Швецияда тағы да Құран өртелді
Швецияда парламент ғимаратына жақын жерде Құран кітабы өртелді. Оны ұйымдастырған – Ирак мигранттары Салван Момика мен Салван Наджем. Алауыздық тудыруға қатысты осыған ұқсас манифестация өткізгені үшін олардың үстінен қылмыстық іс бұған дейін қозғалған болатын – екеуі Құран парақтарын жаққан еді. ҚазАқпарат бұл туралы Анадолыға сілтеме жасап хабарлайды.
Парламент алдындағы алаңға 50-ге жуық адам жиналды. Олардың дені журналистер болды. Момика мен Наджем қасиетті кітапті теуіп, кейін орта тұсындағы беттерін өртеді.
ВВС мәліметінше, Дания мен Швеция үкіметтері сөз және пікір еркіндігі принциптерін бұзбай, Құран мен өзге де діни мәтіндерді көпшілік алдында жағу акцияларына қалайша тыйым салуға болатынын ойластырып жатыр. Кейінгі уақытта осындай акциялар аталған елдерге айтарлықтай проблема туындатқан еді.
Еске салайық, биылғы маусым айының соңында Швеция астанасында Құран кітабы кезекті рет өртелген болатын.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елде Құранды өртеу актілеріне қатысты пікір білдіріп, мұндай оқиғалар жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиістігін атап өтті.
БҰҰ Бас Ассамблеясы қасиетті кітаптарды қорлауға қатысты кез келген актілерді айыптайтын және мұндай әрекеттерді халықаралық құқық нормаларын бұзу деп танитын қаулы қабылдады.
Кейін Еуропа одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель сәрсенбі күні мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранның өртелуіне қатысты мәлімдеме жасады.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз