалып, Астанадағы Ұлттық кітапханада «Алқа» кітапқұмарлар клубына мүше, кітап талдау, насихаттау сияқты рухани іспен айналысып жүргенін білдім де Теміртаудаға да осындай шаралар қажет келіңдер деп бірден ұсыныс жасадым. Осылайша, қаламыздағы этномәдени орталық ардагерлер кеңесі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Руза Алдашева, қалалық «Теміртау тынысы» газетінің редакторы Нұрлыхан Қалқаманұлы бірауыздан қолдап, абройлы өткізді. Қатыса алмасам да «Өзбекәлі және мәдени майданды» Гүлмира өз қолымен сыйлап, осы жолы қалалық кітапхана қызметкері Таңсәулемен танысып, үлкен бір рухани ризалықпен аттанған болатын.
Міне осы сапарда теміртаулықтардың ыстық ықыласын сезінген «Алқа» клубының мүшелері шығарма авторын шақырып, таныстырылым өткізу жайында ойластырды.
Әрбір ұлы іс заманның талабынан туындайды дейді ғұламалар. Санжар Керімбай: «Адамға мәңгілік болмысқа айналу үшін жаратушыдан бір мүмкіндік беріледі, оның шарты – ар-намыс, қоғам, ұлт, құдай алдында адамдық борышты адал атқару, осыған көніп аманатты арқалап, қиын тағдырға саналы түрде кірген адамға ғана Алла мәңгілік болмысты сыйлайды екен, бұдан кейін адамның өзі өлсе де оның болмысы ұрпақтан-ұрпаққа оң әсер етіп, жасай береді» дейді. Міне қазіргі философияның көкесі осы. Енді осыдан келіп өмірі кейінгіге темірқазық болатын ұлы тұлғалардың болмысы ұрпақтың жүрегіне қалай от жағатынын түсінуге болады.
«Өзбекәлі және мәдени майданды» бір деммен оқып шықтым. Сюжеттері өте тартымды. Тілі қарапайым. Кәдімгі өзіміз өмір сүрген қарабайыр орта, бас кейіпкер Республика,облыс деңгейінде үлкен жауапты қызметте болсада, оның күнделікті тыныс-тіршілігі бүкіл ойы мен санасы, қамқорлығы, еңбек адамдарының ортасында себебі ол мәдени майданның жауынгері, ал жауынгер әрдайым сарбаздар сапында. Өзбекәлі қазақ халқына, тұрмысына, мәдениетіне, салт-дәстүріне қатысты оқиғалардың көшбастауында жүрген. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары қазақ балаларын, оның ішінде қыздарды да трактор жүргізу, шөп шабу, мал бағу сияқты қара жұмысқа жегу үрдісі жүріп жатты. Мектептен кейін 2 жыл ауылда мал бақпаған баланы оқуға қабылдамайтын. Бұл қазақты алға бастырмаудың бір сұрқия саясаты екен ғой. Турасын айтсақ, мәдени геноцид. Өктем ұлттың осы әдісіне бірінші болып қарсы шыққан Өзбекәлі Жәнібеков еді. Асанбай деген қойшының ауылына Республика Мәдениет министрі қызметінде жүрген ағамыздың жолы түседі. Айдалада бір қараша үй, жарық жоқ, газет-журнал келмейді. «Автоклуб келе ме?» деген сұраққа «Ол не?» деп таңырқайды. Нағыз қараңғы, қой соңындағы адам екен. Мұны көрген Мәдениет министрі Өзбекәлі шопанның үйін жөндетіп, жарық беретін движок алғызып, газет-журнал жеткізіп, концерт, кино көрсетіп, көшпелі монша апарғызып бүкіл жақсылықты жасайды. Әлгі шопан бұған таңғалады. Алматыда отырған министр айдаладағы шопанда несі бар-ей деп «Осындай министр болады екен-ау» деп таңдайын қаға беріпті. Міне ұлтты сүю, адамға қамқорлық осындай болса керек. Қазіргі министрлер жердің түбіндегі қойшының ауылы тұрсын, қарға аттам жердегі қалаға да келмейді ғой.
Кітапта Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттың барлық құндылығын тездетіп жинақтауға асыққан кездері керемет баяндалған. Ол кісі кабинетте көп отырмайды екен. Үнемі елді аралап жүреді. Сондай бір сапарда малшы үйінің итаяғына көзі түседі. Қарап тұрса кәдімгі бәлен ғасыр бұрын жасалған қолөнер туындысы. Ағаштан ойылған. Әлгі жерде облыстың хатшысы итаяқты алып, музейге қойғызады. Осылайша, ол көптеген тарихи жәдігерлерді жинастырып, Арқалықтан музей ашқан екен. Біреуден күміс кісе көріп, оның құнына қазіргі джиппен пара-пар «Москвич» беріп, сатып алмақшы болады. Бірақ иесі де әлгі заттың қадірін біледі. Ақыры музейге тапсырмайды.
Сәбет үкіметі келісімен тыйым салынған Наурыз мерекесі де Өзбекәлінің ұйғарымымен тойлана бастаған. Өткен ғасырдың 70 жылдары «Орыс қысын шығарып салу» деген атаумен тойланатын мереке де Торғай облысының хатшысы осылай аталған мерекенің мазмұнын қазақша наурызға келтіріп, жүзеге асырған екен.
Айта берсек, Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ халқының ұлттық құндылығын, салт-дәстүрін, тілі мен ділін қалпына келтіру бағытында атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Оның біразы осы аталған кітапта жеткізе баяндалған. Ұлтжанды азаматтың тұлғалық болмысын танып-білу үшін кітапты зерделеп, оқыған жөн.
Теміртау қаласындағы кездесуде Санжар Керімбай Өзбекәлі Жәнібеков және сол кісінің алдындағы қазақ халқына жанашыр Ғани Мұратбаев, Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров сияқты тұлғалар болмысын да тілге тиек етті. Жұртшылық үлкен ықыласпен тыңдады. Жайшылықта жақсы концерттің өзінде кіріп-шығып жататын көрермендер 2,5 сағат бойы ұшқан шыбынның ызыңы естілетін тыныштықта отырып, ықыласпен тыңдады. Мұндай кездесу қаламызда көптен болмаған еді. Бұл ұлағатты жүздесуді ақын Таңсәуле Әгенқызы, депутат Оралбек Шамшиев бастаған «1ge» қоғамдық бірлестігінің азаматтары ұйымдастырған. Кездесу соңында қаладағы Этномәдени орталық жетекшісі Әлішер Жақыпбеков жиналғандар атынан алғысын білдіріп, ескерткіш сыйлық тапсырды, Әбдірахман ақсақал бата берді.
Серікгүл АЛТАЙБАЕВА,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз