Теміртауда «Энергетиктер» мәдениет үйі жөнделетін болды  

Ескі қалада орналасқан «Энергетиктер» мәдениет үйі жөнделеді. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстарының жобасын әзірлеу жұмыстары қолға алынуда. Болжам бойынша ол 7 айға дейін созылуы мүмкін. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз алаңында өткен брифингте «Теміртау қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұржас Жәкітай мәлімдеді.

«Қаламызда маңызды сұрақтардың бірі Ескі қаладағы «Энергетиктер» мәдениет сарайын сақтап қалу. Осы орайда 2023 жылы қала бюджетіне «Энергетиктер» МҮ қайта жаңғырту жобасына 82 000,0 мың тенге қаражат бөлінді. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі бойынша Астана қаласынан «Ғимарат Горпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталды. Қазіргі уақытта жобалау жұмыстары жүргізілуде», — дейді бөлім басшысы.

Бұған дейін «Энергетиктер» мәдениет сарайының қалпына келтіру мүмкін еместігі туралы ақпарат тараған болатын. Өйткені, осы істі қолға алған жобалаушылар ғимараттың әбден тозғанын айтып, жоба әзірлеуден бас тартқан.

  • Ғимарат ұзақ жыл қараусыз тұрып, тозып кетті. Тозу деңгейі кей жерлерде 40 пайыз, кей тұстары 80, тіпті 100 пайыз тозған. Шатыры жоқ. Сатылары опырылып кеткен. Бірақ, астаналық жобалаушылар ғимаратты толық тексеріп шыққан соң, қабырғаларының басым дені мықты екенін аңғарды. Яғни, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бар. Кей тұстарын қосымша бекіту қажет болады, — дейді Нұржас Жәкітай.

Бөлім басшысының айтуныша, жоба әзірлеуші компанияның тәжірибесі мол. Бұған дейін еліміздің түрлі өңірлерінде құлаудың алдында тұрған ғимараттарды қалпына келтіруге атсалысқан. «Энергетиктер» мәдениет сарайын қалпына келтіру барысында да оның бірегей архитектуралық стилін сақтауға баса мән беріледі.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз